ЖАБЫРҚАУ КӨҢІЛДЕРГЕ – ЖАН ЖЫЛУЫ
1. Атырау қаласы бойынша бүгінгі күні әр топтағы 6277 мүгедек есепте тұр. Олардың ішінде 1365-і еңбекке жарамды болып саналады. Зерделеу бойынша 954 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қалалық әкімдіктің меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде оларды үш пайыздық квотамен жұмысқа қабылдау міндеттелген арнайы қаулысы бар. Бірақ бұл қаулы талаптары барлық мекемелерде бірдей орындалып отырмағандығы шындық. Әрине, қашанда түсіністікпен қарап, мүмкіндік жасап отырған мекемелер де бар. Дегенмен, бұл жұмыстар әлі де өз деңгейінде емес. Сондықтан, мүмкіндіктері шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға байланысты «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін» әр тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.
«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша жұмыс іздеп, 438 мүгедек тіркелсе, олардың 269-ы әртүрлі жұмыстармен қамтылды. Бұлардың тұрақты жұмысқа тұрғандары – 84, уақытша жұмысқа 85 адам орналасты. Ал, кәсіби оқуға жіберілгендері – 9. Жастар тәжірибесінде 18 адам еңбек етуде. Сондай-ақ, жеке кәсібін ашып, несие алып, өз еңбектерінен несібе алып жүрген он үш кәсіпкеріміз бар. Бұл бағыттағы ынталы адамдарымыз әлі де баршылық. Мұның өзі бұл адамдардың қоғамның қай саласына болсын араласып, еселі еңбек етуге қабілетті екендіктерін көрсетеді.
ҚР «Мүгедектер туралы» Заңы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тіршілік тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасаудың барлық шараларын қарастырып отыр. Үкіметтің «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы негізінде олар арнаулы жүріп-тұру құралдары техникалық көмекші, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама, тифло-сурдотехникалық құралдар, т.б. қажеттіліктермен жыл сайын қамтылып келеді.
Ал, қозғалысында қиындығы бар мүгедектер үшін арнайы автокөліктер бөлінген. Таксиге «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ арқылы сұраныс жасалады.Тірек-қозғалысы нашар жандарды тасымалдау үшін бөлінген «Инватакси» қызметін 2961 адам пайдаланады. Бұл қызмет үшін былтырғы жылы 9,0 млн. теңге жұмсалса, биылғы жылға аталған қызметке 17 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Әрине, бұл қызметте кемшіліктер де бар. Мысалы, сұраныстарды уақтылы орындай алмай қалатын кездер де болады.
2. Халықтың жекелеген топтарына көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау түрлері әрқилы. Мысалға алсақ, ҚР заңдылықтарына сәйкес, аз қамтылған отбасыларына мемлекеттік атаулы көмек, азық-түлік себеті беріліп келеді. Ал, 18 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, төленіп отыр. 2013 жылы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларына 42,3 млн. теңгеге балалар жәрдемақысы және атаулы әлеуметтік көмек, 301 отбасына 6,9 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жесірлеріне, тыл ардагерлеріне, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға ай сайын және мерекелік күндерге, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларына біржолғы әлеуметтік көмекке барлығы 104 млн. теңге жұмсалды. Облыс әкімінің тапсырмасымен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға ай сайын төленетін атаулы көмек 3158 теңгеден 10 000 теңгеге дейін өсірілді.
3. Қала бойынша мүмкіндігі шектеулі 953 бала бар. 287 жанұяның балаларына үйден оқыту жұмыстары ұйымдастырылған. Оларға материалдық көмек ретінде 9712,0 мың теңге қаржы төленді. Бізге түскен дерек бойынша, жоғары және арнаулы оқу орындарында осы санаттағы он сегіз студент білім алуда. Қала әкімінің әлеуметтік білім көмегінің иегерлері болып саналатын жоғары оқу орнының студенттердің оқу ақыларына 6,6 млн. теңге жұмсалды.
Ал, қайырымдылық жұмыстарына келетін болсақ, қазіргідей қымбатшылық заманда мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге ғана қарап отыруға болмайды. Сондықтан, жыл сайын атап айтқанда, «Наурыз мейрамы», «Балаларды қорғау күні», «Қамқорлық айлығы» сияқты атаулы күндерде демеуші мекемелерді қатыстыра отырып, қайырымдылық шараларын өткізу дәстүрге айналған. Өткен жылы жасалған осындай жұмыстардың қорытындысында 930 адамға 8 млн. теңгеге жуық мөлшерде қайырымдылық көмегі көрсетілді.
4. Биыл мүмкіндігі шектеулі адам саны 6487 болып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда көп. Шынымды айтсам, бұның себебін нақты айту маған қиын. Қалай болғанда да әр адам өз денсаулығына ерте бастан қарап, өзін-өзі сақтауы керек. Балаларының денсаулығына ата-аналар да үлкен жауапкершілікпен қарағандары жөн. Мемлекет бұл бағытта қыруар іс тындыруда. Қаражат та бөліп отыр. Бірақ, ең бастысы, адамның өз өміріне, демек, денсаулығына салғырт қарамағаны абзал.
Елбасының мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалар қамқорлықты мемлекеттік дәрежеде көтеріп отырғандығының басты себебі – оларды қоғамның белсенді адамдарымен бірдей деңгейге көтеру. Рас, атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, ешкім де «маған қатысы жоқ» деп қол қусырып сырт айналып отырған жоқ.
Әлеуметтік көмектің қай түріне де берілген құқықтар заңмен бекітіледі. Сондықтан, пандус, бағдаршамдардың талапқа сай орнатылуы, емдеу мекемелеріне құрал-жабдық алған кезде мүгедектерге ыңғайлылығының қарастырылуы сияқты басқа да аса қажетті мәселелер күн тәртібінен түспесе екен дейміз.
Ағиба ҚАТЕШОВА.