ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Мемлекеттік хатшының баян-дамасындағы тұжырымдамалық идеялар тарихшылар арасында үлкен серпіліс туғызды десек қателеспейміз. Осынау кең ауқымды форум Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы жетіс¬тіктерін тағы бір паш етті және отандық тарих ғылымын жаңа сатыға көтерді. Қозғалыс алгоритмі Елбасы – Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясына бағдарланды.
Тарихшы ретінде Жалпыұлттық кеңестің шақырылуын жақсылыққа жорыдым, зор қуанышпен қарсы алдым. Өйткені, бұған дейін елімізде Мемлекеттік хатшының қатысуымен тарихшылардың осындай мәртебелі басқосуы бұрын-соңды өткен емес-ті.
«Горбачевтық» кезеңнен бас¬тау алатын тарихи бетбұрыстың ықпа¬лымен 1990 жылдардың ортасында айқындалған міндеттердің басым бөлігі іске асырылды. Осы кезде академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшылар қауымы, ұлттық тарихты зерттеу¬мен айналысатын институттар мен қоғамдық бірлестіктер төл тарихымызды түгендеуге атсалыс¬ты, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей» болды.
Тарихшылардың күшімен оқулықтар, очерктер мен академиялық кітаптар, монографиялар, құжаттар мен материалдар жинақтары баспадан шықты. Шынайы тарихымызды жазу жолында маңдай терін төккен ағалар рухына тағзым ете отырып, сол ағалар мектебінен түлеп шыққан әріптестеріміздің сіңірген еңбе¬гін үлкен мақтаныш сезіммен айтуға тиіспіз.
Біз үшінші мыңжылдыққа Ұлттық тарихтың жаңа келбетімен ендік. Бүгінге дейін жазылған төл тарихымыз талай рет сынға да ұшырады. Бұл – заңды құбылыс, әрине. Ең маңыздысы – Ұлттық тарихымыз жазылды. Бұл орайда алда да кезегін күтіп тұрған істер аз емес. Ал, оның не¬гіз¬гі жаңалығы – қазіргі кезеңмен қам¬тылуында деп есептеймін. Өйткені, Қазақстан тарихы соңғы онжылдықтар тарихымен толықты. Тағы бір ерекшелігі, біздің елімізде тұратын өзге ұлттардың тәуелсіз мемлекетімізді құруға және оны нығайтуға атсалысуы дер едім. Бұл тақырып та көптеген еңбектерде көрініс тапты.
Ахмет Байтұрсыновтың мынадай бір керемет сөзі бар: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих». Шын мәнісінде, солай. Қай заманда болмасын, ұлы тарихты жазатын адамдардың жүгі ауыр болған. Оның себебі де түсінікті. Тарих қашанда халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеология¬ны насихаттау, жас ұрпақты патрио¬тизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарады. Сондықтан, тарих ғылымы – барлық ғылымдардың атасы десек, артық айтқандық емес.
2003 жылдан бастап «Мәдени мұ¬ра», сосын «Ғылыми қазына» сияқты Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қаржыландыру мәселесі шешілді. Құпия саналатын мұрағат қорлары ашылып, тарих беттері тың деректермен толықты. Жоғарыда айтылғандай, «сындарлы он жыл», одан кейінгі «жасампаздық пен бейбітшілік жылдарын» қамтитын Тәуелсіздік тарихының маңызды оқиғалары жүйеленіп, ғылыми айналымға енді. Ғылым саласын басқарудың жаңа моделін бекіткен «Ғылым туралы» Заң да ғалымдарымыздың беделін арттырды. Енді бізге «жоғарыдан» нұсқау күтпей-ақ, осы мемлекеттік бағдарламалардың аясында нақты іспен айналысу қалды. Біздің күш-жігеріміз тарих толқынының пәрменін күшейтуге бағытталуы тиіс.
Жалпыұлттық кеңесте Мемлекеттік хатшы тарихшылар қауымына «Ұлттық тарих мәселелерімен көп уақыттан бері нақтылы айналысып жүрген Мем¬лекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанын» жеткізді.
Бүгінде Ұлттық тарихты ұлықтауда, әсіресе, Тәуелсіздік тарихын жазуда Елбасының еңбектері мен сөйлеген сөздерін басшылыққа алудың маңызы айрықша болып отыр. Өйткені, онда тәуелсіздік белестері кезең-кезеңмен толық қамтылған және еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне дұрыс бағыт-бағдар беріледі. Мұндай тәжірибе әзірге көр¬шілес мемлекеттерде кездеспейді.
* * *
Жалпыұлттық кеңесте сөз алған шешендердің пайымдауынша, соңғы екі ғасырда Еуропаның тарих ғылымы екі методологиялық революцияны бастан кешірген, ал біздің тарих ғылымымыз ескі сарынмен жылжып келеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «…Қବзақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға со¬зылған бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс. Осы тұр¬ғыда қа¬зір¬гі заманғы Қазақстан Ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табатынын» қадап айтты, бекер емес. Бұл қазақстандық тарихшылардың қызметіне негіз болатын міндет деп білемін.
2013 жылдың басындағы мәлімет¬¬терге қарағанда, тарихшылар корпусын 192 ғылым докторы, 864 ғылым кандидаты құрайды. Ал, мектептер мен колледж¬дерде 1786, жоғары оқу орындарында 1218 тарихшы жұмыс істейді екен. Бұл – қазіргі жаңа міндеттерді еңсеретін үлкен күш деп ойлаймын.
Екіншіден, тарих ғылымының даму бағыты кешенді зерттеулерге негізделуі керек. Бізге тарихты зерттеудің қазіргі методологиясы мен сапалық жаңа тұжы¬рымдамасын жасау, тарих ғылымын әлемдік тарихпен сабақтастыру, жаһан¬дық үрдістердегі Қазақстанның орнын нақты көрсету, мемлекетаралық байланыс жүйесі мен дәуірлеу проблемасын шешу маңызды болып саналады. Отандық тарих ғылымының жетістіктерін әлемдік ғылыми кеңістікке шығаруымыз керек. Ғалымдар арасында жиі айтылатын «өсу дертінен» тез арада арылуымыз керек. Жалпыұлттық кеңес қоғамдық үрдістегі бетбұрысты қадам болды.
Үшіншіден, біз «баяғы жартас, сол жартас» дегендей, аймақтық тарихтың ауқымын кеңейте алмай отырмыз. Дәл қазір қазақ тарихының көкжиегін ұлғай¬тудың орайы келіп тұр. Көне түріктердің этногенез үрдістерін, Алтын Орда халықтарының, соның ішінде қыпшақтар тарихын зерттеуге бетбұрыс жасауымыз керек. Ол үшін жаңа тақырыптар ұсынып, қосымша бағдарламаларға мұрындық болуымыз керек. Сол сияқты археологиялық зерттеулердің соңғы жа¬ңа¬лықтарын көрсетіп отыруымыз керек.
Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп, үлкен ғалымдар тобын шетел¬дердегі мұрағат қорларымен жұмыс істеуге жіберуді дәстүрге айналдырды. Біздің ғалымдарымыз көршілес Қытай мен Ресей және Иран, Түркия, Араб елдері, Моңғолия, Ұлыбритания сияқты елдерде болып, ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Қазақстанның рухани және материалдық мәдениетін жүйелі зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын табары сөзсіз.
Төртіншіден, қоғамды оқулық мәселесі алаңдатады. Бұл бағытта ал¬ды¬мен тарих оқулықтарының сапа¬сын жақсартудың жолдарын қарас¬тырғанымыз жөн. Одан кейін оқулық-тарда КСРО дағдарысы және оның құлдырау себептері, экономикалық және саяси реформалар тарихы сияқты бұрынғы бағыттарға қосымша қазіргі кезеңнің жаңа тақырыптарын көбірек қамтыған жөн. Қазіргі оқулықтарымыз бірте-бірте этноцентризм, еуроцентризм қағидаларынан арылып келеді. Әрине, оқулықтардың мазмұны тарихи білімді саясаттандырудан алшақ болуы шарт. Біз мектептердің барлық сатыларына арналған Қазақстан тарихы оқулықтары мен хрестоматияларын шығаруымыз керек. Тіпті, төменгі сыныптарға арналған «Қазақ ертегілері» немесе «Қазақтың аңыз-әңгімелері» сияқты атаумен кітаптар шығарсақ, балалардың ойлау қабілетін арттырар едік.
Ал жаңа үлгідегі кітап жазу мәселесіне келсек, отырыста тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық тарихты жазуға көшу туралы тың ойлар айтылды. Негізі осындай кітапты жазу жұмысы басталып та кетті, арнайы ғалымдар тобы іріктелді, кітаптың алғашқы нұсқасы әзірленуде. Бұл қолжазбаның мәтіні алдымен тарихшылар қауымдастығының сараптамасына жіберіледі. Оған дейін ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомоствоаралық жұмыс тобының шешімдері тарихшы ғалымдардың талқысына ұсынылады.
Тұтас ұлттық тарихты қалып¬тастыруда ұйымдастыру жұмыстары да маңызды іс болып саналады. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, ЖОО-да әртүрлі сылтаумен Қазақстан тарихы кафедраларын қысқартуды тоқтату керек. Мысалы, кейбір университеттерде мамандандырылған Қазақстан тарихы кафедраларының жабылуын қалай түсіндіруге болады?! Тіпті, тарихшы емес мамандықтарда оқитын студенттерге бөлінген сағаттарды қысқарту, барлық жеңілдіктерді алып тастау сияқты фактілер де кездеседі. Осы сияқ¬ты, жағымсыз тенденциялар келешекте тарихшылар корпусына қатты соққы болуы мүмкін.
ЖОО-да даярланатын барлық маман¬дықтардың өз тарихы бар. Сон¬дықтан әрбір мамандықтың ерекшелігіне сәйкес 2 курстан бастап Қазақстан тарихынан қосымша элективті пәндерді оқыту артық болмайды. Сосын Қазақстан тарихын шетел тілінде (ағылшын) оқыту мақсатында тек Ұлттық университеттерде (Алматы, Астана) «тарих» мамандығына қосымша бір шет тілін оқытатын арнайы тарих бөлімдерін (спецотделение) ашуымыз қажет. Бұл білім беру жүйесінде бұрын болған, біз соны қайта жаңғыртуымыз керек.
Өкінішке орай, бізде PhD бойынша диссертациялық кеңестерді ашу жұмысы ұзаққа созылып кетті, тағы да жалтақтауға көштік.
Қазіргі әлемнің көрінісі мүлдем бөлек, адамдардың көзі ашық, бәрі сауат¬ты, әсіресе, жастарымыз білімді, олар тарихты өз беттерінше (БАҚ, интернет, кино т.б.) танып білуде. Осы мәселеге орай «егер ашығын айтсақ, кәсіби тарихшылардың аудиториясы мен БАҚ аудиториясының арасындағы айырмашылық шамалы».
Біз қазір өтпелі күрделі кезеңде тұрмыз. 1991 жылдан басталатын Қазақстан тарихындағы қазіргі ке¬зеңде егемендік алдық. Тәуелсіз мем¬лекетіміз КСРО-ның қойнауында пайда болғанмен, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан дамудың мүлдем жаңа бағытын ұстанды. Елбасының сөзімен айтқанда, Қазақстанның өз жолы басталды. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан аспандағы жарқыраған жұлдыздай ерекше болып көрінеді.
Жалпыұлттық кеңесте біздің алды¬мызға қойылған жаңа міндеттер бізден мызғымас бірлік пен талмас күш-жігерді талап етеді. Біз жаңа өркениеттің куәгеріміз, біздің қоғамда еңбек ету, басқару, білім беру салалары елеулі өзгерістерге ұшырауда. Жалпы, тарих ғылымы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты және жаһандық сын-тегеуріндермен текетіреске түсті деп нық сеніммен айтуға болар.
Қазіргі қоғам тарихи үрдістерді зерделеуді, жаңа тарихи ойлауды, жаңа тарихи ұстанымдарды талап етеді. Мы¬салы, бізде Қазақ мемлекеттілігі сияқ¬ты өзекті тақырыптар бойынша ортақ тұжы¬рымдар әлі де қалыптаса қойған жоқ. Мем¬лекеттілік тарихын, оның дәуірленуін әртүрлі айтамыз. Мем¬лекеттіліктің бастау көздерін бірі¬міз сақ-ғұн дәуірінен, екін¬шіміз Түр¬кі қағанатынан, үшіншіміз Ақ Ордадан, төртіншіміз Алашордадан іздей¬міз. Ал дұрысы, Алтайдан Атырауға де¬йінгі ұлан-ға¬йыр же¬рі¬¬мізді мекендеген түркі мем¬лекеттері емес пе?! Терең зерттеу¬¬лер¬дің нәтижесінде біз осындай күрделі сұрақ¬тардың жауабын таптық деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – өзінің дербес мемлекетін құрған рухы биік қазақ хал¬қын дәріптеу. Қазақтардың еш уақытта ешкімге қарсы соғыс ашпағаны, яғни бейбітшілік ұстанымда болғаны баршамызға аян. Сондықтан бізге тарих арқылы Қазақ ұлтын әлемге таныту өте маңызды іс. Ол үшін алдымен өзіміз қолда бар құжаттар мен материалдарды толық игеріп алуымыз керек.
Әлемге әйгілі ойшылдардың пайымдауынша, «бұл дүниедегі ең қиын нәрсенің бірі – адамның санасын өзгерту» екен. Бұл – ұлттық санамызды жаңғыртуға, төл тарихымызды зерделеуге қоғам болып күш салуымыз керек деген сөз. Тарихшылар қауымы өнер адамдарымен (архитектор, мүсіншілер, кино, театр, қылқалам шеберлері) бірігіп, кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алсақ, алынбайтын асу жоқ.
Қазақ мемлекеттілігін айқындайтын ескерткіштің бірі – Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік монументі», оның ұшар басындағы Сақ жауынгерінің бейнесі көне тарихты жаңғыртып тұр, өте орынды. Ал, Астана қаласындағы Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш – хандық биліктің жарқын бір көрінісі. Егер хронологиялық жағынан келсек, бізде осы екеуін сабақтастыратын түркілік дәуір мен Алтын Орда заманынан бірде-бір ескерткіш жоқ. Түркі халықтарына ортақ тотем «Көк бөрі», ол тәңіршілдік пен қаһармандықтың белгісі. Әлекеңдер (Бөкейхан) жаңғыртқан Алаштың символы. Италиядағы ағайынды Ромул мен Ремді құтқарған Капитолий қасқырын қасиет тұтқан ежелгі римдіктер сияқты, біз неге «Көк бөрі» бейнесін сомдайтын тарихи ескерткіш орнатпаймыз?!
Ұлттық тарихымызға қатысты қа¬те қоғамдық пікірлерге тойтарыс беру де тарихшылардың міндеті деп есеп¬теймін. Біздің БАҚ-та ұлттық тарихты насихаттау көңілден шықпайды, оны мойындайық. Қазіргі тарихшылар мен журналистерге қойылатын талаптар өте жоғары, олар публицистиканы игерумен қатар, интернет тіліне жетік болуы керек.
Қазақстанда Жас тарихшылар Қауы쬬дастығын құрудың оңтайлы сәті келді деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, 1995 жылғы «Қазақ¬стан Республикасында тари¬хи сананы қалыптастыру тұжырым¬дамасындағы» негізгі басым міндеттердің оң шешілуіне байланысты, осы құжатты мемлекеттік өлшемдерге сәйкес қайта қарап, оның толықтырылған жаңа нұсқасын әзірлеуді ұсынамын.
* * *
Тарих ғылымында тарихшы-ғалымдардың қартаюы мен кәсіби маман¬дардың тапшылығы байқалады. Соған сәйкес жас тарихшы ғалымдарды тұрақтандыру мақсатында материалдық ынталандырудың қосымша түрлерін қарастыру қажет деп есептеймін. Мысалы, өзінің сапалы монографиясы мен ғылыми мақалалар топтамасын шығарған жас ғалымдарға қаржылай сыйақы тағайындауды ұсынамын.
«…Білімді мыңды жығады» демекші, біз гуманитарлық ғылымның барлық өкілдерінің бірлескен күшімен ғана, жаһандық сын-тегеуріндерге төтеп бере аламыз. Ал, тарих ғылымын реформалау және оны іске асырудағы басымдық басқа емес, тарихшылар корпусына тиесілі екенін естен шығармайық, аға¬йын. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді қазақ даналығы.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Тәуелсіз Қазақстанды өзге этностар Отаным деп таниды және мемлекетімізді нығайтуға өз үлестерін қосуда. Ал, кере¬гесі кең қара шаңырақтың иесі де, киесі де – қазақ ұлты. Сондықтан, біз елі¬міздің тыныштығы мен ұлттық қауіпсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Бұл – біздің парызымыз.
(«Егемен Қазақстан»,
26 маусым, 2013 жыл)