Жарнама
Қоғам

Жаңалықтың жаршысы – Жанболат

Қазақстанда радио хабарларын тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталған деген тарихи негізді алға тартып, осыдан екі жыл бұрын 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялау ұсынылған еді. Бұл күні отандық радионы одан әрі дамытуға қосымша ынталандыру болғаны белгілі.

Бүгінде Қазақ радиосының жаңалықтар қызметінде редактор-жүргізуші болып еңбек ететін Жанболат Шәкім – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылының тумасы. 2012 жылы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған ол 2015 жылы аталған жоғары оқу орнының магистратурасын аяқтаған.

Жанболаттың радиоға деген қызығушылығы мектептің жоғары сыныптарынан басталған. Сол кездері Қазақ радиосынан дүйсенбі-жұма аралығында «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық бағдарламаcы эфирге шығатын. Бұрын өзіне беймәлім талай оқиғаның, жайттардың жай-жапсарына осы бағдарлама арқылы қаныққан кейіпкеріміз Қанат Тұрар, Амангелді Құрмет, Алмас Байдрахман, Досымжан Ермұрат, Ұлағат Ханзада, Жанар Мырзағалиева секілді майталман мамандардың даусын тыңдап, танымал журналистерге еліктеп өсті.

Сүйікті журналистерінің бет-бейнесін көрмесе де олардың сөз саптауы, үні арқылы өзінше портрет жасап, егер олардың бірін көре қалса бірден танитынына сенімді еді. Содан орта мектепті аяқтап, ҰБТ қорытындысы негізінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанады. Арагідік телеарналарға жастар өкілі ретінде сұхбаттарға шақырылып, оқуын да тәмамдайды.

– Радиоға жұмысқа кіру мүмкін емес деп ойлайтынмын. Сол уақытта маған мектептен де, Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайдан да жұмыс табылып тұрды. Осылайша музейдің бұқарамен байланыс, экскурсия бөлімінің басшысы болып шыға келдім. Айлық мардымсыз, бірақ жоқтан жақсы. Сөйтіп жүргенде, радио дикторлыққа кастинг өткізіп жатқанын естідім. Жұмыстан сұранып, бағымды сынадым. Басшылық даусымды ұнатты. Тақырыптар беріп, жазу қабілетімді тексерді. Үш күннен кейін радио қызметкері болып шыға келдім. Әрине, алғашқы эфирге дайындық, микрофон алдындағы толқу сияқты сезімдер мен иірімдер жайлы айтпай-ақ қояйын. Аңсаған арманына жеткен адам қандай күйді басынан кешетіні белгілі ғой, — деді кейіпкеріміз.

Содан бері еңбек өтілі 11 жылдан асқан Жанболат Берікұлы қашан да елгезек, білсем-үйренсем деп тұрады. Мұнысы оның пайдасына шықты. Қарым-қабілетін одан сайын арттыруға тырысып жүретін әріптесіміздің осы еңбегі ақталып, екі жыл бұрын «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Радио бойынша республика Президенті жанындағы журналистер пулына қосылып, заң шығарушы орган – Парламент пен Үкіметтің жұмысынан тікелей ақпарат беріп отырады.

– Алғашқы үн сол кездегі қазақ астанасы – Орынбор қаласынан тараған. Мұның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы тұр. Содан бері ғасырдан асқан жасы бар радио тоқтаусыз ақпарат жаршысы, тәрбие құралы, мәдениет пен әдебиет мәйегі болып қызмет етіп келеді. Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Сауық Жақанова, Күләш Молдахметова, Аманжан Серіков, басқа да атақты дикторлар қызмет еткен Қазақ радиосында жұмыс істеу – зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Радиодағы ұстазым – Ақпарат саласының үздігі Базаргүл Үмбетова. Ол кісіден бөлек, радионың сан қырын тәжірибелі әріптестерімнен көп үйрендім, — деді Ж.Шәкім.

Әрине, елге қызмет етудің жолы көп. Бұқаралық ақпарат саласында жүргендіктен, тексерілген, шынайы ақпаратты тыңдаушыға жедел жеткізу басты мақсат екені белгілі.

– Биыл өзім жақсы көретін «Atyraý» газеті ғасыр тойын тойлап жатыр. Өңір тарихын баспасөз бетінде хаттап, түрлі кезеңдердің куәсі болған басылымның оқырманы көп болуына тілектеспін, — деді кейіпкеріміз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button