«ЖАҢА ӨМІР» ҚОРҒАНСЫЗДЫ ҚОЛДАЙДЫ
Жиынды «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкімет және бұқарамен байланыс жөніндегі бөлім кеңесшісі Гүлнар Айтжанова кіріспе сөзімен ашты.
— 2009 жылы ТШО мекемесі қайырымдылық акцияларды қолдау бойынша жүргізген қысқа мерзімді іс-шараларды тәмамдаған болатын. Бірақ, жергілікті қоғамдық бірлестіктермен жаңа байланыстар орнату жолға қойылды.
Қандай жоба болмасын, байқау арқылы таңдалады. Міне, осындай «Жаңа өмір» жобасы да қоғамдағы әлеуметтік көмекті қажет ететін балалармен жұмыс жасауды қамтиды. Аталған жоба бағдарламасы бойынша интерактивтік оқулар, көптеген тренингтік сабақтар өткізілді. Ең бастысы, балалар өз қолымен ас пісіру, киім тігу, шеберхана ішінде ағаш жону, күнделікті қаржыны үнемдеуге үйреніп, жеке шаруаға барынша бейімделіп қалды. Нәтижесінде, еркін сөйлеу, топта бірігіп жұмыс істеу, алға қойған мақсатқа жете білуді меңгерді. Бұл олардың ертеңгі қоғамнан өз орындарын табуына септігін тигізетіні айдан анық, — деді ол.
Жоба жөнінде түсірілген арнайы бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінде тәрбиеленушілердің өзіндік қызығушылықтары бойынша қолөнер шеберлігі, коммуникативтік-спорт ойындары, компьютерлік әрлендірме үйірмелері ашылған. Бала асырап алушы үміткерлер үшін пайдалы кеңестер беретін кездесулер өткізіліп, психологиялық сауалнама жұмыстары жүргізіліпті.
Бірлестік төрағасы Ұлықбек Тінәлиевтің айтуына қарағанда, алғашында әлеуметтік жағдайы төмен балалармен жұмыс оңайға соқпаған көрінеді. «Жоба екі бағытты қамтиды, біріншісі – бала асырап алушы ата-аналар мектебіне қолдау білдіру, екіншісі – жетім балаларды болашақта өз бетімен өмір сүруге бейімдеу. Түпкі мақсатымыз – балалар үйі түлектерінің өз отбасыларын құруына жәрдемдесу. Осы бағытта барлығы 20 іс-шара ұйымдастырылды. Жобаға С.Қазыбаев атындағы балалар және жасөспірімдер үйлері, отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілері, директорлар мен тәрбиешілер қатысты. Балалар атқарған жұмыстардың бәрі де мемлекеттік органдар, білім беру мекемелерімен келісілген меморандум негізінде жүзеге асты», — дейді Ұлықбек Серікұлы.
– Жаңа жобаның инновациялық жаңалығы сол, балалар үйінде қалыптасқан жағдайға байланысты тәрбиеленушілерге өз еріктерімен қатысуға мүмкіндік берілді. Енді айналаны қоқыстан тазартып, спортпен айналысуды дағдыға айналдырған олар адамдарға жақсылық жасай білуге де талпынды. Кәсіп түрлері туралы мағлұмат алып, тәжірибе жинады. Жобаның сәтті жүзеге асуы – білікті жаттықтырушылар мен жүйелі жұмыстың арқасы. Сондай-ақ, мемлекеттік орындардың көмегі, айқын мақсат, психологиялық жайлылық, жас ерекшелігін ескергеннің пайдасы деп білемін.
Аула ішін көркейту жұмыстарына тәрбиеленушілерді көндіру қиын болғанымен, нәтижесін бермей қоймады. Балалар үйінің қабырғасында тәрбие алып жүргендер үшін ішер ас, киер киім – бәрі де дайын екені белгілі. Осыған бойлары әбден үйреніп қалған олардың өздіктерінен еңбек етуге келгенде ынталары төмен екендігі байқалды. Міне, құрылыс жұмыстарында дәнекерлеу, майлау, көгалдандыру бойынша машықтанған ер балалар енді зор өмірлік тәжірибе алды. Олар аула ішіне жалғыз аяқ жолды кірпіштерден құрастырып салды. Ал, қыздар болса, іс тігу, тәтті тағамдар пісіру, ас мәзірін әзірлеуді үйренді, — деді «Қазақстанның Тәуелсіз Ұрпағы» бірлестігінің жобалар бойынша менеджері Нелли Куликовских.
«Шаңырақ» балалар ауылының басшысы Гүлсара Ботатаева тәрбиеленушілердің Жайық жағалауымен серуендеп, тарихи-танымдық саяхат жасағандарын, спорттық акциялар өткізгендерін жеткізді. «Азаматтарымыз аула ішіне белтемір орнатып, киім ілгіштер, волейбол бағандарын қондырды. Ал, қыздар жағы көшет отырғызып, гүлдерге күтім жасады. Жастарымызды осы кезден қаржылық сауаттылыққа бейімдеп, еңбек қызметін жоспарлау бойынша бағыт-бағдар беріп отырсақ, артық етпейді», — дейді ол. Шара соңында бірлестік басшысы барлық қатысушыларға марапат қағаздары мен алғыс хаттар табыстап, сыйлықтар ұсынды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.