ЖҰМЫСЫ БАР ОТБАСЫ ЖҰТАМАЙДЫ

Қызылқоға ауданында жұмыссыздықты азайту үшін жүйелі жұмыстар қолға алына бастады. Себебі, әр отбасындағы қиыншылық ең бірінші осы жұмыссыз жүргеннен туындайды. Ауданда өндіріс орындары аз, шаруа қожалықтары, кәсіпкерлік әлі де болса ойдағыдай дамып кете қойған жоқ. Осының бәрі – жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруды қиындата түсетін факторлар. Дегенмен, осындай күрделі жағдайға қарамастан аудан басшылары қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда.

 сағызда  кәсіпкерлік жандана  бастады

Сағыз ауылдық округінде «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты  бойынша «Серікбол», «Мейіржан», «Олжа» несие серіктестіктері құрылды. Олар соңғы кездері қолдауды көп қажет етіп отырған ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алып, ауылда төрт түлікті көбейту, одан алынатын өнім түрлерін молайту, сапасын жақсарту, округ көлемінде сауда-саттықты жолға қою мақсатында іске кірісті. Жұмыссыздық есебінен несие серіктестігіне біріккен тоғыз жергілікті тұрғын әрқайсысы 3 млн. теңгеден барлығы 27 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін жүргізе бастады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 21 жұмыссыз тұрғын кепілге тұрғын үйлерін салу арқылы 45 млн. теңге несие алған. Округ бойынша барлығы 42 жергілікті тұрғын 71 млн. теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Күні бүгін несие алушылардың ішінен 29 тұрғын өз жұмыстарын бастады. Ауыл көлемінде 41 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүргендер еңбекке араласып, нәпақаларын табуда. Жаңа жылдан бастап несие алған 13 кәсіпкер де шаруаларына кірісті.

Ауылдық округ бойынша есепте тұрған 190 мүгедек адамның 56-сы еңбекке жарамды. Мүмкіндігі шектеулі дегенмен, олар да текке отырмай кәсіпке үйреніп, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде. «Жұмыспен қамту  жол картасы – 2020» бағдарламасының «Жұмысқа орналастыру» бағыты бойынша үш тұрғын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы тігін шеберханасын ашқан. Округ әкімшілігі тігін шеберханасына арнап, ғимарат жабдықтап берген. Ашылғандарына екі ай болса да, тігіншілер көпшіліктің алғысына бөленуде. Әрине, базарда сатылатын Қытайдың арзанқол тауарларынан гөрі, қолдан тігілген істің қашан да қайтарымы мол екені белгілі.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мақсатында барлығы 30 адамға 70 млн. 950,0 мың теңге қаржы беріліп отыр. Бұл 2014 жылы 37 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деген үміт бар.

«Жұмыспен қамту  жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Балауса» балабақшасына 10 млн., «Ақбота» балабақшасына 2 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, ойын алаңдары жасақталды. 1980 жылы пайдалануға берілген селодағы «Шұғыла» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге 34 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыссыздар есебінен жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, мәдениет үйіне 14,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 300 дана орындық (кресло) алынып, сахнасы түгелдей жаңартылды. Музыкалық аппаратуралармен жабдықталып, өнерпаздардың ұлттық киімдері тігілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті 24 адам тартылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 15 адам еңбекке қосылды.

«Кенбай», «Қоңыраулы», «Былқылдақты» елді мекендерінен ауылдық клуб, «Қоңыраулы» ауылынан кітапхана ашылып, жұмыссыз қалған төрт шаңырақтан  аз қамтылған отбасы мүшелері жұмысқа орналасты. Бұл соңғы жылдары мәдени-көпшілік шаралардан тыс қалған шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін үлкен қамқорлық болды.

Мәдениет   пен  

білім  ошақтары   жаңғырды

Ауданымызда іссапарда болған кезінде облыс әкімі аудан көлеміндегі көптеген мәдениет ошақтары мен мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап айтқан болатын. Енді, міне, игілікті істің нәтижесінде мәдениет саласы нысандары – Сағыз ауылдық округіндегі «Шұғыла», Көздіғара ауылдық округіндегі «Самал», Миялы селолық округіндегі «Арман», Жангелдин ауылдық округіндегі Жангелдин мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары үшін барлығы 132 млн. 995 мың теңге қаржы бөлініп, аудан бойынша 61 жұмыссыз осы құрылыс жұмыстарына еңбекке қосылды.

Аудан бойынша талай жылдардан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген мектепке дейінгі бүлдіршіндер тәрбиеленетін білім нысандары да жаңартылды. Атап айтқанда, күрделі жөндеу аудан көлеміндегі тоғыз бірдей балабақшаны қамтыды. Мәселен, Жамбыл ауылдық округіндегі «Жауқазын», Ойыл ауылдық округіндегі «Өрімтал», Сағыз селолық округіндегі «Балауса», «Ақбота», Көздіғара ауылдық округіндегі «Қызғалдақ», Мұқыр ауылдық округіндегі «Алтын кілт», Миялы селолық округіндегі «Балдырған», «Жасұлан»,  Жангелдин ауылдық округіндегі «Балбөбек» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары үшін барлығы 184 млн. 846 мың теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, аудан көлемінде жұмыссыз жүрген 94 тұрғын еңбекке тартылып, өз нәпақаларын тапты. 

Аудандық орталық кітапханаға жөндеу жұмыстары үшін 6891 мың теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану селосына дәрігерлік амбулатория құрылысын тұрғызуға 90 207,0 мың теңге қаржы аударылып отыр. Қазіргі таңда құрылыс нысанында 19   жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданып, ортақ игілікті іске өз үлестерін қосуда.

Несие  cеріктестіктері құрылды

«Жұмыспен қамту  жол картасы  – 2020» бағдарламасының ІІ бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша ауданға 283 800 млн. теңге қаражат бөлініп, «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы құрамында 52 адамы бар 16 несие серіктестігі құрылды. Оларға 124,0 млн. теңге көлемінде несие берілді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы арқылы 72 адам 159 800 мың теңге көлемінде шағын несиемен қамтылып отыр.

«Жұмыспен қамту  жол картасы  – 2020» бағдарламасы бойынша «Астана бизнес және технология мектебі» ЖШС арқылы «Кәсіпкерлік негіздеріне оқуға» 41 тұрғын, «Казагромаркетинг» АҚ арқылы  93 адам жіберіліп, қолдарына сертификаттарын алды.

кәсіби  даярлаудың берері  мол

«Жұмыспен қамту жол картасы  – 2020» бағдарламасының ІІІ бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша кәсіби даярлау оқуларында 19 жұмыссыз тұрғын білімдерін шыңдады. Нәтижесінде, он бір жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасты.

Қайта даярлау курсына он бір жұмыссыз қатыстырылған. Облыс орталығындағы Атырау көлік және коммуникация колледжі мен «Мирас», «Ғасыр», «Арғын» оқу орталықтарына қайта даярлау курсына жіберілген жеті жұмыссыз білім алды.

«Жастар тәжірибесін» ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 14,291 мың теңге қаржы бөлінген. Аудан көлемінде 61 мекеме бойынша оқу орнын бітірген жас мамандарды өз мамандықтары бойынша уақытша жұмысқа тарту жүргізілген.

«Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында 7033,0 мың  теңге қаржы қаралып, 20 жұмыс берушімен әлеуметтік келісім-шарт жасақталды. Әлеуметтік жұмыс орындары 4 ЖШС-нен, 12 жеке кәсіпкер мен 4 шаруа қожалығынан ашылып,   жергілікті 23 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді Қызылқоға аудандық жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Абзал Сұлтанов бізбен әңгімесінде. – Сонымен қатар, бағдарламаның І бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бойынша келешекте атқарылатын міндеттер саралануда. Ал, «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша үстіміздегі жылы ауданға 115 000,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді».

Бағдарламаның ІІІ бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша 16-29 жас аралығындағы жастарды тәжірибеден өткізу мақсатында «Жастар тәжірибесіне» 60, әлеуметтік жұмыс орнына 30 адамды жұмысқа орналастыру көзделуде.

Мағрупа БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ,

меншікті тілшіміз,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз