ЗЕЙНЕТАҚЫ АЗАЙМАСА ЕКЕН…

Кеңес үкіметі кезінде зейнетке шығатын адамның еңбек өтілі, марапаттары, орден-медальдары ескеріліп, зейнетақы тағайындалатын еді. Ал, қызмет жасамаған, еңбек өтілі аз адамдар зейнетақыны соған байланысты алатын. Кейіннен, 1996 жылдан бастап басқаша өзгертілді. Менің көптеген зейнеткерлер атынан айтатыным, зейнетақыны азайтып, айлық есептік көрсеткішке келтіру біз үшін тиімді болмай тұр. Біз – 1996 жылға дейін зейнетке шыққандар көп емеспіз. Сондықтан, бұрынғы тағайындалған зейнетақымыз азаймаса екен.

 

Ермек ТІЛЕПОВ,

Құрманғазы ауданы. 

Осы хатты «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорнының Атырау облыстық филиалына жолдаған едік. Редакция сауалына филиалдың директоры Бақыт Бекенов төмендегіше жауап берді:

– Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы №105-ші «Қазақстан Республикасында Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу құқығы реттелген. Онда азаматтарға осы Заңда белгiленген жағдайлар басталған кезде орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу құқығына кепiлдiк берiлген.

Зейнеткерлік жасқа толған зейнеткерлерге еңбек еткен жылдары үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн қайта тағайындату құқығы берiлген. Сонымен қатар, осы Заңның 10-бабында орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар азаматтар санаттары көрсетілген. Зейнеткер Тілепов Ермекке зейнетақы төлемі 1997 жылы 40 жыл еңбек өтілімен тағайындалған. Сондықтан да, ол 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетақы алатындар санатына жатады. Сол себепті зейнеткер Тілепов Ермектің жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлеміне жыл сайынғы пайызбен көтеру мөлшерінен басқа өзгеріс енгізілмейді.

Ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Заңға енгізілетін өзгерістер мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiне енгізілген. Бұл төлем Қазақстан Республикасы азаматтарына «Қазақстан Республикасында Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда белгiленген зейнеткерлiк жасқа толуы бойынша берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем болып табылады. Ол барлық зейнеткерлерге төленіп отыр. Есептеу ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 50 пайыз мөлшерінде жүргізіледі. Осы төлем алдағы уақытта еңбек өтілдеріне байланысты пайызбен төленетін болады. Зейнеткердің жалпы еңбек өтілі 35 жылдан жоғары болса, олар осы төлемді 100 пайыз мөлшерде алады.

Дайындаған:

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз