Жарнама
Қоғам

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ…

1890 жылы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге келген ол Гурьев қаласындағы екі жылдық орыс-қырғыз мұғалім даярлайтын гимназиядан дәріс алып, туған ауылындағы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып, еңбек жолын бастаған Қойшыбай Есембаев ел ішіндегі оба ауруының белең алуына байланысты ұлт саулығына себепші болып, өлім-жітімнің санын азайтсам деген игі мақсатпен дәрігерлік мамандықты игерді. Оның көп жылдық еңбегі мен мінсіз таза жұмысы, адалдығы жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен алғашқылардың бірі болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Алайда, көзі ашық, көңілі ояу жастың алға қарай адымдай басқан қадамын аңдып, ісінен ілік іздеген сұрқия саясат ақыры оны жазалап тынды. Халел Досмұхамедов сынды дара тұлғамен үзеңгілес қызмет атқарып, еліне қалтқысыз қызмет еткеніне қарамастан, Қойшыбай Есембаевты тұтқынға алды. Саналы ғұмырының он жылын темір тордың ар жағында өтеу туралы үкім шығып, Ақтөбе түрмесіне айдады. Көп ұзамай оның белгісіз себептермен көз жұмғаны жөніндегі қаралы хабар туған ауылына келіп жетті.
Соңында қалған ұрпағы мен бауырларына бұл үлкен соққы болғаны анық. Алайда, ақиқаттың жарыққа шығып, жазықсыз жапа шеккен жанның ақталуы тиіс деген қағидаттан таймаған олар үлкен жұмыстар атқарып, ақыры арада он жыл өткенде ол толық ақталды. 1998 жылы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылындағы мектепке ескерткіш тақта орнатылып, сол ауылдың бір көшесіне және облыс орталығындағы көшенің біріне Қойшыбай Есембаевтың есімі берілді. Осылайша, елі үшін еңбек еткен асыл азаматтың ерен еңбегі ел жадында жатталып, есімі ұрпақтарға үлгі болды.
Өткен өмірі өзгелерге үлгі болған арыстай азаматтың осындай адамдық қасиеттері мен абыройға жетелеген еңбек жолынан сабақ алған ұрпағы да саналы, кісілік пен кішілікті бойына қатар дарыта білген жандар еді. Әңгімемізге арқау болып отырған Қойшыбайдың ұрпағы Жақсығали Есембаев та дәл солай. 1923 жылы дүниеге келген ол орта мектепті аяқтап, еңбекке енді араласа бастаған шақта соғыс басталып, ел ішіндегі атқа мінер азаматтар Отан қорғауға аттанды. Ж.Қойшыбайұлы 1942 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Гурьев қаласындағы жаяу әскерлер даярлайтын училищеде курсант болып, арнайы даярлықтан өтті. Курсты тәмамдаған соң, Сталинград түбіндегі майданға қатынасты. Батырлығымен көзге түскен жас жауынгер көп ұзамай 35-ші атқыштар дивизиясына қабылданды. Дон майданында «станковый пулеметчик» болып жаумен шайқасты, кескілескен ұрыстарға қатысып, бейбіт күннің жақындауына жанын салды. Чертково темір жол торабын жаудан азат ету үшін болған ауыр шайқаста тағдырдың жазуымен Гурьевтен келген төрт жауынгер қатар жараланып, бір госпитальға түсті. Олар Құрманбай Досымбетов, Сайнеден Құспанов, Әжігерей Мерханов және Жақсығали Есембаев болатын.
1943 жылы госпитальдан шыққан соң Миллерово қаласында Оңтүстік-Батыс майданының лейтенанттар даярлайтын курсына қабылданып, сол жылы барлаушы взвод командирі болып, ІІІ Украина майданына аттанды. Елі үшін қиянкескі ұрыстарға қатысып, батырлықтың үлгісін көрсеткен Ж.Қойшыбайұлы бірнеше рет жау шебіне өтіп, тіл әкелгені үшін аға лейтенант атағын алды. Днепр өзенін кесіп өтіп, жауды тықсыра қуып бара жатқан шақта аяқ астынан жарылған снарядтың жарықшағы салдарынан екі аяғынан ауыр жарақат алып, елге оралуға мәжбүр болды. Айлар бойы әскери госпитальда ем алып, елге оралған соң, бірден жұмысқа араласып, түрлі қызметтерді атқарды.
1945-1948 жылдар аралығында Қызылқоға ауданының жоспарлау комиссиясының төрағасы, кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Қай салада болмасын өз білімімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Ж.Есембаев Алматы қаласындағы екі жылдық Партия мектебін бітіріп, еңбек жолының екінші белесін бастағалы тұрған шақта әкесі Қойшыбай жазықсыз жапа шекті, «халық жауы» атанып, істі болды. Осынау қара күйе еңбек жолында жетістіктерге жетіп, түрлі лауазымдарда еңбек етіп жүрген Жақсығалиға да жағылып, қызметтік өрлеуіне кедергі болды.
Бұдан кейінгі жылдарда облыстық атқару комитетінде бірнеше қызметтерді атқарып, 1958 жылдан өмірінің соңына дейін ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы болды. Сондай-ақ, өмір бойы мұғалімдік қызметті кәсіп қылған әке жолынан асып кете алмай, Гурьев педагогиалық институтының тарих факультетінде білім алып, үздік бітірді.
Кейінгі буынға өз білімі мен білігін үйретуден жалықпаған Жақсығали Есембаевтың «мектебінен» өтіп, оның үлгі боларлық өмір жолынан сабақ алған жандар аз емес. Олардың қай-қайсысы да «Жәкеңнің темірдей талабы мен талғампаздығына тәнтіміз» дейді.
Жазықсыз жапа шеккен әкесінің есімін ақтап, оның ауыр айыптан құтылуы жолында жанын салмай жұмыстанған Жәкең 1988 жылы бақилық болған соң, бұл жұмыстарды қарындасы Ақжай жалғастырған болатын. Талмай, тынбай еңбектенудің арқасында қазіргі таңда әкелері Қойшыбайдың есімі зиялы қауым өкілі ретінде аталып, оған тиесілі құжаттар мен жеке заттары облыстық мұражайға тапсырылып, құнды жәдігер ретінде ел назарына ұсынылуда.
Өмір сабақтастығы деген осы болса керек. Ж.Қойшыбайұлы мен жұбайы Үміт апайдың шаңырағында тәрбиеленген ұл-қыздары да бүгінгі таңда әке атына дақ түсірмей, әр салада табысты қызмет атқаруда. Өнегелі отбасынан алған тәлімі мен тәрбиені бойларына сіңіре білген ұрпағы қашан да әке рухын дәріптеуден тайған емес.

Мыңжасар ҚАБДОЛҰЛЫ.
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button