Жарнама
Қоғам

ЖАРҚЫН БЕЙНЕ ЖАДЫМЫЗДА

 1925 жылы Атырау қаласында дүниеге келген ол қарапайым жұмысшы отбасында тәрбиеленді. Анасынан ерте айырылған Ахмет әкесі Қосымбайдың тәрбиесін көрді. Қатардағы жұмысшы бола жүріп, баласының бойына адалдық пен отансүйгіштікті сіңірген әкенің өнегелі өмір жолы ұрпағының да ғұмырлық азығы болды.

Неміс басқыншылары бейбіт елді жаулап, қиын-қыстау заман туған шақта мектепті енді бітірген Ахмет Қосымбайұлы еңбекке ерте араласып, Мақат аудандық өнеркәсіп өнімдері комбинатында есепші, кейін Доссор поселкесіндегі «Жібек» артелінде бас есепші болып қызмет атқарды. 

Бұл уақытта әкесі Қосымбай соғысқа аттанып кеткен-ді. 1943 жылы Ахмет Қосымбайұлы да аудандық әскери комиссариат арқылы шақырту алып, ұрыс даласына аттанды. Елі мен жерін жау қолынан азат ету жолында аянбай күресіп, бірнеше маңызды операциялардың бел ортасында болды, от пен оқтың ортасында қан кешті. №261 әуе қорғанысы атқыштар дивизиясында болып, Қиыр Шығыстағы Заполярьені қорғауға, Карелияны азат етуге атсалысты. Көрсеткен ерліктері үшін бірнеше мәрте медальдарға ие болды. Талай шаңырақты шайқалтқан сұм соғыс бұл отбасын да айналып өтпеді. 1945 жылы әкесі Украина майданында қаза тапты деген қаралы хабар елге жетті. 

Әскердегі қызметін 1950 жылы аға сержант шенінде аяқтаған А.Қарақұлов Гурьев қалалық, облыстық партия, кеңес аппараттарында абыройлы еңбек етті. 1965 жылдан бастап балық шаруашылығы саласына ден қойып, балық қорының сақталуына елеулі үлес қосты. Көп жылдар бойы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымына мүше болып, жастар тәрбиесіне де үлес қосқаны көптің жадында. Қашан да туралық пен әділдікті ту қылған Ахмет Қосымбайұлы патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштікке баулитын шараларға мұрындық болып, шебер ұйымдастырушы ретінде де замандастарының есінде қалды. Оның жарқын бейнесі, абзалдығы мен азаматтығы мәңгі жадымызда сақталады.

Әліпқали БЕКЕШ,

Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button