ЖАЛҒАСҚАН ДӘСТҮР

Отан, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету – абыройлы да, жауапкершілігі жоғары қызмет. Ал, осы міндетті өз дәреже-сінде атқарып, ұрпақ сабақтастығы арқылы кейінгі буынды да бұл салаға баулып, тұтастай династия құру – екінің бірі бара бермейтін қадам.

«Полицейлер әулеті» аталатын Лұқмановтар отбасының ішкі істер саласында қызмет еткен жалпы өтілі жарты ғасырдан асады. Отағасы Камел Лұқманов ел шетіне жау тиген шақта қолына қару алып, туған жерді қорғауға аттанса, елге оралған соң, шинелін ішкі істер органының формасына айырбастап, табысты еңбек етті. Темірдей тәртіп пен тиянақтылықты әке тәлімі арқылы бойына сіңірген бұл отбасынан өнген ұрпақтың да аталмыш салаға келуі кездейсоқтық деуге келмес.
1924 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген Камел Иманқұлұлы 1942 жылы соғысқа аттанып, Ворошиловград бағытындағы 320-шы атқыштар дивизиясының 478 полкында взвод командирі, Макеевск бағытындағы 54-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 163-ші гвардиялық атқыштар полкында взвод командирі болған. Ұрыс даласында екі мәрте жараланып, әскери госпитальда емделген. Елге оралған соң, ішкі істер органдарына қызметке алынған соң, оперативті өкілетті қызметкер ретінде еңбек жолын бастап, саладағы өрлеу баспалдағымен жоғары лауазымдарға дейін көтеріледі. Қашан да жүктелген жұмысты жауапкершілікпен орындау, талапшыл болу секілді адами қасиеттерді жоғары бағалаған Камел Иманқұлұлын білетін жандар «өте жақсы азамат, өз ісінің маманы еді» деген естеліктерді жиі айтады.
Әке ісін жалғастырған қызы Светлана Камелқызы да 1975 жылдан бастап, осы салада қызметте. ОІІБ №9 тергеу оқшаулағышында инспектор болып жұмысқа алынып, зейнет жасына жеткенге дейін де осы салада көптеген жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып, «Ішкі істер минстрлігіндегі үздік қызметі үшін» белгісімен марапатталған.
Ұлы, ІІД кадр жұмысы басқармасының бастығы Болат Лұқманов та – осы әулетті жалғастырушы. «Шыны керек, бір жасқа толған шағымда әкем дүниеден өткендіктен, ол туралы тұстастары, әріптестері айтқан естеліктерге ғана қанық болғанмын. Бірақ, бастауыш сыныпты оқып жүргенімде-ақ, «әкем секілді болғым келеді» деген шешімге келгенмін. Сол сәтте анам қолдау білдіріп, «кез келген жағдайда адамдық болмысыңнан айырылма» деген өсиетін айтты. Сол аманаттың жауапкершілігін әлі күнге дейін сезініп келемін. Ал, осы салаға келіп, қандай да бір жетістікке жетсем, ол ардақты әкемнің арқасы деп есептеймін» дейді Болат Камелұлы.
Ішкі істер органдары қызметкерлерін патриоттық сезімге тәрбиелеп, осындай еңбек адамдарының үлгілі істерін кеңінен насихаттау мақсатында Атырау қалалық ішкі істер басқармасында ұйымдастырылған кездесуге Лұқмановтар әулетінің өкілі ретінде шақырылған Болат Камелұлының жары да – аталған сала қызметкері. Таяуда ғана өткен «Көктем шуағы» атты Елбасымен кездесуге қатынасқан Гүлжан Лұқманова – үлгілі жанұяның өнегелі келіні, отбасының алтын қазығы, полиция подполковнигі. Бүгінгі жиынға қатынасқандардың алдында Президентпен кездескен сәтіндегі әсерімен бөлісіп, Ұлт Көшбасшысы ұстанған саясаттың ел ертеңі үшін маңызы зор екендігін атап өткен Гүлжан Ибатқызы – қазіргі таңда ОІІД Көші-қон полиция басқармасының бөлімше бастығы.
Кездесу қорытындысында сөз алған сала ардагері Есен Бекайдаров: «Жалпы, кез келген адамның артында жақсы сөз қалуы атқарған ісі мен соңында қалған ұрпағының ісі арқылы сараланады. Сол секілді мен де бұл отбасын жақсы білемін. Камел Иманқұлұлымен жеке таныстығым жоқ болса да, іскерлік қыры мен азаматтығына тәнтімін. Ал, одан кейінгі ұрпағының табысты қызметі көз алдымызда өтті» дей келе, адал еңбектің табысқа жетелейіндігін баса айтты.

Гүлжан ӘМІРОВА,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз