Жайықтан айырылып қалуымыз мүмкін!

2db5f304 6f7f 4b0b bb9f e3e018251f44 Қоғам

Түп тереңдету жұмыстары онсызда арнасы тарылып бара жатқан  Жайық суының теңізге қарай ағып кетіп, арнасының сарқылып қалуына себепші болуы мүмкін. Өйткені Каспийдің деңгейі өзеннен әлдеқайда төмен орналасқан. Ешқандай ғылыми негіздеме жасалмастан бұлайша жабайы түрде қаза беру су арнасының теңізге құяр тұсындағы табиғи тепе-теңдігін бұзып, қоршаған ортаға да едәуір зиянын тигізуі ықтимал. Сондықтан млрд-тап қаржы шығарып, қазынаны қыруар шығынға батырып түп тереңдету жұмысын жүргізгенше, керісінше өзенге түсетін салмақты азайтудың жолдарын қарастыру керек. Бұл жөнінде атыраулық қоғам белсендісі Дидар Хамзин «AMANAT» партиясы облыстық филиалында өткен аймақтық экология жөніндегі кеңестің отырысында мәлім етті. Осылайша, елдің жетекші партиясы экологиялық мәселеге ерекше назар аударып отыр.

Нақтылап ойлап қараған жанға Д.Хамзиннің сөзінің жаны бар секілді. Расында да, неге түп тереңдетуге жыл сайын ондаған миллиардтап қыруар қаржы шығындап, топырақтың қыртысын бұзып, қаза бергенше, сол ақшаны КОС-қа жұмсап, сарқынды суларды тазартып, техникалық мақсаттағы су өңдеу технологиясына жұмсамасқа?! Сонда көп нәрсе ұтарымыз хақ! Қазіргідей Каспий теңізінің тартылып бара жатқан кезінде оның арнасының соңынан қуалап қаза берудің еш мағынасы қалмаған сыңайлы. Түп тереңдетудің түпкі мақсатқа жеткізбейтіні белгілі бола бастады, себебі көзге көрініп тұрған нәтиже де жоқ. Оның үстіне, қоғам белсендісі айтқандай, «Орынбордан әрең келіп жеткен бар суды түп тереңдету арқылы теңізге ағызып жіберсек, Жайықтан айырылып қалу қаупі де жоқ емес».

Бірақ аталған мәселеге орай қарсы уәж келтірген облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов түп тереңдету жұмыстары өзеннің теңізге құяр ескі сағаларында жүргізілгенін, Жайықтың Каспийге құяр негізгі арнасында қазу емес, тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтып, түсінік берді. Бұл, негізінен,  балықшы кемелерін әрлі-берлі өткізу және де уылдырық шашар мезгілінде балықтардың емін-еркін жүзуі үшін қолға алынған жоспарлы іс-шаралар.

Осы және экологияға қатысты өзге де мәселелер «AMANAT» партиясы облыстық филиалында өткен аймақтық экология жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Отырысқа төрағалық еткен Әлібек Семғалиев басқосуға қатысуға келген кеңес мүшелеріне шақырылған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов пен экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетовті және күн тәртібінде қаралатын бес мәселені таныстырып өтті. Олар: «2023-2027 жылдары Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандары  елді мекендерінде 54 га құм тоқтату жұмыстарын жүргізу»,  «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру», «Жайық өзені және Каспий теңізі жағалауларынан суға батқан 27 ірі габаритті заттардан тазарту», «Жайық, Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету жұмыстарын жүргізу», «Атырау қаласында жалпы көлемі 476 га болатын «Тухлая балка» ағынды суының булану алаңын тазарту» туралы мәселелер еді.

Барлық бес мәселе бойынша да облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов алдын ала дайындалған слайд арқылы баяндама жасады. Көтеріліп отырған мәселелер 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сәйкес «AMANAT» партиясының іс-шаралар жоспарына енгізілген. Нұрлан Қойланұлы, міне, осы іс-шаралар жоспарының 6 ай ішіндегі Жол картасы бойынша аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту және оның шешу жолдары жөніндегі атқарылған жұмыстарының орындалысы туралы әңгімеледі.

– Облыстың күрделі экологиялық мәселелерін шешуде облыс әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасын қабылдап, 7 бағытта жұмыс атқарып жатыр. Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарына сәйкес, облыс көлеміндегі бірінші кезекте шешілуге жататын экологиялық проблемалар енгізілді. Олар құм тоқтату, түп тереңдету жұмыстары, Жайық өзенінен ірі габаритті заттарды шығару, Қиғаш өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тазалау, «Тухлая балка» ағынды суының булану алаңын тазарту, – деді Н.Жантоқов.

Аталған мәселелер бойынша «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов, кеңес мүшелері Бексұлтан Дүйсенғұл, Серікқали Әубекеровтер, отырысқа бейнебайланыс арқылы қатысқан қоғам белсендісі Дидар Хамзин және басқалары өз көзқарастарын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған ұсыныс-пікірлерді ескерген басқарма мен департамент басшылары Нұрлан Жантоқов пен Әлібек Бекмұхамбетовтер кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Кеңес күн тәртібінде қаралған мәселелерге орай тиісті шешім қабылдады.

Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз