Жарнама
Қоғам

Жалған жаланың құрбандары

I. Таң алдындағы түс

Оңдағанның көкірегінде ұзақ жыл бойы бір түстің елесі қалықтап жүрді. Бұл түс – жай түс емес, өткеннің ауыз толтырып айтарлық зұлмат пен күрестің көрінісі еді. Он жыл бұрын да дәл таң алдында, қызыл жалынды айдаһардың қақпақтаған қызыл оты ортасында көрген ол түс оның өмірін мәңгі өзгерткен. Сол кезде НКВД-ның қараңғы жертөлесінде қамалып, тағдыр тауқыметіне душар болған еді.

Ол «үштік» деп аталатын әділетсіз соттың құрбаны атанды. «Ескілікті уағыздаушы молдасың, жапон тыңшысы, кеңес үкіметіне қарсы Алашорда мүшесісің» деген үш түрлі жала жабылған соң, Қиыр Шығыстың концлагеріне айдалды. Сол кезеңдегі түстері дәл қазіргі көргенінен айнымайтын.

Жылдар өтті, бірақ сол түс қайта келді. Бұл жолы айдаһардың ыстығы емес, терең тұңғиықтың тартып, жұтып бара жатқандай сезімі. Қорқыныш пен үміт аралас сол түстен оянған Оңдаған ертеңгі күнге бет түзеді.

Кеңседегі тыныштық, бастығы Иван Димитриевичтің қимылсыз отырғаны, әр заттың өгей көрінуі – барлығы да жүрегінде күдік пен алаңдаушылық ұялатты. Қызметтегі қиындықтар арасында отбасында да тыныштық жоқ. Жары Табыштың қобалжуы мен балаларының әлсіздігі Оңдағанның санасын мазалады.

1938 жылдың 7 шілдесінде, күннің сәскесінде қызыл жағалылар олардың ауылына келді. Үйге кірген зұлмат пен қорқыныштың салдарынан ауылдастары жақындамады. Сол күннен бастап Оңдаған мен оның отбасының тағдыры қайғыға толы кезеңге аяқ басты.

II. Арба үстіндегі үшеу

Арбаның үстінде үш тұтқын – Рахметолла, Оңдаған және Кенжеғұл отыр. Олар арқаларын тірестіріп, үш жаққа қаратып отырғызылған. Старшойдың бұйрығымен арбакеш арбаны тоғай ішімен қайық тұрған жағалауға қарай айдады. Қауіпсіздік үшін Сережа есімді жас орыс конвой үш тұтқынның қолын арқанмен байлады. Ара-тұра сөз қозғалғанда старшой қамшысын сілтеп, «арестовенным разговаривать запрещается!» деп тыйып отырды.

Арба үстінде үшеуі де үнсіз. Бір сәттік амандық сұрасудан кейін, әрқайсысы өз ойымен арпалысты.

   Тыншымұлы Рахметолла – 1886 жылы Ақсайда туған, ел ішіндегі сауатты, көзі ашық азамат. «Көк мешіт» медресесінде оқып, кейін өз бетімен араб, орыс, латын жазуын меңгерген. 1920 жылдан бастап мұғалімдікпен айналысып, ауылға мектеп салуға ұйытқы болды. Алайда адал еңбегі мен елге жанашырлығы өзіне жала болып жабылды. Оған «мектеп қаржысын жеді» деген жала тағылды. Жергілікті белсенділердің қысымымен мектебі жабылып, кейін өртелді. Қанша ауыл ауыстырып, ұстаздықты жалғастырса да, соңғысы – халықтық бақылау тобындағы әділдігі – тұтқындалуына себеп болды. Қоймадағы азықтың жоғын көтеріп, ел мүддесін қорғағысы келді, бірақ бұл билікке ұнамады.

   Кенжеғұл – елу жастан асқан, момын шаруа. Байға жалданып күн көрген. Шойтас мешітінде сауат ашып, дінді берік ұстанған. Садиық қажы жер аударылған соң, ауылда діни рәсімдерді өзі атқарған. Кейін осы әрекеті «дін насихаты» ретінде бағаланып, үстінен арыз жазылды. Денсаулығын айтып, жазадан құтылмақ болғанымен, қайта тұтқындалды.

   Оңдаған – өмірінде талай мәрте жаланың құрбаны болған. 1928 жылы Қиыр Шығысқа айдалып, лагерьде есепші болып істеді. 1933 жылы босап, ауылына оралған соң хатшы қызметін атқарды. Ашаршылық жылдары елге астық сұрап, 50 пұт астық жеткізген. Осы еңбегі үшін халыққа қадірлі болса да, партияға жақпай қалды. Кейін есепші болып істегенінде, тағы да қысымға ұшырады.

Үшеуі Жайық жағасында күзетпен қайыққа отырғызылды. Қарулы адамдардың қатаң бақылауымен өзеннің арғы бетіне өткізілді. Сырттай қарағанда, олар аса қауіпті қылмыскерлердей көрінді. Шын мәнінде өз халқы үшін еңбек еткен, ар мен адамдықты биік қойған азаматтар еді. Енді оларды Жаманқала абақтысы күтіп тұрды…

III. Түрмеден жеткен тілдей хат

Жаманқаладағы НКВД түрмесіне қамалған үш адамның – Рахметолла, Оңдаған және Кенжеғұлдың – қара торы қапасқа түскеніне бір аптадан асты. Үшеуі үш әулеттің тірегі еді. Арттарында аңырап жұбайлары, ботадай боздап қалған балалары, не істерлерін білмей дағдарып туған-туыстары қалды. Ел ішінде үрей басым – жақындарын іздегенге де, жоғын жоқтағанға да қорқады. Кеше ғана етжақын араласып жүргендер де енді сескеніп, алыстан айналып өтетін болды.

Соған қарамастан, үмітін үзбеген әр отбасы өздері қамданып, Жаманқалаға жол жүріп, арыстарымен жолығуға әрекет етті.

   Рахметолла Тыншымұлы Қоржын ауылына қоныс аударғанына екі жыл болған. Артында әйелі Нағима мен бес баласы қалды. Ең кенжесі Ақас, әлі тәй-тәй басуға талпынып жүрген сәби. Үйдің тіршілігі тұңғыш ұлы Мұңалдың иығына түсті. Шілде айының соңғы күндерінің бірінде, Мұңал аудан орталығы Жаманқалаға келіп, сұрастыра жүріп НКВД тергеу мекемесін тапты.

Тергеушінің дәлізінде тосып тұрған әкесін көзі шалды. Қуанып, ұмтыла бергенінде әкесі ымдап тоқтатты да, бір ауыз сөзбен:

Ауыл аман ба? Мұнда сөйлесуге болмайды, балам. Түрме ауласындағы қамыстан буылған әжетханаға хат тастаймын. Соны ал,-деді сыбырлап. Сол сәтте оны ішке шақырған бұйрық естілді.

Мұңал көп ұзамай әжетханаға барып, қамыс арасына жасырып тасталған әкесінің тілдей хат қағазын тапты. Ішіне жасырып алған күйі қаша жөнеліп, Жайықтың жағасына келіп, бір казак-орыстың қара қайығымен арғы бетке өтті. Қалың тоғайға кіріп, көзден таса болған соң барып хатты ашты.

Хатта Рахметолланың дірілдеген қолымен, әрең дегенде жазған сөздері бар еді:

«Нағима, балаларды нағашыларына апар. Бәрі саған аманат. Мұңалжан, сен үйдің үлкенісің. Бірақ оқуыңды тастама, сол Сарайшықтан бітір».

Бала әкесімен соңғы рет жүздесіп тұрғанын қайдан білсін? Сол күні кешке үйіне қайтып келіп, хатты анасына табыстады. Бір апта өтпей жатып, сол аманат орындалды. Бірақ Рахметолланың өзі үйіне қайта оралмады…

    Көп ұзамай Оңдағанды да іздеп, жары Табыш пен жеңгесі Назира Жаманқалаға жетті. Таңнан аттанып, жарты жолды жаяу, жарты жолды көлікпен өткен олар НКВД мекемесіне әзер жеткен. Бірақ қанша жалынса да, тұтқынмен жүздесуге рұқсат берілмеді.

Бұлардың «статьясына» байланысты кездесуге болмайды,-деді мекеме өкілдері.

Үміт үзіліп бара жатқанда, күзеттегі мосқал солдат:

Бұл әйелдердің сүтін ішке апар. Шөлмектерін қайта бер,-деп ішке бір солдатты жұмсады.

Аулада шөлмек күтіп тұрған екеуі «Сүт шөлмегінің тығыны ауысыпты» деген күдікпен ашып көрсе, ішінен жіңішке бүктелген хат шықты. Бірақ қарандашпен жазылған сөзді екеуі де оқи алмады. Содан қайтып, күн ұясына қонарда үйлеріне жетті.

Сол хатты Табыш алғашқы оқуға төселіп қалған ұлы Мақсотқа оқытты. Сөз мынандай еді:

«Табыш, енді мен сендерге жоқпын. Балаларды оқыт, адам етіп өсір!».

Оны оқып бітпей жатып, бала еңкілдеп жылап жіберді. Сол сәтте бар отбасы қосыла жылап, үй ішін жоқтау мен көз жасы басты. Құндақта жатқан сәби Махамбет те шырылдап оянып кетті.

   Жүрекке түскен ауыр салмаққа қарамастан, екі әйел де арда азаматтардың аманатын орындауға бекінді. Шілденің соңында-ақ Нағима бес баласын ертіп, төркін жұрты – Доссор поселкесіне барып паналады. Мұңал Сарайшықтағы интернатта оқуын жалғастырды.

Ал Оңдағанның отбасы тұратын Еспол ауылынан кешкісін арбаға мінген шағын көш жолға шықты. Арба үстінде Диан мен Мақсот, құндақтағы Махамбет анасының құшағында. Арттарынан қарап қала берген жадау үй, төрт жылдық пана болған қараша баспана.

Барар бағыт – Сіберті бойындағы ата қоныстары – Ақсай. Тағдыр не әкелсе де, енді туған-туыстың ортасында көреді. «У ішсең де руыңмен» дегендей, қуғын-сүргіннің қара бұлты сейілер күнді ауыл ішінде күтпек…

IV. Абақтыдағы соңғы ән

1938 жылдың күзі. Қанқұйлы науқанның қаралы беттері…

Сұрғылт күз. Тамызда бір тамшы жаңбыр тимеген сар даланың жүзі бозарып, қыркүйекте күйіп кеткен қыр-қырқалар көзге тастай қуаң тартқан. Қазақ даласының осындай күңгірт бір күнінде Жаманқаладан Үйшікке айдалған тұтқындар іңір қараңғысында НКВД-ның жергілікті бөлімшесіне жеткізілді.

Таңнан кешке дейін, күн демей, түн демей тергеу. Бірақ бұл «тергеу» емес, қинап-қинап мойындату. НКВД-ның «үштігі» – тергеушілер Михайлов, Сидров сынды шолақ белсенділер көз ілестірмейтін жылдамдықпен үкім шығарып, үкімін де, «кінәні» де өздері белгілейді. Айыпталушының шын-өтірігі қызық емес – бастысы, бір адам «жазалануы» керек.

Жеті күн бойы тар қапаста жатқан жеті тұтқынның үшеуі – Рахметолла, Оңдаған және Кенжеғұл – «58-бап» бойынша ату жазасына кесілген. Айыптары – әркімге таныс жаттанды сөздер: діншіл, Алашордашыл, кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізді, шпион.

   Кенжеғұл Есниязов – жалғызбасты, артында ешкімі жоқ ақсақал. Үкімді естігелі үнсіз. Жатқан орнынан қозғалмайды. Іштей күбірлеп, Құдайдан ғана медет тілеп жатты: «Жазықсыз қудалану – намазымды қаза қылмағаным үшін бе?..».

Оңдаған болса, үмітін үзбесе де, кешелі бері өзі ғана білетін бір мұңды әннің әуенін ыңылдап айтып отыр. Бұл – «Қарақаншық» деген, Батыс Алаш қайраткерлерінің арасында кең тараған шерлі ән. Ол осы әнмен бірге алыста қалған 1925 жылғы жастық шақты, өнерлі достармен өткен бір кешті, елден кетіп бара жатқан алашордалық азамат Бердіғалимен салған соңғы әнді еске алады…

Сол кеш, сол ән… Ол кезде Оңдаған – ел еркесіндей, сал-серілігімен танылған жас. Доссорда ағасы Рахметолланың үйінде өткен сол бір отырыста тайсойғандық Бердіғалимен танысады. Әңгіме – ел жайы, Алаш арыстарының тағдыры. Ән – Қарақаншық, шерлі, мұңды. Екі жігіт боз далада қатар шырқап, бір-біріне елдік тілек айтып қоштасады…

Сол ән бүгін, қапаста, соңғы әнге айналды.

1938 жылдың 25 қазаны. Таң сәрісі. Кенжеғұл жантайған орнынан тік тұрып, бұрышта отырып соңғы намазын оқыды. Рахметолла – үнемі киіп жүретін фуражкасын түзеп, тозыңқыраған костюмін киіп, бірдеңеге дайындалғандай кейіп танытты. Әлден соң темір есіктің кілті сарт етіп ашылып, қатқыл дауыс естілді:

Есниязов, Тыншимов, Дүйсекенов… Шығыңдар!

Оңдаған орнынан тұрып, көмейіндегі ыңылмен үнсіз күресіп келіп жатқан «Қарақаншық» әнін бұл жолы толық орындады. Даусы дірілдесе де, ән үзілмеді:

«Жүгірген құмнан құмға құмай тазы, ойдай-ай,

Жігітті малдың азы мұңайтады-ай, ой дүние-ай…

Жігіттер, «малым аз» деп мұңаймаңдар,

Бір күні өлім келіп шоңайтады-ай…».

Ән үнімен бірге тұтқындардың өксігі қосылды. Ән – қоштасу еді. Ән – азаттықтың соңғы үні еді. Артта қалған тұтқындар елестей күбірлеп, жылап жатты. Сәлден кейін жертөленің арғы шетінде, қара тастай қабырғалардың арасында, мылтық үні жаңғырып, үкім орындалды…

   Бұл – бір әннің соңғы рет шырқалған сәті ғана емес, бір ұлттың жаралы жүрегінің тілі, бұл – қолдан жасалған зұлматтың ішіндегі адамдықтың жанайқайы еді. «Халық жауы» атанып, мылтық үнімен үні өшкен қайсар азаматтардың арманын біз ұмытпасақ екен. Олардың соңғы әні – біздің мәңгі үнсіз қалмауымыз үшін керек.

Сәтқали  ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,  

өлкетанушы

Коллажды жасаған Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button