ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…

«Ардақтыларын мезгілінде қадірлей білу де ұлылықтың белгісі» деген сөз бар дана халқымызда. Сол үшін де еңбек ардагерлері, қарттарымыздың көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де ұмытпай, елімізге, Отанға сіңірген ерен еңбектерін, адамгершілік қасиеттерін кейінгі жастарға үлгі етіп, айтқан өнегелі сөздерінен тәлім-тәрбие алуға үйретіп отырсақ қандай ғанибет. Үлкендеріміздің: «Өнегелі қарты жоқ жерде өрелі жас  болмайды» деп бекер айтпасы анық.

Жақында бірқатар бұрынғы Балықшы ауданының еңбек ардагерлері, қарттар облыстық тарихи өлкетану мұражай қызметкерлері ұйымдастырған игілікті шараның қонағы болдық. Кезінде болмасты болдырып, бар ерік-жігерімен Отанымызға еңбек етіп, қиын күндерде халқына медет бола алған қайсар мінезді, ер жүректі Социалистік Еңбек Ері марқұм Айнаш Байжігітованың туғанына жүз жыл толуына арналып ұйымдастырылған көрменің ашылу рәсіміне қатынастық.

Еңбек Ерінің он алты жасынан бастап өмірінің соңына дейінгі еңбек жолдарын баяндайтын фотосуреттер тақтасы құдды шежіредей. Сонымен қатар, көрмеге пайдаланған еңбек құралдары, алған мемлекеттік наградалары қойылған.

Айтулы шараның ашылу салтанатында сөз алған мұражай директоры Рашида Харипова: «Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Айнаш Байжігітованың  Отан үшін, кейінгі жас ұрпақтардың бейбіт заманда бақытты өмір сүрулері үшін жасаған еңбектегі ерліктерін жас ұрпақтарымызға үлгі ете білу, жастарды еңбек ете білуге, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу, жат қылық-әдеттерден аулақ болуға үгіттеу» деп атап өтті.

Көрмеге балық шаруашылығының майталмандары, Айнаш Байжігітованың өмір бойы жұмыстас болған, өмірінің қырық жылға жуығын балық шаруашылығы мекемелерінде, оның жиырма жылында Атырау балық өнеркәсібі бірлестігінің  бас директоры болып жасаған Қайыржан Әлиев, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің екі дүркін депутаты болып сайланған Қадиша Шәріпова, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған «Құрмет белгісі» орденінің иегері, құтыға балық салушы Балажан Тәжікенова, Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әлібек Түсібәлиев, өмірінің алпыс екі жылын жас ұрпақтарды оқытып, тәрбие беруге арнаған ардагер ұстаз Құрымбай Нұрмағамбетов сынды  ардагерлер қатынасып, кеш кейіпкері, оның өмірі, еңбек жолдары жайлы естеліктер айтып, талай өткен қызықты жайларды да еске түсірді.

Осынау шараны мазмұнды да мағыналы етіп ұйымдастырған мұражай басшысы Рашида Ерімқызына да үлкен рахметтерін аямады. Көрменің ашылу салтанатынан кейін мұражайдың ішін аралатып, мемлекет және қоғам қайраткерлері Закаш Камалиденов, Саламат Мұқашев, Сағидолла Ғұбашев, Сапи Өтебаевтар хақындағы мұрағаттармен таныстырды.

«Ардагерлерді дәріптеу, сыйлау, олардың өмір жолдарын болашақ жастарымызға үлгі ету – біздің басты мақсатымыз. Осындай жақсы шараларды алда да жалғастыра береміз. Айнаш Байжігітованың өмір жолдары туралы көрменің ашылуына Еңбек Ерінің ұрпақтары, немерелері Ризабек, Азамат, Ескендір, келіні Жұпар үлкен үлес қосты. Адамның Алладан ұрпақ тілейтіні осы ғой. Мен ұрпақтары Айнаш Байжігітованың атын ешқашан өшірмейді деп ойлаймын», – дейді мұражай директоры. 

Басқосу барысында пікір айтушылар өздерінің көкейлерінде жүрген ойларын да іркіп қалмады. Мәселен, Атырау балық өнеркәсібі саласының ардагері Қайыржан Әлиев өз сөзінде: «Атырау облысының атын бүкіл Кеңестер Одағына, алыс-жақын шетелдерге дейін шығарып, таныс еткен осы Атырау балық комбинатының қара уылдырығы мен қызыл балығы еді. Балықшы ауданы халқының басым көпшілігін жұмыспен,  балық, тамақ өнімдерімен қамтамасыз еткен де осы комбинат болатын. Балық шаруашылығы қызметкерлері арасынан төрт Социалистік Еңбек Ері шықты. Бірнеше адам мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болса, үш қызметкер ҚССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Алайда, сала ардагерлерінің аты қазір аталмайды, бақилық болғандарын айтпағанда, көзі тірілері де еш жерге шақырылмайды», – деді. Шындығында да реніші орынды секілді. Кезінде Москвадан, Алматыдан келген қандай басшы болса да ең бірінші аралайтын нысандары балық-құты комбинаты еді ғой.

Қамза Ғабдолла,
Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері
бастауыш ұйым төрағасы, ардагер ұстаз.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз