Жарнама
Қоғам

Жәлелдің жарқын іздері

Елге келгесін бірден жүргізуші болып, еңбекке араласты. Бірақ, көкірегіндегі оқысам деген арман оны тыншытпады. Еңбек ете жүріп, Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсті.
Өзі таңдаған мамандығының қыр-сырына үңіліп, алғашқыда селодағы арнаулы орта мектепте, кейіннен Кенбай орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ауыл мен мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласты, көпшіл, еңбексүйгіш, ізденгіш жас ортаның белді де белсенді азаматы атанды.
Әсіресе, селолық көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды. Халық депутаттары Сағыз селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы марқұм Әбдеш Бисеновтің режиссерлігімен ауыл сахнасында «Шоқан Уәлиханов» және «Ақан сері – Ақтоқты» спектакльдерін қойып, Шоқан мен Ақан сері рөлдерін сомдап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Осы спектакльдер аудан, облыс орталықтарында қойылып, жоғары бағасын алды. Ол әнді де тамылжыта салатын. Оның орындаған «Даниярдың әні» әлі күнге жерлестерінің жадынан өше қойған жоқ.
Осылайша еңбегімен көрініп, белсенділігімен танылған асыл аға көп кешікпей аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына шақырылды. Сөйтіп, партиялық қызметте шыңдалды. Бір сөзді, адал да принципшіл, сауатты да білікті Жәкең көп кешікпей партия комитетінің ең өзекті буыны – кадрлармен жұмыс және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылды.
Барша ауданның кадрлар резервін жасақтау мен оларды саралауда тынбастан жұмыстанып, көптеген азаматтардың өз орнын табуына қамқор болды, өсуіне ықпал етті. Сол кездегі партия комитетінің бірінші хатшысы Сайфолла Сүйінов ағамыз оған қалтқысыз сенетін.
Осы сенім Жәкеңе аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін сеніп тапсыруына мұрындық болды. Бұл жерде де ол абырой биігінен көрінді. Ол қоғам мүлкінің талан-таражға түспеуіне, науқандық жұмыстардың мезгілінде әрі сапалы атқарылуына бақылау жасай білді.
Кейін елдегі реформалар мен тәуелсіздігімізді жариялаған тұста да өзіне тапсырылған қандайма жұмысты болмасын абыроймен атқарды. Аудандық зейнетақы қорын, аудандық экология және табиғи ресурстарды қорғау бөлімін басқарды.
Ол алдыңғы толқын ағаларына жақсы іні, кейінгі толқын інілеріне жақсы аға бола білді. Өзімен өзектес қызмет еткен ел ағалары О.Еркінов, С.Сүйінов, А.Досалиев, С.Мұқанов, Е.Нұршаевтар оның қарым-қабілетін жоғары бағалап, еңбегіне ыстық ілтипатын білдіріп отыратын. Бұл да оның тапсырылған қызметке жауапкершілігі мен адалдығын аңғартса керек.
Еңбегі абыройсыз да болмады. Бірнеше мәрте халық қалаулысы атанып, аудандық Кеңестің депутаты, облыстық, аудандық партия конференцияларына делегат, партия комитеттерінің пленум, бюро, төралқа мүшесі болып сайланды. Көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Отбасында асыл жар, қимас бауыр, қамқор әке атанды. Ал- ғашқы жеңгеміз Ақтілектің ғұмыры қысқа болса да әулетінің сүйікті келіні бола білді. Ләззат, Мереке, Галиналарды тәрбиелеп, олардың балғын күлкісін қызықтап, шаңырақ шырайын кіргізді.
Шаңырағының түтінін түзу ұшқызып, бүгінде орнын сақтап отырған Жанбибі жеңгемізге де ризашылығымыз шексіз. Өмірге алтын асықтай ұл мен қыз: Мәншүк, Мәлік, Асқар, Айбектерді әкеліп, олардың жоғары білім алуына, ел азаматтары болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Бүгінде «ұлды ұяға, қызды қияға ұшырған» бақытты әже. Олардан немере, жиен сүйіп, солардың қызығына бөленуде. Ұрпақтары әр салада жемісті еңбек етіп, абырой биігінен табылуда. «Арты бар оңалар» деген осы емес пе?!
Өмір бойы Жәлел ағаның аса жақын інілерінің бірі болғанымызды тағдыр сыйы деп білемін. Біз көрші үйде тұрып, оның көз алдында өстік. Өзі секілді жетімдіктің қамытына жастай іліккендіктен бе, ол әр кез бізге де қамқор көзқараспен қарайтын.
Кейін қызметтес болып, ауданның қоғамдық өмірінде бірге жұмыс істедік. Талай пленум, бюро, сессияларда әріптес болып, парасат пайымын аңғарып, іскерлігіне куә болдық. Оның ақыл-кеңесін алдым. Ол әр кез айналасына нұрлы шуағын шашып жүретін жан еді. Осындай ізгілік пен биік адамгершілікті, дарқандықты мұрат тұтқан Жәлел Сүгіров ағамыз өз отбасының қамын күйттемей, елі үшін өмірінің соңына дейін қызмет етті.
1993 жылғы Миялы селосын зор зобалаң жайға түсірген апатты оқиға баршаның да есінде болар. Көктемгі су тасқыны кезінде әншейінде өз арнасынан аз-ақ асатын Ойыл өзенінің сол жолғы «мінез-құлқы» күтпеген жерден өзгеріп, ойда жоқта тасып төгілген-ді. Бірнеше жүздеген тұрғын үйлер алапат тасқын судың салдарынан бірден жермен-жексен болып, ел сенделіп кетті, ауыл астан-кестен жайға ұшырады. Ауданның барлық бас көтерген басшы кадрлары ұйқы-күлкі дегенді ұмытып, қашан көрсең де жұмыс басынан табылып жүрді.
Солардың бірі Жәлел Сүгіров еді. Ешқандай демалу дегенді мүлде білмей, «тұрғын жайларынан айырылып, көңілдері жарым болып босып жүрген халыққа қайтсем өз көмегімді тигізем, қайткенде пайда келтірем» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген Жәлел бір күні күрт құлады. Елім деп, жерім деп, барынша адал көңілмен, аянбай беріле қызмет еткен үлкен жүректі асыл азамат, парасат иесі осылайша мезгілінен бұрын өмірден озған. Содан бері де, міне, соққан желдей болып, жиырма жыл да өте шығыпты-ау. Зымырап жатқан уақыт-ай десейші…

Хамит ӘУБӘКІРОВ,
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button