ЖАҢА КІТАП: «Дала академигі»
Atr.kz/10 сәуір, 2020 жыл. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұсауы кесілген Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, өлкетанушы Мақсот Жолжановтың жаңа кітабы осылай аталды.
Кітап Алматы қаласындағы «Балауса» баспасынан Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұсынысымен жарық көрген. «Дала академигі» – өлкеміздегі атаулардың тарихы, топонимикасы туралы сүбелі еңбек. Мақсот Құмарұлының аталған туындысы бес бөлімнен тұрады. «Туған өлке тарихының ғылыми зерттелуі», «Тарихи және әдеби атаулар мәні», «Топонимика әлемінің құпия сырлары», «Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы», «Поиски продолжается» деген бес бөлімнен тұратын бұл кітаптың өлке тарихы мен топонимика ғылымын зерттеуші жастарға берері мол.
– Мақсот Құмарұлы – пендешіліктен жоғары тұрған адам. Біреуге мансабына қарап жағынғанын, жеке бас мүддесі үшін қалталыларға, жоғары лауазым иелеріне жалтақтағанын ешқашан көрген емеспін. Пендешілігінен періштелігі басым еді. Ол кісі үшін әкімдер мен қарапайым адамның айырмашылығы болған емес. Адамды байлығына, мансабына қарай сыйлау оған жат еді. Нағыз ғылымға берілген, сол жолда жанын қиған адам. Ол кісінің соңында қалған еңбектерін жинастыруға, кітап етіп бастырып шығаруға жұмыстанып жүрген – інісі Ерқанат Жолжанов. Осы жерде үлкен қызы Күлән мен ұлы отыр. Сондай адамның перзенті екендеріңді мақтан тұтыңдар! Ал, бүгінгі өлке тарихына қосылған зор еңбек құтты болсын! — деді өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев.
Мақсот Жолжановпен ағалы-інідей боп сыйласқан, өзін сол кісінің шәкірті санайтын белгілі өлкетанушы, жазушы Өтепберген Әлімгереев ағасындай болған тұлға туралы әңгіме тиегін ағытты:
– Мәкең әуелден ойдың, ғылымның адамы еді. Астрахандағы мұғалімдер дайындайтын институтта оқып жүрген кезінен-ақ ізденгіштігімен көзге түскен екен. Ол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы тұлға еді. Әкесінің мүсінін кәдімгі сазбалшықтан құйып жасаған. Шахматты теориялық түрде керемет игерген. Өзі еңбектерін орысша-қазақша жазған. Ең соңғы күніне дейін ол кісімен араластым. Жүрегі әппақ еді. Біреуге бірнәрсе керек болса, ол соны тапқанша, сол адамға көмектескенше көз ілмейтін.
Ақыры, сол нәрсені тауып, адамды қуантып, өзі де балаша мәз болатын. Телефонмен хабарласып отыратын. Аудан әкімін танымайтын. Бірде аудан әкімі музейге келсе, Мақсот Құмарұлы «сіз кімсіз?» дейтін көрінеді. Осындай аңғал да ақкөңіл, бала мінезді, дана адам еді. Бірде ауданға іссапармен барып, музейге Мақсот ағайды іздеп барсам, ол кісі көзіне сіріңке қыстырып қойыпты. «Мұныңыз не?» десем, «бірнәрсені зерттеп отыр едім, ұйқым келіп, көзім жұмыла берген соң жасап қойғаным ғой» дейді.
Сөйтсем, төрт күн бойы көз ілмей зерттеген ғой. Атырауға, Вокзал маңы ықшам а у д а н ы н д а ғ ы баласының үйіне көшіп келгенде қарсы алдық. Сонда дастарханға отырғанда, етке салынған нанды жеп отырып: «жеті күннен бері аузыма салып отырған дәмім» деген еді. Жанкештілікпен еңбек етті. Ауылға қайта кетіп бара жатқанда да телефон шалып: «Әй бала, мен кетіп бара жатырмын» деп еді. Ол кісінің жеке кітапханасында жиырма бес сөздік болатын. Ішінде гагауыздар сөздігіне дейін бар еді. Қазақтың 3000 атауының қайдан шыққанын анықтаған.
Құрманғазы ауданындағы Байда елдімекенінің атауының ноғайдың «пайда» деген сөзінен шыққанын дәлелдеп берген. Күйші Құрманғазы туралы зерттеуі – тың жаңалық. Құрманғазының туған жылын құлпытасы арқылы айқындап еді. Ол кісіні барзақ әлеміне шығарып салып тұрып: «тірі болсам, кітаптарыңызды шығаруға өз үлесімді қосармын» деп едім. «Дала академигі» кітабын шығаруға, еңбектерін, мақалаларын р е д а к ц и я л а у ғ а ү л е с қосқаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта он екі академиктің бұл кісіге берген атағы, жазған хаттарынан, қолжазбаларынан тағы бір кітап шығарамыз деген ойдамын, — деді өлкетанушы, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Өтепберген Әлімгерейұлы.
– Мақсот ағай – өте талантты адам. Нұржау орта мектебінде тарихтан сабақ берді. Драма дегенді біз осы кісіден үйрендік. «Қызыл ізшілер» отрядын құрып, табиғат қойнауына саяхат жасатып, қиялымызды қозғайтын. «Шахмат сияқты ойлы ойынға құмар болыңдар» дейтін. Өзі Германиядан шығатын «Шах» журналын жаздырып алып, сондағы шахмат есептерін шешетін, сөйтіп аталған басылымның жеңімпазы атанғанын да көрдік. «Шах» журналынан сыйлыққа әдемі шахмат тақтасы мен шахматтар келген еді. Соны ең жақсы ойыншыға беретін.
Ежелгі дүние тарихынан сабақ берді. Ол кісі сабақ түсіндіргенде миыңа құйып беретін. Ежелгі тарихтағы оқиғаларды айтқанда әртістей болып, сан түрлі қимылға түсетін. Сондай ұстаздардан дәріс алып, осындай дәрежеге жеттік. С о ң ы н а н « С е р п е р » газетінде әріптес болдық. Тұрар Құрманғалиев деген редактор ағамыз алып келді. Жазғанда да нақты жазатын. Фактілерін анықтап алатын. Бұндай еңбекқор адамды көрмедім. Көзі тірісінде ол кісі туралы сегіз очерк жаздым. «Зерттеуден зерікпеген зергеріміз» деген очерк жазып, кітабыма енгіздім. Ол – талай «менмін» деген тарихшы ғалымдардың зерттеулерін жоққа шығарып, қателігін бетіне басып, тіке айтқан, дәлелдеп берген тарихшы, — деді ардагер журналист Таңатар Дәрелов.
Дарынды тарихшының ш ә к і р т і Қ а д ы р ж а н Түсіпқалиев те естелігімен бөлісті:
– Мақсот Жолжановтың атын есте қалдыру мақсатында өзі өмір бойы қызмет еткен Құрманғазы ауданындағы тарихи-өлкетану музейін сол кісінің атымен атаса, көше атын берсе, — деді ол. – Ағамыздың кітабының тұсаукесеріне келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Адам сияқты кітаптың да талайлы тағдыры болады екен. Қолдарыңыздағы кітап 1999 жылы баспаға дайындалған еді. Сол жылы ол кісі бақиға аттанды. Портфеліне салып, баспаға дайындаған қолжазбасынан көз жазып қалдық. Бірнеше жыл іздедік. Ол кісі қағаздарын үш рет көшіретін. Ерболат ініміздің үйінен көшірмесін тауып алғанымызға қуаныштымын.
Академиялық білімі бар, зиялы жан болды. Күйкі тірлікке мойын бұрмады. Мәскеудегі диссертациялық кеңестің мүшелері Қазақстаннан диссертация жазған ғалымдарға: «Гурьев облысы, Теңіз ауданында Мақсот Жолжанов деген мектеп мұғалімі бар. Еңбектеріңізді сол тарихшыға қаратып алыңдар» деп жазғанын өзім көрдім.
Талай диссертациялық жұмысты қарап, ақыл-кеңесін беріп, жөндеуге көмектесетін. Халықаралық гроссмейстер Михаил Дальдің бір партиясын ұтып, «Шах» журналының жеңімпазы атанды. Сол партияны Дальдің ұсынғанынан да жылдамырақ ұтатын жолын көрсетіп, журналға шахматтық есептер жіберетін. Өкінішке орай, ол құрастырған шахмат есептерін таба алмадық, іздеп жүрміз. Ал, «Дала академигінің» жолы болсын, — деді інісі Ерқанат Жолжанов толқып тұрып.
«Дала академигі» кітабының тұсаукесер рәсімін жасау құрметі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет, Халықаралық «Алаш» әдеби, Түркі дүниесінің Мақтымқұлы атындағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев пен Күлән Мақсотқызына ұсынылды. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова шараны қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА