Зейнет жасын төмендету үшін қандай мәселелерді шешу керек
Әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету ұсынысы бойынша министрлік деңгейінде талқылау болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету туралы сұрақтарға жауап берді.
«Егер жыл бойынша алып қарасақ, зейнетке 100 мыңға жуық адам шығады. Ал еңбекке қабілетті жасқа толғандар мен еңбек нарығына шығатын жастардың саны 300 мыңнан асады. Сондықтан бұл деректерді салыстыру дұрыс болмас«, – деп тоқталды Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар ол әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету ұсынысы бойынша министрлік деңгейінде тиісті мәселелер қаралғанын жеткізді.
«Біздің ұсыныстарды қаржы саласының блогы қарастырып жатыр. Осы орайда біз бір келісімге келсек, оны жариялаймыз. Әлеуметтік саладағы кез келген бастама қаржы саласына қатысты екенін түсіну керек. Зейнетке шығу жасын көтеру немесе төмендету мәселелері қаржы мүмкіндігіне қарай қаралады«, – деді ведомство басшысы.
Министр зейнетақы жасының төмендеуі немесе жоғарылауы әрдайым бюджет қаражатымен байланысты болатынын жеткізді. Сонымен қатар, зейнет жасының төмендеуі немесе жоғарылауы кезінде азаматтар қандай зейнетақы алатынын ескеру қажет дейді.
«Біз зейнетке шыққанда, лайықты зейнетақы алуымыз керек. Ал еңбек өтілі мен жинақ сомасы аз болса, біз жоғары зейнетақы төлемін аламыз ба? Егер әлемдегі тәжірибеге қарасақ, тәжірибесі бар адамдар белсенді болуы үшін әлеуметтік қызметтерге тартылады. Сондықтан бұл адамдарды зейнетке шығарып, олардың қызметін осымен аяқтай салуға болмайды«, – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда орташа зейнетақы 105 мың теңге шамасында. Зейнеткерлердің 20-25 пайызы 150 мың теңгеден артық алады.
«Бүгінгі таңда орташа ең жоғары зейнетақы – 147 мың теңге, біреу 170 мыңға жуық алады, біреу 180 мың алады«, – деп нақтылады министр.