Жарнама
Қоғам

Жанармай неге қымбат?

Қазір қоғамда жанар-жағармай мен дизель отынының бағасын өсіру жөнінде көтеріліп отырған мәселе ешкімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Өйткені, әлемдік нарықта көмірсутегі шикізатын өндіруден алдыңғы лекте саналатын Қазақстанның ішкі нарығындағы оған деген тапшылық шынымен-ақ түсініксіз жайт. Соған байланысты республика Парламенті мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке депутаттық сауал жолдады.

Өз сауалында депутат Алмасадам Майданұлының ел экономикасының негізгі қозғаушы күші – мұнай-газ саласына тың өзгерістер мен серпілістер əкеліп, білімі мен тəжірибесін энергетика саласын дамытуға жұмсайтынына сенім білдіре отырып, Энергетика министрлігінің жанар-жағармай мен дизель отынының бағасын өсіру туралы шешіміне қарсылығын білдірген. Өйткені, Əділ Орынбасарұлының пайымдауынша, Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы жанар-жағармай бағасының айырмашылығын бөлшек саудадағы шекті бағаларды көтеру арқылы азайту туралы министрдің айтқан дəлелдемелері негізсіз.

«Қазір Үкімет болып елімізде баға тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай, инфляциямен күресті толық деңгейде жүргізе алмай отырғанда, жанаржағармай бағасын өсіру халықтың əлеуметтік жағдайына тікелей əсер етеді. Себебі, Қазақстанда жəрдемақы өссе де, жалақы өссе де, бензиннің бағасы өссе де, азық-түлік бағасы бірге өседі. Ол айтпаса да түсінікті жəне соңғы 30 жылда бұл қалыпты жағдайға айналды», — деп өз сауалында депутат қынжылысын айтқан. Ал, жанар — жағармайдың қымбаттауы тек азық-түлік емес, сауда-саттық саласы, барлық қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуіне əкеліп соқтыратыны анық. Соның салдарынан халықтың тұрмысы төмендеп, жұмыссыздық артып отырған шақта бұл жаңа жасақталған Үкіметке, əсіресе Энергетика министрлігіне үлкен сын болмақ. Сондықтан, депутаттың пікірінше, жанаржағармай тапшылығын болдырмау үшін жəне Үкімет оның нарығын қорғау мақсатында экспорттауға белгілі бір мөлшерде шектеу қоюы қажет.

«Жанар-жағармайдың контрабандалық жəне көлеңкелі тəсілдер арқылы сатылуына жол беру – жауапты министрлік пен қауіпсіздік күштерінің дəрменсіздігі, күштік құрылымдар тарапынан бақылаудың жоқтығы. Ол үшін шекара қызметі мен кеден жұмысын күшейту мəселесін министрлік жаңа Үкіметтің алдына басты мəселе ретінде қоюы керек. Жанар-жағармай мен дизель отынының шетелге арзан бағамен экспортталғаны үшін неге қарапайым халық зардап шегуі керек?! Алда маусымдық егістік науқан келе жатқанын, басқа да жағдайларды ескеріп, аталған шешімді қайта қарау қажет деп есептеймін», — деп, министрге нақты талабын қойған Мəжіліс депутаты Энергетика министрлігінің қалыптасқан жағдаймен күресу тəсілін бағаны өсіру арқылы шешуі дұрыс емес екенін атап көрсеткен.

Бүгінде республикада 1945 жылы іске қосылған Атырау мұнай өңдеу зауыты, 1978 жылы іске қосылған Павлодар мұнай-химия зауыты жəне 1985 жылы пайдалануға берілген Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңғыртудан кейінгі толық өндірістік қуаты – жылына 17 миллион тонна. Жыл сайын өсіп отырған тұтыну көлемі мен қажеттілікке қарамастан, мұнай өңдеу зауыттарының қуаты төмен. Егер олардың біреуі істен шықса немесе жөндеуге тоқтатылса елде жанаржағармай тапшылығы болатыны сөзсіз. Ал, оны шешудің жалғыз жолы – жылдық қуаты 10 млн. тонналық заманға сай қондырғылармен жабдықталған жаңа зауыт салу. Сонда ғана ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп, оған қоса экспорттық өнімдерді шығаруға мүмкіндік бар.

Ə.Жұбановтың ойынша, елде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу – мұнай өнімдерінің сұранысқа ие түрлерін өндірудің оң динамикасына да, экономикалық көрсеткіштердің өсу динамикасына да, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге де айтарлықтай əсер етеді. Өкініштісі сол, елімізде соңғы 30 жыл бойы энергетика жəне мұнай-газ химиясы салаларындағы проблемаларды болдырмаудан гөрі оның салдарымен күресу таптырмас тəсілге айналған. Яғни, постфактум. Министрліктің «жанар-жағармайдың тапшылығын болдырмас үшін» бағаны өсіруі де сол ұстаныммен орайлас, демек бұл жолы да елдегі əлеуметтік ахуал ескерілген жоқ.

Депутаттың пікірінше, ведомство жұмысты жүргізе алмай отыр. Атырау облысының республикадағы ірі мұнай-газ химия кластері екенін ескерсек, облыста Қазақстанның шығыс жəне орталық аймағын газбен қамтамасыз ете алатын, ілеспе газды өңдейтін қуатты зауыт салу – Энергетика министрлігінің күн тəртібіндегі кезек күттірмес мəселелерінің бірі. Зауыттың қазіргі халықаралық стандарттардан ауытқымайтын, жылына 1 миллиард текше метрден жоғары шикі газды өңдеу қабілеті бар болуы тиіс. Осының барлығына егжей-тегжейлі тоқталған Əділ Жұбанов өз сауалында министр Алмасадам Сəтқалиевке энергетика саласын дамыту жəне қалыптасқан ахуалды тиімді шешу мақсатында айтылған ұсыныстарды зерделеуді сұрады.

Жолдас ҚАЙДАРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button