Жарнама
Қоғам

ЖАПОН ЕЛШІСІ – ҚАЗАҚ ТОЙЫНДА

Масаеси Камохара – Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Ал, ұзатылып отырған өзіміздің Динара қызымыз соның көмекшісі ретінде күнделікті жұмыс кестесін белгілеп береді. Жапон тілінде жатық сөйлейді. Елшінің әр күні есептеулі. Өзі келген тұтас мемлекеттің осындағы өкілі болғандықтан Астанада жоғары деңгейдегі кездесулерге қатысады, адамдарды қабылдайды, лауазымды тұлғалармен жүздеседі. Міне, соның бәрінен сәл уақыт тауып, Астанадан Атырауға арнайы келудегі мақсаты – қазақтың қыз ұзату дәстүрін тамашалау. Онысын жасырмай, ашық айтты.

Ұшақтан түсіп, үйге кірген соң үлкендермен қол алысып амандасып, жайылған көрпеге қатарласа малдасын құрып отырған елші амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

— Қазақстанда қызмет істей бастағаныма біраз уақыт болды, — деді орыс тілінде, – содан бері қазақтың салт-дәстүрін білуге деген құштарлығым басылған емес. Міне, осы тойға да әйелім Джонкомен және елшіліктің бір топ жас қызметкерлерімен бірге келдім. Бұған дейін қыз ұзату тойында болып көргенім жоқ. Қалай өтер екен? Бізден нендей айырмашылығы бар екен? Соны білгім келеді.

Осылай әңгімелесіп отырғанымызда сырттан құдалардың келгендігі туралы хабар жетті. Оларды қарсы алуға көтерілген бізбен бірге жапондық елшілер де тысқа шықты. Құшақ жайып көрісу, шашу шашысу секілді салтымызға қызыға қарап, құдалармен де емен-жарқын амандасып жатты.

Жалпы, Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Күншығыс елінің біздің экономикамызға салып жатқан инвестиция көлемі де айтарлықтай. Дүние жүзінде үдемелі үрдіспен дамуы жөнінен алдыңғы үштіктен тұрақты табылатын Жапония әлем нарығын өзінің жоғары сапалы көліктерімен, озат техникасымен, озық технологиясымен жаулап алған. Тіпті, кейбір мемлекеттер өз елінде еркін сатылып жатқан жапондық тауарларға тойтарыс беру үшін экономикалық одақ құруға мәжбүр болды. Бірақ, тұтынушылар бәрібір күншығыс елінің өнімдерін көбірек пайдаланады.

Қазақстан тәрізді Жапония да ядролық жарылыстардан зардап шекті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде екі қаласына тасталған атом бомбасының зардабы әлі толық жойылған жоқ. Сондықтан, жапондықтар жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту жөніндегі Қазақ елі басшысының бастамасын қызу қолдайды. Алдымыздағы 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне де Жапон елінің белсене қатысатындығын айтады. Мұндай шара өздеріндегі Осака қаласында сонау 1970 жылы ұйымдастырылған екен.

Елшінің әйелі Джонко Камохара да орысша сөйлей алады. Өзінің салтын сақтап, ұлттық киімін киіпті. Соны көрген кейбір қазақ әйелдері камзолдарын ала келмегеніне өкінісіп жатты. Ал, сол киімдерін күнделікті киіп жүрсе қайтер еді? Жарасымды емес пе?

Осы тойдың тағы бір тамашасы – жапон қызы Марико Цунокакенің қазақ тілінде таза сөйлеуі. Турасын айтқанда, оны бастапқыда Жапон елшісінің аудармашысы болып жұмыс жасап жүрген өзіміздің қазақ қызы болар дегенбіз. Сөйтсек, елшіліктің үшінші хатшысы, дипломат екен. Қазақ тілінде сайрап тұрғанына таңғалысымызды жасыра алмадық. Ау, өзіміздің қазақты қазақ тілінде сөйлете алмай жүрген жоқпыз ба? Елбасы әрбір қазақтың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі керектігін қанша айтқанымен, әлі күнге орысша шүлдірлесеміз. Ал, қиырдан келген жапон қызы сайрап тұр.

«Қазақ тілін үйрену қиын болған шығар» дейміз ғой сөз арасында. «Арнайы курс оқыдым, бастапқы екі айда қиналдым, кейін алып кеттім» дейді күлімсіреп. Соңынан білсек, небәрі тоғыз айда қазақша толық үйреніп шығыпты. Сөйлеуі өз алдына, қазақша еш қатесіз жаза да біледі. Отырыс үстінде елшінің толық аты-жөні мен лауазымын жазып беруін өтінгенбіз, қағазға еш қиналмастан қазақ әрпімен түсірді. Қазақ жастарының ішінде орысша оқығанын сылтауратып, орыс тілінде жазатындар аз ба? Ау, қос тілді де еркін меңгерсе, артықтық ете ме? «Тіл үйрену үшін оны қатты жақсы көру, сол халықтың салтын сыйлау керек» дейді Марико ағынан жарылып.

Дастархан басында бір ақсақал «қарағым, қазаққа келін боласың ба?» деп әзілдеп еді, «құдай қаласа» деп қартымызды отырғызып кетті. Шашыл-ған шашудан молырақ алуын, кейін елшіліктің басқа да қызметкерлеріне ауыз тигізу керектігін айтқанымызда «ұят болмай ма?» деп қазақы ибалылығын да танытты. Ал, расында да, осы қыз қазаққа келін болса, өзімізің қыздардан кем көрінбес, сірә. Жапондардың да жылқы етін жейтіні белгілі. Ал, Марико қазақша ет асқанда, дәмі тіл үйіреді екен. Сонымен қатар, манты пісіруді үйреніп алыпты.

Марико Қазақстанда өтетін көпшілік шараларына да белсене қатысады. Астанада тіркелген әр елдің елшіліктері арасындағы шаңғыдан жарыста үшінші орынды иеленіпті. Алматыда Қазақ Мемлекеттік университеті ұйымдастырған студенттік конференцияда жеңімпаз атаныпты. Жас шамасы жиырмадан енді ғана асқан Мариконың болашағы баянды боларына да үлкен сенім білдірдік.

Жалпы, қолдағы мәліметтер бойынша, Жапон империясы 1868 жылғы 3 қаңтардан бері өмір сүреді. Алдыңғы жылғы дерекпен халқының саны 127,6 млн. адамға жетіпті. Негізінен будда дінін дәріптегенімен, дастарханда бізбен бірге ас қайырып отырғаны да өте жарасымды болды.

Ал, той үстінде асаба жігіттің қазақтың арқан тарту тәрізді ойынын көрсетуі, биін тамашалатуы жапондықтардың қазақтың салты жөніндегі түсінігін тереңдете түсті. Тіпті, өзіне сыйға тартылған, қазақтың ежелгі дәстүрі жазылған кітапты ең қымбат бұйымындай ұстап, ішіндегі суреттеріне қызыға қарады. Айтпақшы, шара барысында мәртебелі меймандардан ән айтуын өтінгенбіз, өз тілінде отан туралы бір ән салған соң, қазақ тілінде де шырқады. Республиканың оңтүстігінен келген, талай қыз ұзатып, келін түсірген құдалар да жапондықтарға разылығын білдіріп жатты.

Міне, қазақтың салт-дәстүрін сыйлап, қыз ұзату тойын тұңғыш рет тамашалаған Жапон елшісі бастаған күншығыс елінің өкілдерімен болған бірер күн осындай әсер қалдырды. Ал, түйін ретінде айтарымыз – бізге жапон тілін білетін мамандарды көп дайындау қажет. Осы тілді үйрену қиын ба, әлде оңай ма – оны білмедік, бірақ қайткенде де меңгерген жөн. Өйткені, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер санатынан саналатын күншығыс елімен экономикалық қарым-қатынасымыз жыл санап артып келеді. Жапондықтар мұнай-газ саласына да қомақты инвестиция салуға қарсы емес. Оған Елбасының елімізде инвесторларға туғызып отырған қолайлы жағдайы да оң әсерін тигізбек. Демек, облысқа жапондық мамандардың да көптеп келуі күтілуде. Ал, олармен еркін араласып, түсінікті тілдесу үшін сол халықтың тілін білетін жергілікті аудармашылар қажет-ақ.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button