Жарнама
Қоғам

ЖАҢА ЖОБА – «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ»

Қоғамның іргетасы саналатын отбасы тақырыбында айтылар мәселе көп. Соның қатарында ажырасу мәселесі де қалыс қалмайды. Облыстық Әділет департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы 6073 неке қиылған болса, оның 1527-сі ажырасқан. Ал, биыл неке қиған 2095 отбасының 644-і ажырасып кеткен. Ажырасушылардың жас шамалары 19-35 жас аралығында. Ажырасу көрсеткіші биыл өткен жылмен салыстырғанда төмен деп өзімізді жұбатсақ та, бұл қоғамды алаңдатпай тұрмайды. Расымен де, кеше отбасын құрып, бүгін ажырасып жатқандар қаншама? Жоғарыда айтылған мәселелермен қатар бұл да-бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Сайып келгенде, мұның бәрі отбасы құндылықтарына баса мән беру керектігін айғақтайды.

Елбасы өз Жолдауында да бұл мәселеге баса мән берген болатын. Қазақстандық отбасылардың орнықты дамуын әрі қарай жетілдіру, ата-ана жауапкершілігін арттыру, қазақы дәстүрге жат ажырасу мәселесіне, сондай-ақ, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, бақытты отбасын құру керектігі әр азаматтың міндеті екенін алға қойғаны белгілі. Партияның жаңа доктринасында да «Отбасы  біздің қоғамымызда дәстүрді сақтаудың басты институты болып саналады. Қоғам мен мемлекеттің беріктігі оның тұтастығына тікелей байланысты. Біз қоғамдағы дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуды көздей отырып, оны мемлекетті күшейтудің негізгі факторы ретінде санаймыз» делінген. Міне, осы идеяны басшылыққа алған «Нұр Отан» партиясы «Бақытты отбасы» жобасын қолға алды. Бұл жобада отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, ұлттық тәрбиенің негізі мен ұлт болашағын қалыптастыруда ата-ананың міндеті жастарды бақытты да берік отбасын құруға тәрбиелеу төңірегінде жауап іздеу алға қойылған.

Ендігі уақытта еліміздегі мемлекеттік отбасы саясаты сабақтастығын заңнамалық жағынан қамтамасыз ету, отбасын әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау, қорғау қажеттілігі басты міндет болып табылады. Бұл мақсаттар тек жауапты адамдарға, ата-аналарға ғана жүктелген міндет деген сөз емес. Осы мәселеде «Нұр Отанмен» бірлесе отырып, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктер  қазақстандық отбасылардың бақытты болуына өз үлестерін қосуы қажет. Және бұл күн тәртібінен  түспейтін маңызды жұмысқа айналуы тиіс. Қоғамдық бірлестіктер осы жоба аясында  әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, қазіргі қазақстандық отбасының портретін анықтау мақсатында түрлі конкурстар ұйымдастыруды да әдетке айналдыру керек. Қайткен күнде де өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтап, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген жөн.

Осы тұста айта кетерлігі, шаңырақтағы ер-азамат әкенің беделін арттыру қажет. Қазіргі балаларды әке-шеше, ата-әжелері емес, интернет желілері, «Айпад», «Айфон» тәрбиелеп жатқанын көріп қынжыласың. Бүгінде ұйып отырған отбасын бұзатын қазақ қыздарының көбейгенін, ал, біреудің ұйып отырған отбасын бұзу қазақ қыздарына жат қылық, бұл шала тәрбиенің жемісі екенін ескерсек, неғұрлым балаларға ерте бастан ұлттық дәстүр, ұлттық қасиеттерімізді сіңіріп өсіретіндей тәрбие қажет. Бұған отбасындағы тәрбиемен қатар мектептегі тәрбиені де қоса айтқан жөн.

Әлемдік бәсекеге қабілетті сапалы адам капиталын дайындаудағы үдерісте мектеппен бірге отбасы да тең дәрежелі, тең жауапкершіліктегі субъект болып саналады. Қазіргі мектеп оқушылары – түгелінен Тәуелсіздік перзенттері. Демек, олардың әке-шешелері де ата-аналардың жаңа буыны. Біздің міндетіміз осы жаңа буын ата-ананың отбасы мәдениетінде бала тәрбиесіне басымдық беруге назарын аудару. Мәселен, отбасының бақытын нығайтуда Жапония мен Кореяда қыз бала 18 жасқа келгенде міндетті түрде «Отбасы бақыты» атты курсын оқытады екен. Онда отбасының және дүниеге келетін бала күтімінің педагогикалық, психологиялық, медициналық, әлеуметтік мәселелері, тән және жан сұлулығы оқытылады, отбасын сақтау ұстанымы санаға егіледі. Отбасының тұрақтылығын, беріктігін қамтамасыз етуде оң нәтижелерге қол жеткізетінін мұндай тәжірибелерді бізге енгізуге болмас па еді?! Қалай десек те, отбасы құндылықтарын сақтауда кезек күттірмейтін тәрбие мәселесін бірінші кезекке қойған жөн. Аталған тақырып төңірегінде партия ұсынған «Бақытты отбасы» жобасы аясында барлық тұрғындар  өз ұсыныстарын білдіруге болады. Тәрбие мәселесіне ден қойып, партия мүшелерімен қызмет етемін деушілерге есігіміз әрдайым ашық.

Мақсот ИСЛАТ,
«Нұр Отан» партиясы
Атырау қалалық филиалы
төрағасы бірінші
орынбасарының көмекшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button