Жарнама
Қоғам

ЖАЙЫҚТЫҢ ЖІГІТІ

Сонымен, Жайықтың жігіті дегеніміз кім өзі? Мен үшін ол – ардақты аға, ұлағатты ұстаз Зейнолла Қабдолов, қарымды қаламгер, дарабоз драматург Берік Қорқытов, абзал азамат, парасатты профессор Қадыр Жүсіп, жүйрік журналист, сенімді серік Исатай Балмағамбетов, дархан дарын, өрелі өнерпаз Табылды Досымов, алымды ақпаратшы, пәрменді публицист Қуандық Батыр, әлеуетті әдебиетші, ізетті іні Баязи Әбдешов… Батыста тумаса да, бұл өңірге тастай батып, судай сіңген ағаларым берекелі банкир Қозыбақ Құлбарақов пен ғибратты ғалым Бейбіт Мамыраевты да Жайықтың жайсаң жігіттерінің қатарына қосам. Мен әр жылдарда Атырауды бетке алып жол тартқанымда осы азаматтар алдымнан шықты.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов ғылымға жетеледі, шешен шежіреші Берік Қорқытов Мұрат мұрасына жол сілтеді, зерделі зерттеуші Қадыр Жүсіп ізденістеріме шын ниетімен тілеулес болды. Ал, үзеңгілес дос Исатай Балмағамбетов ғылым жолындағы алғашқы сапарларыма менімен бірге аттанды. Исатай – басшы, мен – қосшы… Екеуміз Атырауды армансыз шарлап, Мұрат Мөңкеұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді тірнектеп жинадық. Содан бері Жайықтың жігіттері мені жарты жолда қалдырып көрген жоқ.

Соңғы уақытта солардың санатына Жайықтың тағы бір жігерлі жігіті қосылды. Аты-жөні – Жалғабай Құлғазиев. Мәртебелі мемлекеттік қызметкер. Серіппедей ширыққан спортшы. Атырауға қызмет бабымен қанша келсем де, осы елдің азаматымен құда болам деп ойламаппын. Осыдан екі жарым жыл бұрын Қытайдың аса ірі қаласы – Шанхайда оқитын ұлым Дәурен Қазақстанның халқы түгел сыятын шырайлы шаһардан Құлсарының көркем қызын кездестіріп, шаңырақ көтерді. Бұл бір қызық құдалық болды өзі. Ілгеріде Қайыр Құлғазиев деген Жылыойдың жігіті Түрікменстаннан оқу бітіріп келіп, мен туып-өскен Аралда қызмет істепті. Сонда жүріп біздің Оңай деген апамызбен бас қосыпты. Кейін ол еліне көшеді. Сол Қайрекеңнің бір ұлы –  Жалғабай Ақтөбеде оқып жүргенде Сыр бойының сұлуы Гүлнәрға жолығып, отбасын құрады. Бұлардың әулетін Сыр елінің қазығына байлап қойған ба дерсің…

Сөйтіп, олардың үш ұлының ортасында бұлаңдап өскен қыздары Әсем біздің үйге келін болып түсті. Дәурен мен Әсемнің тойында ардақты ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың: «Өзің аршыған жұмыртқадай аппақ екенсің, мынадай қап-қара баланы қайдан тауып алып жүрсің, айналайын?», — деп әзілдегені күні кеше ғана сияқты еді…

«Құдаң құрдасыңдай, құдағи сырласыңдай» деген халықтың  даналық сөзінің текке айтылмағанына үнемі көз жеткізіп келеміз. Қатарласпыз, пікірлеспіз, сыйласпыз, татумыз, ағалы-ініліміз… Қос құдағи Гүлнәр мен Тойған Астана мен Алматының арасын жаңғырықтырып, телефон арқылы күнара ақпарат алмасып жатады.

Жалпы, бұл әулеттен үйренетін үрдіс көп. Бәрі де Құлсарыны мекендейтін тоқсанға таяған қарағайдай Қайыр қарттың төңірегінде шоғырланады. Түгел соның қас-қабағына қарайды. Ақсақалдың ұрпақтары апта сайын Атыраудың әр тұсынан ағылып, Қамыскөлдің жағасында бас қосады. Әрқайсысы өз орнын біледі. Балалары да өңкей тектілердің есімін иеленген. Дина, Келбатыр, Ақбатыр, Қарабатыр… Кілең ердің сойы. Солардың арасында Атырау мен Аралдың ежелгі байланысының бойтұмарындай болып Аралбай деген ұл отырады.

Қамыскөлдің етегіне қатар-қатар үй тіккен сол шаттығы келіскен шаңырақтан шыққан Жалғабайдың үкілеп өсірген гүлі Әсем біздің үйге жылылық әкелді. Көп балалы әулеттен өсіп-өрбіген қыз көп ұзамай-ақ ибалы да инабатты келіннің кейпіне енді де кетті. Қазір оны өз қызымыздан кем көрмейміз. Дәурен мен Әсемнің сонау аспанасты елінің астанасы – Бейжіңдегі шағын пәтерінде Сая мен Сана деген немерелерім өсіп келді.

Былтыр құдалармен бірге Түрік еліне демалысқа бардық. Ақжайық пен Қамыскөлдің асау толқынымен алысып өскен Жалғабай балықша жүзеді екен. Тіпті, сол балығыңның өзі біздің Жәкешке ілесе алмай қалады-ау деймін. Жерорта теңізінің айдынында мүлтіксіз малтып, көз ұшындағы аралға дейін жүзіп барды. Аралдағы алып жақпар тастың төбесіне шығып, қол бұлғады. Сосын дамылсыз жүзіп, жағалауға қайтып оралды. Ол жуық арада келе қоймаған соң, құданың қолы талады-ау деп қауіп ойлап, қамығып отырсақ, Гүлнәр құдағи қаннен-қаперсіз күліп қояды: «Ол мұндайдың талайын көрген ғой. Біздің Қамыскөлдің арғы беті мен бергі бетінің арасы бұдан да алыс…». Сол жолы елдің тәуелсіздігін қорғау қызметінде жүрген Жалғабайдың арнайы дайындығының мінсіз екеніне куә болдық.

Құдадан гөрі құрдасқа көбірек ұқсаймыз. Сөйлесе қалсақ, әзіліміз жарасады, қалжыңымыз қабысады. Кездесе қалсақ, Құлсарыдағы Қарабатырдан бастап, сонау АҚШ-тағы Майклға дейін әдемі әңгімемізге өзек болады.

Енді, міне, сол Жайықтың жайсаң жігіті Жалғабайдың өмірге есік ашқанына жарты ғасырдың жүзі болыпты. «Елу деген көктемнің кеш келгені сияқты, Мынау дүние сені де ескергені сияқты» деп ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаев айтқандай, ол мерейлі жасқа еліне елеулі, халқына қалаулы болып, асқақ абыроймен жетті.

Төрт бала тәрбиелеп өсірді. Төрт құбыласы секілді, сол төртеуінің амандығын тілеп отырады. Қырықтың бел ортасына келмей жатып ата болды. Алтын асықтай екі немересі – Нұрислам мен Әмір Атырау мен Құлсарының арасын жол қылып, шапқылайды да жүреді. Жалғабай деп аты айтып тұрғандай, Жайықтың жігітінің жарасымды тіршілігі жалғасып келеді.

«Әттең, біздің сор маңдайлы Жайықта, Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа…» деп, Мұхтар Шаханов ағамның әдеби қаһарманы қанша күйінгенімен, Атыраудың арлан тектес ұлдары ешкімге намысын қолдан бермейді. Соның бірі – біздің кейіпкеріміз.

Көктемеден бір хабар аңсап,

Жүрегімнің оты лаулайды.

Көк жүзінде тырналар ән сап,

Тыраулайды, Атыраулайды… — деп әйгілі бард ақын Табылды Досымов жырлағандай, шағын шаһарды сонау Гурьев кезінен бері жер биігіне балап, үнемі «атыраулап» жүретін Жайықтың жігіті Жалғабайдың жарты ғасырлық жолы берекелі белестерге бастай берсін деп тілейміз! 

Бауыржан ОМАРОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының

корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button