Жарнама
Қоғам

ЖҰМЫСКЕР МЕН ЕРКІНҚАЛА

Атап айтқанда, жыл санап аумағы да, тұрғындарының саны да, соған сай сұранысы да өсіп келе жатқан іргелі ауылға мәдениет үйі мен спорт кешені керек. 
Мұнан кейінгі сөз кезегін есеп беру жиынына қатысқан қала әкімі Серік Кенғанұлы еншілеп, тұтастай алғанда Жұмыскердің жағдайы басқаларымен салыстырғанда көшілгері екенін айтты. Мәселен, ауылдық округке кіретін Өркен елді мекенінің өзінде ұзын саны 12 көшені (жалпы көлемі 34 000 шаршы метр) жарықтандыру жұмыстары 90-95 пайызға дейін атқарылса, жоғарыда келтіріліп кеткен 250 адамдық емхана мен 280 орындық балабақша құрылыстарының да еңсеріліп қалғанын, «Балықшы-Жұмыскер» автомобиль көпірінің екі жағына бағдаршам орнату сияқты істердің атқарылатынын мәлімдеді.
Мінберге көтерілген ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Бөкенбай Құрманов халық үшін жасалған жұмыстың қашанда лайықты бағаланатындығын тілге тиек ете келе, солардың қатарында көп жылдардан бері қараусыз қалған ескі қорымның айналасының қоршалып, күтімге алынғандығын атады.
Залдан қойылған сауалдар негізінен ауылішілік жол мәселесін жолға қою, Жұмыскер селосы арқылы өтетін № 52, 11 және 64-ші маршруттардың жүру бағыттары мен кестесін, схемасын ретке келтіріп, жолаушыларға мейлінше қолайлы болатындай жағын қарастыру керектігін, көшелердің жарықтандырылуын мүмкіндігінше жеделдету, сумен жабдықтаушы «Атырау Су Арнасы» КМК-нда көрсетілген қызметке ақы алуда немесе оның бағасын белгілеуде кейбір бірімен-бірі келіспейтін тұстардың табылатындығын қозғады. Бұлардың барлығына да құзыретті құрылымдар басшылары мен мамандары тарапынан тиісінше жауаптар қайтарылды.
Еркінқалада жалғасқан есеп беру жиынында да әуелі селолық округ әкімі Ерғали Тапановтың үстіміздегі жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды.
Келешекте орындалысы күтілетін міндеттердің қатарында селоішілік жолдарды асфальттауды жалғастыру, табиғи газ желілерін жетілдіру, көше жарығын, қысқа әзірлік жұмыстарын тиянақтау, т.б. аталды.
Жиынға қатысып, әңгімеге араласқан қала әкімі Серік Айдарбеков біткен іске оң бағасын беріп, түйткілді тұстарды таразыға салды.
Алғашқы болып орнынан көтерілген ауыл тұрғыны, зейнеткер Бөкенбай Ағаша ойындағысын былайша сабақтады:-Ауылдың бір шетінде тұрамыз. Орталықтағы тас жолға шығу үшін жарты шақырымдай жаяу жүруге тура келеді. Құрғақта ештеңе емес, жаңбырлы, қарлы күндері қолайсыз, әсіресе балаларға қиын-ақ. Осыны қаперге алып, бір амалын табуға болмас па еді?
Ракуша ауылында тұратын еңбек ардагері Рахметолла Хайдаров күнделікті пайдаланатын қалааралық телефон байланысындағы кедергілерді, жол бойында көбейіп кеткен оқыс оқиғалар мен апатты жағдайларды азайту үшін әр тұсқа арнайы ескерту белгілерін орнатып, жол полицейлері құзыретті құрылым өкілдерімен бірлесіп рейд-тексерулерді жиірек ұйымдастыруы, қаламен екіараға қатынайтын №52 автобус маршрутының қозғалыс кестесінің сақталу керектігін меңзеді. Бұған қоса ауыл тұрғыны Айтжан Жанұзақов табиғи шабындық алқаптарды қалпына келтіру жайын көтерсе, ауыл ақсақалдарының бірі Жақсылық Дәлдірбаевтың айтқандары баршамызға да ой салғандай болғаны шындық. Бірінші кезекте ол «Атырау Су Шар» РМК-ның қамтуындағы каналдардың осы ауылға қатысты бөлігі қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысымен бөліссе, одан соң бір кездері селоның сәні, ауыл жастарының кешкілік серуендеп, сейіл құратын орны болған орталықтағы саябақтан сән кетіп, осында соғыстан оралмаған боздақтар ескерткішінің де күтімсіздіктен әрін жоя бастағанын, ал мәдениет ошағы саналатын клуб ғимаратының құлыпталғаны өз алдына, қараусыздықтан құлағалы тұрғанын жасырмады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button