ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ
Белгілі ұстаз Шайхы Байсеуовтің ұйымдастырған аудандағы алғашқы кеңес мектебінде 1922-1925 жылдары дәріс алған Шоқан Қаржауов оқуын кейін Орал губерниялық жеті жылдық мектеп-интернатында, одан әрі Орал пединститутында жалғастырып, кейін Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітіріп шығады. Дипломын қолына енді ғана алған жас маман Қазақ өлкелік халық-ағарту комиссариатының жолдамасымен ірілендірілген Гурьев аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ол заманда ірілендірілген Гурьев ауданы құрамына қаладан басқа қазіргі Исатай, Махамбет, Индер аудандарының аумағы енетін еді. Жұмысқа білегін сыбана кіріскен жас маман араға үш жыл салып, яғни 1934 жылы Гурьев қаласындағы А.С.Бубнов атындағы педагогикалық техникумының (қазіргі Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі) директоры болып тағайындалады. Білім берудегі жаңашылдық, шәкірт жүрегіне жол таба білу, білім мен тәрбиені тиімді ұштастырудағы озық үлгілерімен басшылардың айрықша құрметіне ие болған Шоқан 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Сол кезеңде әскери қорғаныс қуатын күшейту мақсатында Гурьев облысынан кадрлар құрамы жұмылдырылған еді. Сол 400 адамның бірі болып Шоқан да әскерге аттанды.
Көп ұзамай әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс болып енген отты жылдар басталды. Отан үшін от кешкен сол сұрапыл соғыс жылдары Шоқан да өз қатарластары сияқты қолына қару алып, майданға аттанды. Төрт жылға созылған соғыстың небір азабын көріп, Белоруссияны, Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Болгарияны, Югославияны, Венгрияны, Австрияны, Чехословакияны фашизмнен азат еткен ұрыстарға қатысты. Үш рет жараланды да.
Соғыс аяқталған соң, яғни 1946 жылы ол педагогика саласындағы жұмысқа қайта оралып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында аға оқытушы, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарды.
1956-1962 жылдары Гурьев қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі, өлке құрылған шақта Еңбекшілер депутаттары Батыс Қазақстан өлкелік Советі атқару комитетінің (Ақтөбе қаласы) оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру тобының меңгерушісі, кейін Гурьев облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Бірнеше рет қалалық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, қалалық, облыстық Советтердің депутаты болып сайланды.
Шоқанның әкесі, яғни Мырзағали Қаржауов өзінің ауылдасы, құрдасы, бала кезінен бірге оқыған досы көрнекті ғалым, алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедовпен тығыз байланыста болды. Саяси күрестен бас тартуға мәжбүр болып, қалған өмірін таза ағартушылық, ғылыми-педагогикалық жұмыстарға арнаған Х.Досмұхамедов Ташкент қаласынан елге, Тайсойған өңіріне демалысқа келген сайын Мырзағали Қаржауовқа өзі шығарған немесе оның араласуымен жарық көрген қазақ тіліндегі әдеби кітаптарды сыйға тарту дәстүрге айналған болатын. Олармен танысу бала Шоқанның рухани өсіп, қалыптасуына айтарлықтай ықпал жасады.
Өзі оқып-білгендерін басқаларға үйрету, насихаттау Шоқан Мырзағалиұлының өмірлік ұстанымына айналды. Орал губерниялық жеті жылдық мектеп-интернатында оқып жүрген кезінен бастап жазғы каникулда №13 ауылда (Тайсойған өңірі) ересектерді оқытып, сауатсыздықты жою науқанына белсенді түрде араласты.
Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаумен қатар, Шоқан Мырзағалиұлы облыс жұртшылығына қарымды қаламгер, публицист ретінде де танылды. Оның оқу-ағарту, тарих, әдебиет тақырыптарындағы материалдары республикалық және жергілікті бұқаралық-ақпарат құралдарында өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап жарияланып тұрды. Өлке тарихын зерттеп, халық қамы үшін өмірлерін сарп еткен батыр бабаларымыз бен замандастарының асыл қасиеттерін көпшілікке насихаттау жөніндегі еңбектерінің өзі бір төбе. Оның Ағатай батыр, Сырым Датұлы, Исатай, Махамбет, Досан, Иса батыр жөніндегі көлемді материалдарын кезінде оқырман қауым жылы қабылдады.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, Шоқан Мырзағалиұлы көп жылдарын Атырау комсомолының тарихын зерттеуге арнады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып табылатын Атырау комсомолы мен жастары тарихының мұражайын өмірге әкелуі оның көп жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі болды.
Құрметті демалысқа шыққаннан соң да Шәкең 30 жылдан астам уақыт қоғамдық-саяси жұмыстарын белсенді түрде жалғастырды. Оның Отан алдындағы өлшеусіз еңбегі де лайықты бағаланды. Ол І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, Құрмет грамоталарымен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен және өзге де түрлі медальдармен марапатталды. Оған Қазақ ССР-на еңбек сіңірген жастар тәлімгері, «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атақтары берілді.
Қазақта «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген бар. Біз әңгімелеп отырған Шоқан Қаржауов та — елі үшін жасаған еңбектері ешқашан ескірмейтін ардақты азаматтардың қатарында. Ендеше, осындай абзал азаматтар салған сара жолды бүгінгі ұрпақ өзіне үлгі етуі тиіс.
Парух МАРДАНОВ,
республикалық
дәрежедегі дербес зейнеткер,
Атырау қаласы.