Жарнама
Қоғам

Жақсылық қылсаң, жар салма!

Кең далада дархандықты бойына сіңіріп өскен қазақы асыл қасиеттің бірі  – қайырымдылық. Басынан қандай заман өтсе де, жетім мен жесірін жылатпай, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы қасиеті. Десек те, арамызда азды-көпті жасаған жақсылығын жария ететіндер бар. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен, «әлеуметтік әлсіз топтарға ас береміз», «көп балалы отбасыларға немесе ардагерлерге азық-түлік себетін таратамыз», «мектепке қажетті оқу-құралдар алып бердік» деп аз ғана жақсылығын «айқайлап тұрып» айтатындар кездеседі. Болмашы ғана нәрсені, өз мүддесі үшін жұртшылыққа насихаттау қажет пе? Жақсылыққа жарнама жасау қаншалықты дұрыс?

lMJCa66BXnA

Қазақ­­ ­– жомарт халық

Атырау жұртшылығы да – жомарт. Аймақта сұрағанның қолынан қақпайтын, сүрінгенді демеуге дайын азаматтар жетерлік. Оған бір мысал ретінде жуырда ғана Назерке Аймұратованың еміне қаржы жинау мақсатында өткен шараларды айтуға болады. Назеркені халық «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Бисен Құранбектің «Қарекет» бағдарламасы арқылы жақсы таниды. «Әр күнді атырамын үмітпенен» деп елдің ықыласына бөленген Назерке небәрі бес жасында арбаға таңылған. Содан бергі жеті жыл уақыт аралығында кішкентай қыз өлеңді жанына серік етіп келеді. Биыл жасөспірімнің Кореяға емделуге шақырту алып, көп жылғы арманы орындалуда.

Алматы әуежайынан Корея еліне ұшаққа отыратын кішкене қызға көмек көрсету мақсатында Атырау қаласынан «Назеркені қолдаушылар» қайырымдылық қорының командасы құрылды.

Команда құрамын жинақтаған осы топтың басшысы Болатбек Қоңырбаев есімді азамат. «Ретро парк» саябағында «Назеркемен кездесу» атты екі мәрте қайырымдылық концерті өтті. «Дина» сауда орталығында қайырымды жандардың қолымен әзірленген тәтті тағамдар жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сол сәттің бірінде сауда орталығындағы қайыр сұрап, күн көріп жүрген жандардың өзі де қалтасындағы соңғы тиындарын жәшікке салып жатқанының куәсі болдық. Назеркенің еміне қаражат жинау мақсатымен біреуі ән айтса, енді бірі би билеп, түрлі аспапта өнер көрсетті. «Атырау Логос» қайырымдылық қоры, «Алақай» театры, «Қызыл-ай қоғамы», «Иманғали» орталық мешіті, «Ретро парк» саябағының әкімшілігі, «YoYo» батут орталығының, «Бриллиант» би тобы, «Дина» сауда орталығының  ұжымдары қолдау көрсетті. Бірақ, «біз осылай жасадық» деп жар салған жанды көрмедік. Керісінше, бір-бірін ыммен түсінгендей, ауызбіршілікте жұмыс жасап, қаршадай қыздың сауығып кетуі үшін қолғабыс етті. Нәтижесінде қомақты қаражат жинап, бүлдіршінді қуантты. Олар бұл істерін жария етпесе де, халық  ризашылық танытты.

Ақ пен қара

Дегенмен, арамызда түйедей нәрсені түймедей ететіндер бар. Біздің редакциямызға хабарласқан Айнұр есімді жас ана  (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертіліп берілді) жолдасы уақытша жұмыстан босап қалғандықтан, үш баласын мектепке даярлауға бір компаниядан көмек сұраймын деп балаларын ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын айтты.

«Өзім мектепте оқып жүрген кезімде, алғашқы қоңыраудың үстінде көп балалы отбасының немесе  жетім балаларға аттарын атап, түрлерін түстеп тұрып киім-кешек пен  сөмкелер беретін. Оқушылардың алдында ыңғайсыздана шыққан балалардың түрін көрсеңіз. Кейін біразға дейін бізден қымсынып жүретін еді. Биыл мұндай күйді менің балаларым да басынан өткерді. Сыйлыққа адамдардың  ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен қол жеткізген балаларым үйге қуанып емес, көңілсіз келді. Әсіресе, 7-ші сыныпта оқитын үлкен баламның бетіндегі ұяттың отын көріп, өзімді кешіре алмадым. Осылай боларын білгенде балаларымды құрал-жабдықсыз-ақ оқуға жіберер едім ғой. Бұл қадамға жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ, пәтер жалдап жүргендіктен барған едік», —  деген ол білдей компания қызметкерлері алып берген аз ғана затты осынша насихаттағанына налыды.

«Әрине, жалақы есебінен жиналған ақша –әркімнің  адал еңбегінің ақысы. Мұқтаж адамдарға көрсеткен мұндай жақсылықтарына ризамыз. Дегенмен де, баланың көңіл-күйіне, абыройына мән беру керек емес пе?!», — дейді Айнұр.

«Жақсының жақсылығын айт…»

Иә, «Мектепке жол» акциясы аясында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде көптеген балаларға қолдау көрсетіліп келеді. Аталмыш акцияның оқушылардың қатарынан қалмай киініп, мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етуде маңызы зор. Мәселен, өткен жылы акция аясында облыстағы 16 000 балаға көмек көрсетілсе, биыл қыркүйек айына дейін 6000-нан астам оқушы осындай қолдауға ие болған. Бұл облыстағы ортақ көрсеткіш, ал, оның әрқайсысын жекелеп көрсетіп, балаларды жұрттың  алдында ыңғайсыз күйге түсіре берсек не болады?

Жалпы, жақсылығыңды жарнамалау адамгершілік әрекетке жата ма? Біз бұл жайында «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаевқа жолыққан  болатынбыз.

«Тапшылық тауқыметін тартып, тарыққан жандарға үнемі қол ұшын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру «Иманғали» орталық мешітінің алға қойған міндеттерінің біріне айналды. Бұл бағытта көптеген игі шаралар жасалып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазағымыз. Өйткені, мешіттер немесе басқа да мекемелер қайырымдылық-ізгілікті шараларын өзгеге ғибрат болсын деп өткізеді. Яғни, осындай іс-әрекеттерден өзгелер үлгі алу үшін жасайды. Шариғат бойынша екі нәрсеге рұқсат етіледі. Оның бірі – «Иә, Аллаһым менің де осындай дүние-мүлкім болса екен, менде Алла жолында садақа берейін, медресе салайын» деп армандау. Сол секілді, кейбір кісілер қолындағы бар дүниесін қайда жұмсарын, не істерін білмеуі мүмкін. Міне, сондай жандарға бұл да бір сауап жинауға үлкен мүмкіндік берер іске жатады.

Әр істеген жақсылық адамның ниетіне байланысты.

— «Мені көрсін», «Мені танысын» деп өзін жақсы жағынан көрсеткісі келсе, бұл риягершілік болып табылады. Әрине, ондай адамгершілікке, имандылыққа жат оймен жасалған амалдың қайырымды іс болғанымен, сауабы да азаюы мүмкін. Сондықтан, ең бірінші барлық амалдар адамның шын ниетімен жасауы керек, —  дейді ол.

«Жақсылық етсең – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» дейді халық даналығы. Садақа берсеңіз – жасырыңыз. Ал, оны біз жариялап жатсақ, асыру үшін жасаған амалымыз болсын.

ТҮЙІН:

Ел аузында мынадай бір аңыз бар. Қарт кісі базарда келе жатып, алдында бір саудагердің түймесі үзіліп түскенін көреді. Жерден алып бермекші болады да, райынан қайтып қалады. «Осы түймеге қарап қалып па? Онсыз да түймелері көп қой» деп ойлайды ішінен. Бірақ, саудагер алыстап кеткенде соңынан еріп, ақыры түймесін апарып береді.

Уақыты келгенде әлгі қарт дүние салады. Періштелер оның амал дәптерін қарап, істеген жақсылығы мен жамандығын таразыға теңдеп жатыр екен. Әлден уақытта жамандығы асып кетеді. Сонда бір періште таразының жақсылық артылған басына баяғы түймені әкеліп салыпты. Сол-ақ екен, жақсылық жағы басым түседі. Қарт періштеден: «Бұған дейін істеген қанша жақсылығым есепке алынбай, бір ғана түйменің салмағы ауыр тартқаны қалай?» деп сұрайды. Періште «Бұған дейінгі жақсылықты жұртқа айтып мақтандың, елге көрсету үшін жасадың. Ал, түймені шын көңіліңмен көтердің» деген екен. 

Мәлике Қуанышева

Related Articles

One Comment

  1. Республикамыздың әп азаматы мен азаматшасы оқыпа өзіне бір түйін шығаратын мақала екен!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button