Жарнама
Қоғам

ЖАҢАРУҒА БАСТАҒАН ЖАҢА БАҒЫТ

Бұл – мемлекетіміздің өркениет көшіне ілесіп, дамуын одан әрі жалғай түсетін баянды жоспар, жаңаруға бастаған жаңа қадам. Аталған жоспарда «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөліміндегі 9-шы қадамда көрсетілген «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір олардың кәсіби шеберлігін арттыру» туралы талабы  өте  орынды. Елбасы реформаларды қатаң бірізділікпен жүзеге асыру қажеттігін және олар мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудан басталатынын ескертті.

Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден тұлғалық қабілеті мен қасиетінен басқа, ғылым, мәдениет, ақпараттық және әлеуметтік технологиялардың жалпы дамуына сай жаңа арнаулы білім, білік пен дағдыны меңгеруін талап етеді. Сол бағытта мемлекеттік қызмет реформасын дамытудағы басты міндеттің бірі де жаңаша ойлап, әрекет ететін мемлекеттік қызметшілерді дайындау болып табылады.

Басқару қызметінің түрлері мен мазмұны да күн сайын күрделеніп отырған кезеңде олар жаңарған қоғамның динамикалық өзгерістерінің сұраныстарына жауап беретін дәрежеде болуы тиіс. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде әрбір мемлекеттік басшының қызмет сапасына орай қойылар талап та артып келеді. Қазіргі қоғам мәдениет деңгейі жоғары, ақпараттық технологиялармен бірге заманауи әлеуметтік технологияларды игерген, нарықтық эко­номика жағдайында табысты түрде басқару әдістерін меңгерген басшыларды, сонымен қатар қосымша дайындық кезінде өздері резерв ретінде ұсынылып отырған мемлекеттік лауазымға қойылатын кәсіби талаптарға сай басшыларды қажет етеді.

Бұл облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласында басқарушылық білім мен құзыреттерді дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығына да үлкен жауапкершіліктерді жүктейтіні сөзсіз. Өңірлік орталықтағы оқыту үдерісінің нәтижелі ұйымдастырылуына  ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен ынтымақтастық қызметі үлкен септігін тигізіп келеді.

Сонымен қатар, Өңірлік орталық өз жұмысын Атырау облысы әкімі аппаратының қолдауымен одан әрі дамытып, материалдық-техникалық базасын үнемі кеңейтіп келеді және орталықтағы барлық іс-шаралар уәкілетті орган басшыларының қатысуымен жүргізіледі.

Өңірлік орталық жергілікті басқару органдары алдында тұрған міндеттерді шешуге қабілетті басқарушылардың кәсіби және кадр әлеуетін көтеру мақсатында мемлекеттік қызметшілер оқуының үздіксіздігі және бағыттылығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған және басшы лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарынан және біліктілік арттыру семинарларынан өткізіп, кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді.

Оқыту үдерістері де мемлекеттік органдардың сұраныстары мен мемлекеттік қызметшілердің мүдделеріне сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан, Елбасының «100 нақты қадамы» жоспарының бағыттары мемлекеттік қызмет саласындағы әрбір қызметші үшін өз қызметтерін абыройлы атқаруға негіз  болады деген ойдамын.

Баязи ӘБДЕШЕВ, Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button