Жарнама
Қоғам

Жұмыс іздеудің жаңа тәртібі

 Соңғы кезде жұмыспен қамту секторы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде қазір қызметтің үш түрі көрсетіледі. Ол туралы аталған бөлім мамандары «дөңгелек үстел» барысында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

  Осы ретте облыстық мемлекеттік қызмет істері және әділет департаменттері, халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдерінің де пікірлері тыңдалды. Бұл өзгеріс үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №68 бұйрығымен енгізілді. Бұған дейін бөлім 2001 жылғы «Халықты жұмыспен қамту туралы Заң» негізінде жұмыс жасап келді. Қазір орталық жұмыссыз азаматтарды тіркеп, есепке қояды және анықтама береді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға жолдама ұсынады.

 Өтініш қабылдау мен мемлекеттік қызмет электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Оның да белгіленген мерзімі бар, яғни құжаттар тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні аралығында жүзеге асырылады. Ал, жоғарыда аталған жолдамалар орталықта 30 минут ішінде, портал арқылы бір күннен асырмай беріледі. Ағымдағы жылдың бес айында орталықта – 2040, мемлекеттік корпорация арқылы – 2353 және электрондық үкіметпен елу қызмет көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдар 1544 адамға мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға жолдама берді.

 Жаңадан қабылданған заңның 10-бабына сәйкес, жоғарыда аталған бөлім сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау, өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға хабарлауға міндеттеледі. Сондай-ақ, әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі бойынша сұранысқа ие мамандықтар мен бос орындар туралы дерекқор қалыптастыру қажет. Осы Заңның 17-бабында көрсетілгендей, әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту шараларын әзірлеу де бұрынғыша бөлім құзырына кіреді. Келесі бағыт – мүгедектерді жұмысқа орналастыру. Енді түрлі білім беру ұйымдарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы ақпарат сұратылады. Қазір халықты жұмыспен қамту туралы заң күшіне енгенімен, мемлекеттік қызмет стандарттарына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен өзгерістер күтілуде.

А.ШАМАР.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button