Жарнама
Қоғам

ЖАЛПЫ ЖҰРТҚА ҰҚСАМАЙТЫН…

Есенжол ағаның өзінен бұрын сөзін таныдым. Танығаным – төртінші, иә бесінші класта оқитын кезім. Қыс айы. Қызуы қалың пешке арқасын сүйеп әкем отыр. Қолында – бұзау тіліндей кішкене кітап. Дәті берік адам еді. Десе де, әлгі кітапты оқиды да күледі. «Ой, пәлекет!» деп мәз боп рахаттанады. Кітапқа еріксіз үңілдім. Авторы – Есенжол Домбаев. Аты – «Болмаған оқиға». Бас бухгалтер мен жоғалған ақшаның хикаясы. Сол Есағам алғашқы жинағымен-ақ дүниеге күлкі үлестіріп келіп еді. Сол повесі шын мәнінде классикалық туынды еді. Кейін де небір хикаят, романдар мен пьесалар жазды. Оқырманынан лайықты бағасын алды. Кино саласында да аз тер төккен жоқ. Беттілердің беделіне иілмейтін туралығын, өзім дегенге жалғыз жарғақ тонын шешіп берер мәрттігін талай көрдік.

Жұмекен Нәжімеденовпен екеуінің достығына, кереметтей әзіл-оспақтарына қызыға қараушы-ек. Ақын ағаның кішкентай қызы Саидаға жаттатып қойған, топ қонақтың көзінше айттыратын «Есенжол Донбайыш» деп басталатын өте уытты тақпағы әлі күнге құлағымызда.

Қайтерсің! Жұмекен аға айтқандай, «Лүп еткенді ызғар ғып, шөп пен шөлкем біз қалдық».

Есаға қарашыл еді. Көктем шығып, құс келсе бітті, ол да елге оралатын да, «әкемнің қарашаңырағы» деп Елтайға барып жатып алатын. Жалғыз өзі! Мінезі, іс-қылығы жалпы жұртқа ұқсаса, ол жазушы бола ма? Жұртты таңғалдырмай, қаңқулатпай жүрсе, ол Домбаев бола ма?..

Сондай ағамыздың да исі Атырау болып бір тойын жасай алмадық-ау. Тіріңде сыйласпа деп бізге ешкім айтқан жоқ еді ғой?!

Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button