Жарнама
Қоғам

ЖҮРЕККЕ ӘМІР ЖҮРМЕЙДІ

Асқар Тұрсынғалиевтың жұбайы Людмила Георгийқызы Вовк Калининградта  1960 жылы дүниеге келген. 1963  жылы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге орай, отбасымен Ақмола облысына көшіп келіпті. Людмиланың жастық ғұмыры осы Көкшетау өңірінде өтті. Түрлі ұлт өкілдерімен бірге орыс тілінде орта мектепті аяқтағасын 1977 жылы Тараздағы жеңіл өнеркәсіптік  институттың технология факультетіне  оқуға түседі. Одан бір жыл бұрын жерлесіміз Асекең де осы институтта тәлім алып, комсомол ұйымының хатшысы болып қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан. Институт қабырғасында екеуі танысып, кейін отау құрады.

– Кеңес Одағы кезінде тек қана орысша тәрбие алсақ,  бүгінде болашағымызды тек Қазақстанмен байланыстырып, қазақы дәстүр мен тілге де ден қоя бастадық, — дейді Людмила Георгийқызы.

Отбасында Асхат, Динара атты ұл-қыздары болса, Мейрамгүл атты келіні, Әсел, Эльвира, Асанәлі, Әделя атты немерелері өсіп келеді.

Қанаттың жұбайы Джульетта Бочоришвили 1987 жылы Грузияның Тержоло ауданы Кведоалисувани селосында дүниеге келген. Джульеттаның әкесі Анзор Бочоришвили Қазақстанда Орал қаласында  құрылыс саласында еңбек еткен. Сол кездерде Галина Костина атты Индердегі украин қызына кездесіп, көңілдері жарасып, үйленіпті. Содан Грузияда тұрып, отбасында Джульеттамен бірге ағасы Александр мен апасы Зида және інісі Зураб дүниеге келген. Алайда, 1998 жылы әкесі Анзор дүниеден озады. Жолдасының жылы өткен соң Галина Михайловна балаларымен бірге төркіні Индерге жолы түсіп, қыдырып қайтпақ болады. Бірақ, әлдебір себеппен жеке құжаттарын жоғалтып алады. Құжатсыз жолға шыға алмай, оны қайта жасамақ болып жүргенде біраз уақыттың да жүзі өтіп, төркіндеп қалады. Кейін осы жерде пәтер жалдап, балалар мектепке барады. Сөйтіп, Қазақстанда тұрақтап қалады.

Жолдасымен бірге болашағын Қазақ елімен байланыстырған ол  күніне кем дегенде  үш ауыз қазақ сөзін үйренуді өзіне міндет етіп қояды.  Сөйтіп, келін болып түскеніне бір жылға жетпейтін уақытта қазақша еркін сөйлесуге мүмкіндігі болыпты. 

Бүгінде Қанат пен Джульетта тату-тәтті ғұмыр кешуде. Отбасында Ділназ, Айымжан атты қыздары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте тәлім алса, Аман атты кішкентайы үйде ойнап жүр.

Қазақтың ағайынды жігіттеріне келін болған украин мен грузин қыздары болашақтарын тек қана бірлігі мен берекесі келіскен Қазақ елімен ғана байланыстырады. 

Саламат БАЗАРБАЕВ.

Индер ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button