Жайықтың жағасында не болып жатыр?
Жайық өзені бойында бірлескен профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
2022 жылғы 8 маусымда Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен, сондай-ақ жергілікті «Атырау» телеарнасының өкілдерімен бірге Атырау қаласының қауіпті учаскелері бойынша профилактикалық іс-шара жүргізді.
Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары күн сайын күшейтілген режимде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Күн сайынғы алдын алу іс — шараларының мақсаты — Атырау қаласының тұрғындарына судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін еске салу.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Атырау облысы бойынша 28 адам суға кеткен болатын (оның ішінде 10 бала).
2022 жыл басынан бүгінгі күнге дейін 8 адам суға кету оқиғасы тіркеліп отыр. (оның ішінде 2 бала).
Алайда, құтқарушылардың ескертулері, судағы қайғылы оқиғалар туралы ақпараттар тұрғындарды тоқтатар емес, адамдар қайтадан сол жабайы жағажай маңына демалалуға барады.
«Рұқсат етілмеген жерлерге суға шомылуды адамдар бәрібір қоймайды, осындай күнделікті профилактикалық іс-шаралардың пайдасы тиіп, ең болмағанда біреуі түсінер, екінші біреулерді төтенше жағдайлардан сақтап қалар үміттенеміз. Әсіресе балалар — басты назарда. Сондықтан жағалауда ересектердің қарауынсыз жүрген балалармен қосымша жеке әңгімелесулер жүргізуге тырысамыз.»,-деп атап өтті Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Арман Сәрсенбаев.
Атырау қаласы бойынша бүгінгі таңда 2 ресми жағажай жұмыс істейді, бұл «Луч» және «Малибу» жағажайлары. Атырау қаласы бойынша 125 «жабайы жағажайлар» анықталып отыр, бул жерлерде суға түсу өте қауіпті. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды мас күйінде суға түспеуге, су айдындарында жалғыз демалмауға, рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеуге және ең бастысы балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады!