ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАБАТЫН ЕҢБЕК
Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқаннан бері қарай Елбасымен арадағы сұхбат жанрындағы мақалалары мен ой толғамдарын жұртшылық назарына ұсынып келе жатқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановтың қаламынан туған бүгінгі «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы толық ғұмырбаяндық шығарма ретінде бағалауға болатын үлкен еңбек.
Елбасының өмірі жөнінде жазылған «Өмір өткелдері» кітабы Елбасының өз аузынан естіген әңгімелерінен, адам, заман, қоғам туралы қозғаған ой-толғамдары мен ғибратты пікір-сұхбаттарынан құрылғаны кітап тақырыптарын жүйелеп айтып шығуға, емін-еркін баяндауға мүмкіндік береді және оның соншалықты бағалы, әрі шынайы екенін көрсетеді. «Кітап – қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекті оқулығы. Елбасының ғибратты ғұмыры айшықталған аталған туынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдар мен студенттердің, жалпы жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратыны анық» деген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың пікіріне кітапты оқып шыққандардың көзі әбден жетеді.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз да аталған кітап туралы пікірінде сөз еткендей, бұл туындыда Елбасының балалық шағынан бүгінгі кемелденген даналығына дейінгі аралық түгел қамтылуы көрініс тапқан. Автордың өмірі халқының, өзі құрған мемлекетінің тағдырымен өзектес, қатар, бірге, тұтас өріліп, жалғасып келеді. Тартымды, ғибратты, қызығып оқитын, көзіңіз көріп жүрген, етіңіз үйренген кәдімгі сұхбат емес, ойға, қисынға құрылған терең, байсалды, кемел, деректі көркем шығарма болып табылады.
Әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылған Фидель Кастроның «Менің өмірім» атты өмірбаяндық сұхбат кітабын шебер қиюластырған журналист Игнесио Рамоненің желісі бұл кітапта да сақталған сияқты көрінгенмен, Елбасының соңғы ширек ғасырдағы әлемді аударып төңкергендей толассыз тарихи құбылыстардың басы-қасында атқарған жасампаз қызметі, әрі қарапайым, әрі түсінікті әңгіме – диалог түрінде өте шебер суреттелген. «Менің тағдырым – бақытты тағдыр» — деп атап көрсетеді Елбасы.
Өмір жолының тақтайдай тегіс болмағанын, алдынан талай кедергілер кездескенін, олардың кейбірін заман, кейбірін қоғам, кейбірін адам қойғанын, осыған қарамастан соның бәрінен де өтіп, халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанына мың тәубе ететінін атап көрсетеді.
Аталған кітаптың негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да, жарқын сәттері, сұхбат кітабының тараулары қайсыбір кезеңдердегі қоғамның саяси көңіл-күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал, экономикалық талдау зерделі оқырмандарға осы жылдардағы жағдайды ойша пайымдауға мүмкіндік береді.
Елбасының «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы тек жеке адамның өмірбаяны ғана емес, ел тарихы мен болашағына заңды қалыптасу кезеңі мен жарқын болашағына бағыт сілтейтін, әр оқырманның жүрегіне жол табатын шебер туынды.
Жұмажан ҚАДИМОВ,
Исатай аудандық
мәслихатының хатшысы.