Жарнама
Қоғам

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ – ЖАҢА КЕЗЕҢДЕ

Естеріңізде болса, былтыр Қазақстанда зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заң қабылданған болатын. Заңдылықтың аясында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» құрылып, жұртшылықтың түрлі жинақтаушы қорларындағы қаражаты автоматты түрде бір орталыққа шоғырландырылды. Былайша айтқанда, жаңа құрылым салымшыларының қатарын көбейтті. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның құжаттаманы қамтамасыз ету және өңірлік жерлерді басқару департаменті директорының орынбасары Сергей Гилевтың айтуынша, осы бағыттағы былтырдан бастауын алған жұмыс биыл да жалғасын тауып отыр. Мәселен, өткен жылдың соңында жеке зейнетақы шоттарының саны 2,2 млн. ғана болса, ағымдағы жылдағы соңғы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 9,8 млн. бірлікке, жинақтардың сомасы 4,9 трлн. теңгеге жеткен. Жұмысты жүйелі жүргізіп, халықты ақпараттандыру бағытында соңғы жылдары 87 қызмет көрсету орталығы ашылған.

Маусым айының біріндегі мәліметке сәйкес, аймақтық желілерде 240 осындай қызмет көрсету нүктесімен қамтылған. «Өңірлерде 18 филиал бар. Айта кету керек, кеңселер тек облыс орталықтарында ғана емес, халық көп шоғырланбаған шағын аймақтарда да ашылған. Салымшыларға сапалы қызмет көрсету үшін қор таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Сенбі күні 9-дан түскі 13.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Бұдан басқа, тұрғындарға мейлінше көбірек ақпарат жеткізу мақсатында қызмет аямызды кеңейтіп жатырмыз. Мәселен, салалық министрліктермен келісіп, электронды үкіметке қосылдық.

Яғни, жеке зейнетақы шотын тексергісі келген жан өзіне қолайлы уақытта барлық мәлімет алуға мүмкіндігі бар», — деген ол ғаламтор желілерімен қатар, смартфондар мен планшеттерге арналған қосымша (Android, IOS) әзірленіп шыққанын хабардар етті.

Салымшылар енді алақандағы смартфонынан-ақ шотындағы қаражатының қанша екенін біліп, филиалдармен байланысып, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» қызметі жайлы мағлұмат ала алады. Бұл қызмет түрі жүйеге тегін жүктеледі. Сергей Гилев күні бүгінде электронды қолтаңба арқылы қор сайтынан да мәлімет алуға қол жеткізуге жұмыстанып жатқандығын айтты. «Зейнет жасына жеткен салымшылар үшін, — деді ол, — ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жылдық төлемнің орташа сомасы да өсіп отыр».

Жалпы, мұнайлы өлкеде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның екі бөлімшесі бар. Аталған қор Атырау облыстық филиалының директоры Вячеслав Жумыровтың сөзіне қарағанда, қазірде жеті ауданда сегіз халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Оның ішінде екеуі Мақат ауданында (біреуі Доссор поселкесінде-авт.) орналасқан. «Біздің міндетіміз — халыққа сапалы қызмет көрсету. Бүгінде облысымыздағы филиалдарда, (қызмет көрсету орталықтарын қоса алғанда) 63 қызметкер еңбек етеді. Бұрын 11 қордың филиалы болған кезде Атырау облысы бойынша екі жүзден астам маман қызмет етіпті.

Мысалы, «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» филиалының өзінде 53 қызметкер еңбек еткен. Мұнайлы астанада 338221 адам жеке зейнетақы шотын ашып үлгерген. 22178-і әлі бұған қосылмаған. Мұндай көрсеткішті атап айтуымыз тектен-тек емес. Өйткені, салымшылардың жеке зейнетақы шотын жасақтау – біздің басты жұмысымыз. Жыл басынан бері жеті ай ішінде міндетті кәсіптік  зейнетақы жарналары бойынша шарт жасауға жұмыстандық. Нәтижесінде 14 071 адам оған қосылды. Тек 770 тұрғын ғана өз ниетімен зейнетақы шотын ашқан», — деді В.Жумыров. Оның айтуынша Атырау өңірінде 124 кәсіпорын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өтеуге шарт жасаған. Дегенмен, филиал директорының сендіргеніндей, бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Баршамызға белгілі, жақында Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесін жетілдіру тұжырымдамасына қол қойған болатын.  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның құжаттаманы қамтамасыз ету және өңірлік жерлерді басқару департаменті директорының орынбасары Сергей Гилев мұндай шаралар салымдарды тиімді төлеу үшін жасалатынын атап көрсетті. Тұтастай алғанда, зейнетақы жүйесін жетілдіру үш негізгі қағиданы ұстанып отыр. Тұжырымдаманың 2016-2020 жылдарды қамтитын бірінші кезеңі бойынша жүйені жетілдіру, яғни орта және ауыр жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлерге зейнетақы төлеу қаралса, 2020-2030 жылдарға созылатын екінші кезеңде минималды кепілдендіру жүйесі жетілдіріледі. «Біздіңше, мұндағы басты жаңалық – жұмыс берушінің жұмысшының зейнетақы шотына жалақы мөлшерінің бес пайызын аударуы болып табылады. Демек, жұмысшыға қосымша шот ашылады да, оған жұмыс берушіден түсетін жарна салынып отырады. Ол қаражат капитализацияланбайды, тек зейнетақы төлеу үшін жинақталады. Сондай-ақ, құжатта зейнетақының базалық мөлшері де қарастырылған. Қазір еңбек өтіліне қарамастан барлық зейнеткерлерге бірдей көлемде зейнетақы төленіп келеді. Енді оған да жаңа бетбұрыс жасалады. Яғни, зейнетке шығар алдында жинақтаушы зейнетақы жүйесінде оның жұмыс істеген өтіліне назар аударылып, мән беріледі.

Сонымен қатар, төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы төленетін әлеуметтік зейнетақы беру жайы қаралуда. Он жылдан аз еңбек еткен жандарға әр жыл сайын 2 пайыз қосылады да, 35 жылдан астам жұмыс жасаған адамға төленетін зейнетақы мөлшері өзгеше қарастырылады. Жаңа механизм бойынша 2016 жылдан бастап күштік құрылымдар қызметкерлерінің зейнетақы жүйесі реформаланады. Концепцияда көрсетілгендей, оларды толықтай мемлекет қамтиды деп күтілуде. Демек,  25 жыл немесе одан да көп  еңбек өтілі (кем дегенде 12,5 жыл) бар қызметкерлерге осындай жаңа реформаның пайдалы жағы көбірек болуы ықтимал», — деді ол.

Филиал директорының айтуынша, салымшы бұрынғы зейнетақы қорларынан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» ауысқанда ешқандай келісім-шарт жасалмайды. Тек жаңаша әдіспен шоттағы соманы біліп отыру үшін ғана қосымша шартқа отыру керек. Дұрысында, жекеменшік зейнетақы жинақтаушы қорлары мемлекеттік құрылымға өтер алдында салымшысына шотындағы сома мөлшерін көрсете отырып, қанша қаражат аударылып жатқандығы туралы хабарлама беруі тиіс. «Тұрғындардың басым бөлімі қордағы сомасының шотының есебін біліп, көшірмесін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабарласады. Бірақ, онда инвестициялық кіріс көрсетілмейді. Содан барып қаржысы азайып кеткендерін айтады. Дұрысында, толығырақ ақпарат алу үшін үздіксіз қызмет көрсетіп отырған бөлімшелерге жолығып, телефон арқылы хабарласуы қажет»,-деді Вячеслав Жумыров.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button