Жаңа жоба – «Кедергісіз Атырау»
Емханаға немесе басқа да нысандарға барған кезде мүгедектігі бар адамның өзімен сөйлеспей, көмекшімен немесе қасындағы басқа да адаммен сөйлесуі оның құқығын шектеп, ортаға бейімделуіне кедергі болатынын сіз білетін бе едіңіз? Ал, қарапайым қол алысып амандасудың өзі ерекше қабілеттілігі бар адамдар үшін үлкен қолдау екені де есіңізде жатталып қалмайтын шығар. Жалпы, қоғамдағы қолжетімділік және ортаға бейімделу. Белгілі қоғам белсендісі Гүлназ Қосмурзиеваның жетекшілігіндегі «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры ұйымдастырған семинар тренинг барысында осындай мәселелер аясында мүгедектігі бар жандар мен волонтерлер пікір алмасып, танымдық басқосу өткізді. Бұл семинар тренингке облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты.
Жалпы, Атырау мүгедектер арбасындағы жандар үшін қаншалықты қолжетімді? Кафеге кірген кезде пандустың қаншалықты дұрыс орнатылғанына немесе ғимараттағы лифтінің орналасуына назар аударасыз ба? Мүгедектер арбасындағы адамдар дәріханалар мен дүкендерге кіре алмайтынын байқайсыз ба? Жалпы, оларға қолайсыздық келтіретін кедергілер көп. Мәселе тек пандуста емес. Есіктің ені, жол жиегінің биіктігі секілді қарапайым жәйттер де олар үшін үлкен маңызға ие. Көп ретте осылайша ешкімнің көмегінсіз еркін жүре алмайтын жағдай туындағандықтан, олар ортадан бойын алшақ ұстауға, оқшау өмірге ыңғайлана бастайды. Бұл мәселелердің қайсысы да мүгедектер арбасын пайдаланушылар үшін өте өзекті. Сондықтан бұл проблемаларды шешу үшін «Кедергісіз Атырау» жобасы басталды. Биыл басталған жоба қолжетімді ортаны қалыптастыру және ғимараттар мен құрылыстарды мобильділігі төмен топтардың қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді. Бастаманы «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Қаржылық қолдау білдіруші – «Теңізшевройл» ЖШС. Аталған жоба аясында 16-17 ақпан аралығында әлеуметтік мақсаттағы объектілерді мониторингілеу дағдыларын оқыту бойынша семинар өтуде.
Оқытудың бірінші күні қатысушылар қолжетімді ортаны ұйымдастыру бойынша қолданыстағы заң, стандарттар және ережелермен танысып, бұзушылықтарды қалай тіркеуге болатынын және уәкілетті органдарға жүгіну рәсімімен танысты. Ал, екінші күні жоба тренерлері қатысушылармен бірге денсаулық сақтау және білім беру ғимараттары секілді бірнеше нысанға барып, олардың стандарттарға қаншалықты сәйкес келетінін тексеруді жоспарлап отыр.
– Қолжетімді ортаның болмауы мүгедектер арбасын пайдаланушылар мен мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтену процесін айтарлықтай тежейді. Мониторинг жүргізілген нысандар бойынша барлық мәлімет жалпы дерекқорға жинақталады. Бұл ақпарат «Қолжетімді Атырау» картасын жасау үшін пайдаланылатын болады. Картаның көмегімен кез-келген адам барғысы келетін объектінің қолжетімділігін алдын-ала тексере алады, — дейді «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева.
Оның айтуынша, бұл мәселеге жалпы қоғам назар аударғаны жөн. Бұған қоса, мүгедектігі бар адамдардың белсенді болуы да зор маңызға ие екенін айрықша атады. «Бару, жүру, көру керек! Сол кезде біз қолжетімді орта қалыптастыруға өз үлесімізді қоса аламыз» дейді белгілі қоғам белсендісі.
– Бүгінгі таңда Атырау облысында мүгедектігі бар 26 000-нан астам адам тұрады, олардың көпшілігі қозғалыс кезінде басқа біреудің көмегін қажет етеді. Біз өз тарапымыздан осы адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша жан-жақты шаралар қабылдап жатырмыз. Проблема тек пандус жоқтығында емес. Жалпы, бұл мәселені кешенді түрде қарау керек. Қазіргі уақытта бірқатар бірлескен ісшаралар жоспарлануда. Соңғы жылдары қоғамның белсенділігі арқасында көптеген мәселелер көтерілуде. Мәселен, қоғамдық көліктегі хабарламаларды дауыстап айту, ғимараттарға кіре берісте мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы шақыру түймесінің орналасуы, брайль шрифтімен жазылған нұсқаулықтардың болуы секілді пікірлер айтылуда.
Арнайы «Жол картасы» аясында 2025 жылға дейін біз бірнеше нысанды стандарттарға сәйкестендіруіміз керек . Соңғы екі жылда 50 пайызға жуығы сәйкестендірілген, әлі де жалғасатын болады, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Бұл жоба – «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қолдау тапқан екінші жобасы. Жалпы, 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама арқылы 108 жоба жүзеге асқан. Биыл аталған компания түрлі бағыттағы 21 жобаны қаржыландырып отыр.
Бұл туралы айтып өткен компанияның қаржы бөлімінің бас менеджері Замзагүл Бекова:
«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының осындай керемет жобасының арқасында біз мүгедектігі бар жандарға ғана емес, сонымен қатар қаланың инклюзивті инфрақұрылымын жақсартуға өз үлесімізді қоса аламыз. Біздің қызметкерлер тұратын және жұмыс істейтін аймақты дамыту компанияның негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2 ерікті бағдарлама іске асырылуда, оның бірі әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы. Биыл осы бағдарлама аясында үкіметтік емес ұйымдар ұсынған жобаларды жүзеге асыруға 2,5 млн. АҚШ доллары бөлінді, — деді ол. Аталған семинарға қатысушылардың бірі – қала тұрғыны Жасұлан Қабдолов.
Бұл шараның өздері үшін өте пайдалы болғанын атаған ол 7 жылдан бері мүгедектер арбасын пайдаланушы. Кейінгі жылдары «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры ұйымдастырған шаралар арқылы ортаға шығып, бейімделіп келе жатқанын айтады.
Гүлжан ӘМІРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ