Жайылымы жоқ ауыл жекеменшік малын қалай бағарын білмей отыр
Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылы – еліміздің батыстағы ең шеткі нүктесі. Облыс орталығынан шалғай орналасқан бұл ауыл Ресейдің Астрахан облысымен шекаралас. Сондықтан да болар, Кеңес үкіметі кезінде Краснояр ауданына қарасты Бәйбек ауылымен төскейде малы, төсекте басы қосылып, екі ел арасындағы достастық бауырластыққа ұласқаны да рас. Алайда, еліміз егемендігін алғаннан кейін екі ел өз шекараларын бекітіп, ортаға терең ор қазды, тікенек сымдармен қоршалып, екі жаққа да шекарашылардың күзет постысы орнатылды. Әрине, бұның бәрі де – елдің тыныштығы мен бейбітшілігін орнатудағы маңызды қадамдар. Алайда, осы кезден бастап-ақ Көптоғайдан маза кетті.
Көптоғай – Қиғаш өзені бойында орналасқан елді мекен. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Тағы да кеңестік кезеңге шегініс жасайтын болсақ, сол тұста Одаққа «Көптоғай» овощ-сүт совхозы» деген атымен белгілі болған үлкен ұжымшар еді. Кейін жекешелендіру кезінде сол үлкен шаруашылықтың машина-тракторлары, іске асатын тетіктердің бәрі, ұжымшарды дәуірлеткен етті-сүтті «Украинаның қызыл сиырына» дейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Оған қолы жетпеген ауылдың қарапайым ғана малмен күн көрген еңбеккерлері ендігі жерде төрт түлік малды да өсіре алмайтын жағдайға жетті. Өйткені, жайылып үйренген мал екі орта қоршалып, әскер тұрғанын қайдан білсін, үйренген жерге жайылу үшін орға да түсті, Ресей жеріне сіңіп кетіп, иесіне қайтарылмай да қалды. Бұл жөнінде көптеп-көлемдеп жазып жүріп, мәселені біржақты қылғандай болып еді. Енді, басқа қиындық туындап отыр. Бұл ауыл Қиғаш өзені жағасына орналасқанымен шұрайлы жердің бәрі Ресей меншігіне өтіп, Көптоғай құм мен судың қоршауында қалды. Оңтүстік батысы – шағыл, солтүстік шығысы Қиғаш өзені. Аздаған мал жайылымдық жерлерді жиырма шақты шаруа қожалығы бөліп алған.
Осы орайда редакцияға хабарласқан Көптоғай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайыржан Өтепов: «Шабындық жерлерді бөліп алған шаруа қожалығы иелері жерді тікенек сыммен қоршап тастаған. Мал шөлдесе суға да бара алмайды, өріс те жоқ. Жайқалып тұрған шөпті көрген жануарлар қарап тұрсын ба, тұра ұмтылып, тікенек сымға жарылып, арам өлуде. Ал, жаңағы шаруа қожалығы иелерінің жекеменшік малы ауыл малымен бірге жүр. Тек аты ғана. Әйтпесе, шаруашылықпен айналысып жатқандары шамалы. Олар пішен шабу науқаны кезінде ғана пайда түсіреді. Шабындықты шауып, бір арба шөпті 35-40 мың теңгеден сатады. Ондай ақшаны табу да оңай емес. Жұмыс жоқ, көбі ата-анасының зейнетақысына қарайды.
Бұрынғы аудан әкімі Амангелді Барақатов: «Бәрін өзім тексеремін. Егер қажет болса, шаруа қожалықтарына жерді қырдан бергізуге де болар» деп еді. Ал, жаңа тағайындалған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ауылдармен енді танысатын шығар, кім келіп көрсе де тұрғындардың қиналып отырғаны даусыз» — дейді. Көптоғайлық Сырым Баженов: Ауылдағы электр желісі де ескірген. Көбіне-көп жарық үзіліп, қараңғыда қалып қояды. Мәселен, былтырғы жылы аяқ астынан жарық үзілгенде электр желісіне қосулы тұрған тоңазытқыш, компьютер және басқа да электрмен жұмыс жасайтын тұрмыстық бұйымдар өртеніп кетті. Оның шығынын кім өтейді? «Атырау-Жарықтың» аудандық филиалы болса, бұл желі ескірген, біздің балансымызда емес деп ат тонын ала қашуда. Сондай-ақ, электр энергиясын қауіпсіз таратып тұру үшін қолданылатын трансформатор да ескіріп, тозығы жеткен. Соның салдарынан 220-240 вольт ұстап тұрады да, аяқ астынан көтеріліп кетеді. «Атырау-Жарықтың» аудандық филиалы тұрғындардың сөзінен басын алып қашқанымен, электр энергиясының төлемін ай сайын ұмытпай жинап алады. Мал жайылымының жағдайы нашар. Сонда бұл ауыл кімнің иелегінде?», — деп өз пікірімен бөлісті. Көптоғай ауылдық округінің әкімі Сағындық Мұратов сауалымызға: Бұл жағдайларды түзетуге жұмыстанудамыз. Шабындық жерлердің мәселесінің қиындық туғызып тұрғаны рас. Оны да шешіп, реттеуге күш салудамыз. Ал, электр желісіне келсек, электр бағаналары иесіз қалған. Қазіргі таңда сотпен осы мәселені анықтау үстіндеміз. Иесі анықталған соң шешімі табылары сөзсіз. Әзірге ауылдағы алты көшені жарықтандыру жұмыстарын жүргізудеміз», — деп жауап берді.
Шындығында, қазіргідей дағдарыс қысып тұрған уақытта мал өсірейін десе, өрісі тарылған, жұмыс жасайын десе, ешқандай кәсіптің көзі жоқ ауылда өмір сүріп жатқан қарапайым ауыл адамдарының тірлігі өте қиын жағдайда. Айтатын тағы бір мәселе – Қиғаш өзені жағасында тұрып, қармақ құрып, асымдық балық аулай алмайды. Тұрмыс тапшылығында күйзелген тұрғындар балаларына сорпалық талғажау қылу үшін өзенге көз тіксе, ол жерде де жергілікті инспекторлар ұстап алады.
Өзі ілдалдалап отырған жанға айыппұл төлетіп, басқа да әкімшілік шараларға тартуы шектен шыққандық емес пе? Сонау тоқсаныншы жылдарда елді күйзелістен, аштықтан алып шыққан Қиғаштың балығы еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қағидаға сүйеніп, бірлі-екілі балық аулап, нәпақа тапқысы келген адам браконьер емес қой. Осыны ескеру қажет. Қалай болғанда да алыстағы ауылдың мұңы көп. Тек соны тыңдар құлақ болса…
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.