Жарнама
Қоғам

ЖАҚСЫДАН ҚАЛҒАН ЖАҚҰТ

 

Жастығын  соғыс жұтқан  ұрпақ

Сол кездегі идеология мықты ма, әлде өзімізбен қатар жұмыста жүрген майдангерлерді айрықша құрметтедік пе, әйтеуір, аға ұрпаққа деген ілтипат ерекше еді ғой. Оларды пір тұтатынбыз. Түрлі мерекелік шараларда соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылатын. Міне, сондай шараларға тылда еңбек еткендер де келетін. Бақтыбай Қалымбетов жасына орай әскерге шақырылып, соғыстың соңғы сәтіне араласуы да ықтимал еді. Бірақ, тылда да ерлердің күшін керек ететін жұмыс жеткілікті. Бронмен қалған мамандар мен әйелдер, он бес-он алтыдағы бозбалалар соған жегілді.

Бақтыбай Қалымбетовтің бригада бастығы кезінде жанына бұрғылау шебері болып келген сол кездегі жас маман, бүгінде еңбек ардагері Ахметқали Ізекенов абзал ағасы туралы тебірене еске алады.

Бақтыбай Қалымбетов жаудан азат етілген Сталинградты қалпына келтіруге де қатысыпты. Сол кезде экспедицияда Қыдырбай (фамилиясын ұмыттым) есімді жүргізуші болған. Осы кісі де Еділ бойындағы қаланы қираған үйінділерден тазартыпты. Кезінде қатар жүргенде соның бірін де айтпайтын. Жалпы, сол кездің адамдары аса қарапайым еді. Әлде осы еңбектерін ерекше бағаламай, оны әдеттегі жұмысы санады ма екен? Қайткенде де, жастығын соғыс жұтқан Бәкең тәрізді жандар майдан ортасында, оқ өтінде болмағанымен, ортақ жеңіске солардан кем үлес қосқан жоқ, — дейді Ахметқали Ізекенов. 

Жастар  бригадасы – жалын  істер  жаршысы

Сол шақта да бағалы бастамалар өмірге келіп, түрлі шаралар жүзеге асып жататын. Солардың бірі – комсомол-жастар бригадасы. Ол халық шаруашылығының барлық саласынан көрініс табатын. Мұндай құрылымдар ауылдарда да, өндірісте де құрылды. Міне, экспедицияда Бәкең басқарған бригада осылай аталды.

Онымен жиырма жылға жуық уақыт бірге жұмыс жасаған Мәтжан Қарымбаев абзал ағасынан көп өнеге көргендігін айтады.

— Сонау 1970 жылы институт бітіріп келдім, — дейді ол, — бірден Бәкеңе тап болдым. Жанымда жас маман Серік Кемелов бар. Бригада басшысы екеуіміздің қолымызға күрек беріп, жер қазуға жұмсады. Қомсынғанымыз жоқ. Сол кездің тәртібі солай. Қолыңда дипломың болғанымен, тәжірибе төменнен жиналады.

Кейін Мәтжан Бәкеңнің бригадасына бұрғылау шебері етіп жіберіледі. Тортай алаңындағы №1 ұңғыманы бірге қазады. Оның жобалық тереңдігі 5500 метр еді. Соның 4600 метрінен мұнай белгісі алынды. Ақпарат құралдары бұл жетістікті жарыса жазып жатты. Рас, кейін сол кездің талабымен ұңғымадағы жұмыс бір жылға тоқтатылып, бригада басқа орынға ауыстырылды. Қазір айтып жүргеніндей, мұндағы бұрғышылардың еңбегін де әлдекімдер иеленіп кеткенге ұқсайды. Әйтсе де, тарихи шындық Тортайдағы №1 ұңғыманы Бақтыбай Қалымбетов басқарған бригаданың бұрғылағанын жоққа шығармайды. Оны сол кездегі экспедициясының қазіргі көзі тірі мүшелері де растайды. Сөз ретінде айтар болсақ, кейін осы алаңда жиырма шақты ұңғыма бұрғыланды. Солардың бәрінен дерлік мұнай белгісі алынды. Бүгінде геологиялық карталары тиісті орындарда сақтаулы шығар. Күндердің күнінде кәдеге асары анық. 

  Жастар бригадасын басқарған Бәкең шын мәнінде жастардың жанашыры еді. Оның ізбасарларының бірі Ахметқали Ізекенов бір жайды еске алады. Ол кезде жас мамандардың партия қатарына өтуі қиын-ды. Көбіне оған қатардағы  жұмысшылар тартылады. Ал, басшылық қызметке өскен адамның партия сапынан табылуы шарт. Міне, Ахметқалидың кандидатурасы талқыға түскенде кейбіреулер оның жастығын, әлі де тәжірибесінің аздығын көлденең тартса керек. Сонда Бәкең «Мен Ахметқалиға сенемін. Ол жас болса да үлкен жауапкершілік жүктеуге тұратын адам» деп турасын айтыпты. Осы сөз жас маманның келешегіне үлкен әсер еткен. 

Өте шебер маман

Кезінде Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясының бастығы болған Зариф Жұқатаев Бәкең туралы пікірін осылай түйіндеді. 

— Бұл кісімен сонау алпысыншы жылдардың басында таныстым, — дейді ол, — техникумды тәмамдап, өндіріске жолдама алған кезім болатын. Қайырғали Досанов деген кісінің бригадасында мотористің көмекшісімін. Кейін Құлсарыға экспедиция бастығына тағайындалғанымда  Бәкеңмен тағы кездестім. Сол кездің бұрғылау техникасы мен технологиясын аса шебер меңгерген жан еді. Қай жерде қиындық болса, соған жұмсайтынбыз. Тіпті, апатты ұңғымалар жөніндегі маман етіп қызметінің мәртебесін өзгерттік.

Ол кезде Құлсарыда жоға-ры білімді инженерлер көп болатын. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтынан бастап Грозный, Уфа, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарын тәмамдаған мамандар легі ағылып жататын. Солардың арасында байырғы өндіріс шеберлерінің беделі жоғары еді. Бәкең де бұрғылау шебері, бригада бастығы, аудандық және орталық инженерлік-технологиялық жетекшісі ретінде сол жас инженерлердің талайын тәрбиеледі. Кейін жоғары білімді жастар өндіріс тұтқасын өздері ұстағанымен, аға толқынның ақылын тыңдайтын, солардың пікірімен санасатын.

Әттең, жарты ғасырлық тарихы бар Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы нарықтың алғашқы соққысына-ақ шыдамады. Сонау 1997 жылдың күзінде «Қуат» фирмасы мекеменің акцияларын сатып алған соң кәсіпорын іс жүзінде қызметін тоқтатты. Бірақ, күллі аймақтың «қара алтынды» тарихында өзіндік із қалдырған ұжым өмірбаяны ұмытылмақ емес. Бүгінде оның мамандары облыстағы түрлі құрылымдарда еңбек етіп жатыр. Бір кездері атағы жер жарған экспедицияның бүгінгі шашылған тарыдай жан-жақта жүрген  көзі тірі мүшелері Әбілғазым Махұтов, Ақаш Мұхамбетов пен Зинел Балгенжиев тәрізді Социалистік Еңбек Ерлерін, Тоғызбай Дәулетов, Мүтиғолла Маташев, Бақтыбай Қалымбетов, Аққуан Кемелов және Береген Жоламанов сынды республикаға еңбегі сіңген геолог-барлаушыларын мақтан тұтады. Осы абзал азаматтардың бәрі де өмірден өтті. Жақсылардың соңғы тұяғы тәрізді ескінің ескерткіші болып Бәкең еді арада жүрген. Міне, оның да татар дәмі таусылыпты. Адал еңбегінің өтеуі ретінде өңіріне «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендері мен ондаған медаль қадаған, «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Біз тілдескен бұрынғы экспедицияның жоғарыда аталған азаматтарынан өзге кейінгі жылдары ұжымға басшылық жасаған Келтір Шәненов, Кенжеғали Шаңқанов, т.б. инженерлер де Бәкең туралы жылы сөздерін айтты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button