Жағдайларың қалай, жастар?
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 12 тамызда Халықаралық жастар күні ғаламдық деңгейде тойланады. Атаулы күннің қарсаңында Атырауда да ерекше форматтағы шаралар өтіп жатыр. Онкүндік аясында өңір жастары спорттық сайыстарда, зияткерлік қабілетті дамытуға арналған байқауларда бас қосуда.
Бүгінде өңірде 207 598 жас бар екен. Ал, олардың қазіргі әлеуметтік жағдайы қалай? Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қала, аудандардағы мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 12 224 жас хабарласқан. Олардың 12 199-на әлеуметтік қолдау түрлері көрсетіліпті. Жұмысқа орналасқаны – 4 861.
Мамандар қазір жастар арасында кәсіп жасап, нәсібін тауып жүргендердің аз еместігін айтады. Оларға қолдау көрсету мақсатында мемлекет жаңа жобаларды қолға алып отыр. Мәселен, 142 жас кәсіпкердің 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие алуы үшін 710 млн. теңге бөлінген. Яғни, олардың 5 млн. теңгеге дейін қаржы алып, шаруасын дөңгелетуіне мүмкіндігі бар.
– Жастарды дамыту мен қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 13, әлеуметтік гранттық негіздер бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы» және «Атырау облысының жастары арасында пікір-сайыс қозғалысын дамыту» жобалары жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 18-35 жас аралығындағы өңірдің жас көшбасшылары үшін «Өзгеріс көшбасшылары» жас саясаткерлер мектебі жобасы аясында іс-шаралар жүргізілуде,-дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиева.
Халықаралық жастар күніне орай аймақта ауқымды шараларды ұйымдастыру жоспарланғанына тоқталған басқарма өкілі оның мазмұнына маңыз берді.
– Қазіргі уақытта Халықаралық жастар күніне арналған «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі өтуде. Оның аясында кемінде 10 мыңға жуық жасты қамтитын «Atyrau Jastar Fest» жастар фестивалі ұйымдастырылып отыр. Мұндағы әртүрлі бағытты қамтитын шараларға жастар белсенді қатысып, ерекше қызығушылық танытуда. Жастардың жасампаздығы мен жаңашылдығы жетістікке бастайды. Сондықтан қандай да бір ізгі істер мен жарқын жобалар олардың өрендеуі үшін жасалмақ,-деді ол.
«Ақсұңқар» ҚҚ-ның жоба жетекшісі Нұрсұлтан Зиядаевтың айтуынша, онкүндік аясында өтіп жатқан іс-шаралар жастардың ерекше қызығушылығын оятқан. Оған кейінгі толқын өкілдерінің белсене қатысуы дәлел болса керек.
– Биыл да Жастар күні ерекше ұйымдастырылып отыр. Іс-шараларда командалық ойын, экологиялық акция, поэзия кеші, зияткерлік жарыс, көшпелі кеңес беру бұрышы, кездесулер өтуде. Байқау түрінде өткен шарада ақшалай сыйақы да беру қарастырылған. Мұның бәрі жастарды ынталандыратыны анық,-дейді Нұрсұлтан Зиядаев.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттің болашағы. Оның ертеңгі дамуы мен әл-ауқатының көтерілуі соларға байланысты. Ендеше, оларға қолдау мен сенім керек. Сонда ғана жетістікке жете алатынымыз анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА