ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ
1959 жылдың жайдары жазында арман қуған бір топ жас сол кезде облыстағы бірден-бір жоғары білім ордасы – институтқа келіп оқуға түсті. Оның үстіне тап сол жылы институтта тарих-филология факультеті тұңғыш рет ашылған болатын. Бойларын білімге деген құштарлық билеген жастардың көпшілігі ауылдық жерден мектеп бітіріп келген түлектер еді. Әсіресе, Тұрсын Біләлов, Айбосын Елеусінов, Бекес Қосынбаев, Көпжасар Оспағамбетов, Жолдас Қидасов, Сәкен Бозаев, Генадий Әйімбетов, Амангелді Жылқышиев, тағы басқалары оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да өзгелерге үлгі боларлықтай жастар болатын.
Ұстаздары да бұларға дәуір талабы мен заман лебін сезіндіріп, саналарына білім нәрін құюдан жалықпайтын. Олар: С.Қожыбаев, Д.Баяндиев, С.Жақыпбеков, Қ.Сыдықов, Х.Табылдиев сынды білікті ұстаздар-тұғын.
— Сол кездегі бүкіл студент жақсы оқыды деуге келетін. Соның ішінде біздің тобымыз ерекшелеу еді. Сонымен қатар, институттың төрт қабырғасымен шектеліп қана қою таңдаған ісіңнің жан-жақты жетілген маманы болып шығуға тым жеткіліксіз екенін ілгерілеген сайын сезіне түскендейміз. Осы мақсатта ұстаздарымыздың көмегімен әртүрлі тақырыптарда пікірталастар, сұрақ-жауап кештерін өткізуді дағдыға айналдырғанымыз әлі есімізде. Тәлім-тәрбиелігі мол кездесулер де аз болмайтын. Қазақтың ақын-жазушыларымен болған жүздесулер әрқайсысы сыр толғамымен, айрықша тақырыптық толғауымен ой-санада терең із қалдырды. Осындай ұлағат үлгілері біздің өмірге деген көзқарасымызды кеңейте, рухани жағынан қуаттана түсуімізге үлкен ықпал етті. Ол жылдар әлі күнге көз алдымызда. Санамыздан ешқашан өшпек емес,-дейді жарты ғасырдан соң жүздесуші түлектердің бірі Қабази Құбашұлы ағамыз.
Сол жылдары ашылған «Жас қанат» атты әдебиет үйірмесі де кейіннен үлкен әдеби бірлестікке айналып, одан талай жас ақын, жазушылар қанат қақты, олардың біразы бүкіл республикаға танымал болды. Бұған да кезінде белгілі әдебиетші-ғалымдар Қабиболла Сыдықов, Ермек Өтебаев, ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтер көп еңбек сіңірді.
Сондай-ақ, бұл орта жастардың ғылыми тұрғыдан да ізденіп, мұрағатпен жұмыс істей білуіне, баяндамалар жасауға дағдылануына үлкен ықпалын тигізеді. Нәтижесінде үш студент 1963 жылы Фрунзе қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-теориялық конференциясына қатысып, жұмыстары жоғары бағаланып, арнайы дипломдармен оралған еді.
Сол студенттік жылдар да сынаптай жылжып өтіп, бес жыл оқып, тәлім-тәрбие алған студенттік шақтың соңғы сәттері де келіп жетеді. Мемлекеттік сынақты тапсырып біткенде жай ғана өткелден емес, бәрі де биік бір асудан өткендей әсерде болды. Кеуделерін қуаныш пен асыл арман кернеген түлектер білім ордаларымен қимай қоштасып, қалаған мамандықтары бойынша жан-жаққа бет алады.
Сол түлектер бұл күнде республикамыздың шартарабында өмірдің сандаған саласында еңбек етіп жүр. Олардың барлығы бірдей ұстаз болып қана қойған жоқ. Әртүрлі дәрежеде білім, мәдениет салаларын басқарды. Бәрі де облысымыздың рухани өміріне белсене араласып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырды.
Содан бері жарты ғасыр уақыт өтіп, сол бір кезеңнің жалындаған жастары қария атанған шақтарында жиналып, бір-бірімен жүздесіп отыр. Қандай ғанибет десеңізші!
Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.
Cуреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.