ЖҮРЕГІМДЕГІ ЖАРҚЫН БЕЙНЕ
Бүгінде сарғайған сағынышқа айналған сонау 1962 жылдың жайсаң жазында Сарытоғай орта мектебінің табалдырығын аттаған Лариса көп ұзамай озат оқушылар санатынан көрінді. Ол кісіні жақсы білетін ұстаздарымыздың айтуынша, апай сабаққа өте алғыр болған. Соның ішінде, оның ең жақсы көргені тіл-әдебиет пәндері еді. Әсіресе, орыс прозасы мен поэзиясының інжу-маржандарын құныға оқыды. Ақындардан Александр Пушкин, Федор Тютчев, Сергей Есенин, прозашылардан Антон Чехов, Лев Толстой, Николай Гоголь және басқа да орыс әдебиетінің алтын дәуірі өкілдерінің туындылары арманшыл қыз Ларисаның жан-дүниесін тебірентіп, ерекше ләззатқа бөлейтін. Сондағы кейіпкерлерге еліктеп, өмірде ізгілік жолымен жүруге тырысатын.
Көркем әдебиетке деген құмарлықтан шығар, жоғарғы кластарға барғанда өзі де әдебиетші болсам деген арманға берілді. Соны жүрегіне бекітті. Сол арманның жетегінде 1972 жылы мектепті бітірген бойда Гурьев педагогикалық институты филология факультетінің қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсті. Мұнда ол тіл мен әдебиеттің теориясына қанығып қоймай, көркемдік әлеміне де үңілді. Яғни, шығармалардың өзін де хрестоматиялық тұрғыда зер сала оқыды.
Оқу сәтті бітті. Арман болған диплом да қолға тиді. Сөйтіп, әуелі бірер жыл жолдама бойынша Ақтөбе облысының Байғанин ауданында, одан соң өзіміздің облыстың Балықшы ауданына қарасты Бесікті ауылында ұстаздық қызметтер атқарды. Бірақ, өзінің туған жері Махамбет ауданына деген сағыныш оған маза бермейтін. Оның үстіне туған бауырлардан да алыс жүру әйел баласына қиын ғой. Сөйтіп жүргенде Сарайшық ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде қызмет істеудің сәті түсе кетті. Ол жерге орыс тілі мамандары өте керек еді. Өйткені, техникалық пәндер сол кездегі үрдіс бойынша орыс тілінде оқытылатындықтан оқушыларға бұл тілді білу өте қажет болатын. Міне, Лариса апайдың бізге дәріс беруі осы кезден басталды. Біздер Сарайшық орта мектебінің 8 класын бітірген соң осы өз ауылымыздағы Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесіне (бүгінде ол Махамбет аграрлық колледжі) оқуға түскен болатынбыз. Кеудеміз асқақ армандарға толы бала кезіміз. Сол арманымыздың қанаты қатаюына себепші болған ұстаздарымыздың бірі Лариса Орынбасарқызы болды.
Сол кезде жас маманға қай жағынан да қамқор болған училище директоры Мұхсимат Жұмалиев, директордың орынбасары Халидолла Дүйсеев, мұғалімдер Зұлпыхар Гаммаев, Жанұзақ Ғизатов, Сәуле Қайреденова, Сағынғали Құспанғалиев, Дина Айтқалиева, Александр Гиркин және басқаларының адамгершілік асыл қасиеттерін айта кету керек деп есептеймін. Олар жастарға үлгі болумен қатар, талап та қоя білді. Олармен қатар, осы селодағы әкесінің аға-інілері, апа-жеңгелері Ларисаның аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдемдесіп, демеу болды.
«Өзі жақсыға қайда да орын бар» демекші, Лариса апайдың өзі де білімді, білікті, өз мамандығының шебері болатын. Ол кісіде нағыз ұстазға тән, балаларға деген махаббат бар еді. Осы себепті шәкірттері – біздер апайды жақсы көрдік. Ұстазымыздың үмітін ақтап, аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда талай жүлдені жеңіп алдық. Менің өзім және бізбен қатар оқыған Орынғали Дүйсеев, сәл кейін оқыған Рашид Өтебаев, Жанна Нұрғалиева, тағы басқалары апайдың сүйікті шәкірттері болдық. Училище бойынша оқу-тәрбие жұмыстары жоғарғы деңгейге жетті. Мұнда біздің апайдың да зор үлесі бар еді.
— Ұстаздың міндеті тек сабақ беріп, өз пәнін меңгерту емес, сонымен қатар, сөйлеген сөзі, киген киімі, мәдениеті және ұстанымымен де шәкіртке үлгі болуы тиіс қой. Ларисаның бойынан осы қасиеттердің барлығы табылатын. Сонысымен шәкірт жүрегін баурады және жанына дос-жаран да жинай білді. Ұжымдағы бар жұмысқа белсене араласатын. Лариса көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен шығар, ағайын-тума, ұжымдас, дос-жаранға үнемі көмектесуге әзір еді. Кішіге қамқор, үлкенге демеу болды. Қос қызғалдағы – Зина мен Майраға жүрек жылуын, аналық мейірімін төгіп, жан-жақты тәрбие берді. Өсірді, оқытты, тоқытты. Әттең, қапыда жабысқан ауыр дерт оған осы қос құлынының қызықтарын көруіне мұрсат бермеді. Енді Алла тағала ұрпақтарына қайырлы-берекелі ғұмыр берсін деп тілейміз,-дейді апайдың әріптесі, ардақты мұғаліміміз Сәуле Қайреденова.
Лариса апай өнерге де етене жақын болған екен. Сәуле Қайреденқызының айтуынша, ол педагогикалық институтта оқып жүрген кезінен-ақ өнерімен көзге түскен. Кейін қызметке араласқан кезінде де оған өнері серік болды. Сол жылдары училищеде шығармашылық есеп беру концерттері де жиі болған. Тіпті, олар республикалық деңгейде де өтуші еді. Сол кезде Лариса апайдың қоңыр дауысымен әуелете салған әсем әндері әлі де жұрттың жадында. Оның осы өнері үлкен қызы Зинаға дарыды. Зина мектеп жасында жүріп те мектеп ішінде өтетін мәдени шараларда ән айтып, айтысқа қатысып, көрініп жүрді. Кейін ол Атырау университетінің музыка факультетін тәмамдап, Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде (бүгінде Махамбет агроколледжі) көркемөнер жетекшісі болып еңбек етті. Ал, Майра болса, Атырау медицина колледжін бітіріп, осы салада, Атырау шипажайында еңбек етті. Сол жерде ол «Мұнайшы аруы» байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Апайдың сіңлісі Раиса мен інісі Төлеген оның жолын қуып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Олар – бүгінде көптеген марапаттарға ие болған, облысқа танымал мұғалімдер. Ал, Жаңабай, Әділ атты інілері өлкеміздің дамып, көркеюіне үлес қосып жүрген белді кәсіпкерлер. Күйеу баласы Нұрқиса да – ағаларының ізін басып келе жатқан жас кәсіпкер.
Мен апайды бақытты жан деп есептеймін. Себебі, бүгінде апайдың артында мәуелі жапырағы – қос қызы және олардан көрінген Иманғали, Дильназ, Аия, Сұлтан, Ақырыс, Бейбарыс секілді балдай тәтті жиендері өсіп келеді. «Орнында бар оңалар» демекші, сүйікті де, мейірімді бауырлары барда, Раисадай аяулы сіңлісі мен елге сыйлы аптал тұлғалы інілері барда олар ешқашан қамкөңіл болмас. Оған қоса жастықтың жалаулы жылдарын бірге өткізген жора-жолдастары, ұжымдастары тұрғанда Лариса апай әлі де жасай береді. Оны білетін, құрметтейтін адамдар апайдың жарқын бейнесін жүректерінде мәңгі сақтайды. Ал, біз, шәкірттері ұстаз рухы алдында әркез басымызды иеміз.
Сіз біздің жүрегіміздегі жарқын бейнесіз, ардақты асыл ұстаз!
Есен ТЕМІРТАШЕВ,Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінің
1984 жылғы түлегі, кәсіпкер.
Астана қаласы.