Президент Жолдауы талқыланды

08851222 5af1 4874 9cf7 e976d746baeb Қоғам

Бүгінде ел Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауы жұртшылық арасында кеңінен талқылануда. Осы мақсатта облыстық және қалалық мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері бас қосты. Жиынды фракция жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Түбегейлі өзгерістер кезеңі

Қоғам дамуының басты бағыттарын бағдарлаған мемлекет басшысы:  «Бұдан былай біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты өзгертеміз. Осылайша, мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» деген болатын. Басқосудағы әңгіме де осы төңіректен басталды.

Алғашқы болып сөз кезегін алған республикалық «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Абдолла Идресов алдымен Жолдаудың басымдық берілген тұстарына тоқталды. Президенттің өзі атап өткендей, қазіргі аса маңызды да басты міндеттердің бірі – елдің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономиканы өзіміз толық қамтамасыз ету үшін металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер мен тыңайтқыштар шығаруға айрықша назар аудару қажет. Осы тұрғыдан келгенде, жұмысқа жергілікті, яғни отандық шикізатты, тауарлар мен кадрларды, барлық ішкі мүмкіндіктерді жұмылдырып, реттелетін мемлекеттік сатып алу үрдісінде де өз өнімдеріміздің үлесін көбейтуге күш салуымыз керек.

Ауыл шаруашылығына да тың серпіліс қажет, таяудағы үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімнің үлес салмағын 70 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін алдымен кезекте салық саясатын қайта қараған дұрыс. Бұл – Жолдау жүктеген міндеттердің бір парасы ғана. Әңгімесіне осыларды арқау еткен спикер Президенттің Жарлығымен елімізде алғаш рет Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы құптарлық жайт, жағымды жаңалық екенін атап өтті. Өйткені, жаңа республикалық ведомоствоның өмірге келуі осы салада қордаланған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпалын тигізетініне сенім мол. Ең алдымен бұл трансшекаралық өзендер мен су көздеріне суды үнемдейтін технологияларды енгізуге, сондай-ақ, көрші елге тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.    

Сапасы сын көтермейтін жолдар көп

Республикамызда, соның ішінде қала мен аудан, ауылдарда инженерлік инфрақұрылымдарды жетілдіру, әсіресе автокөлік жолдарын жөнге келтіру де Президент тапсырмасымен айқындалған келелі міндеттердің санатында аталды. Жасыратыны жоқ, пайдаланудағы жолдардың басым бөлігінің қазіргі жағдайы сын көтермейді, тіпті мүшкіл десек те артық емес. Осыны ескерген мемлекет басшысы Үкімет пен салалық министрлікке 2029 жылға дейін еліміз бойынша жалпы ұзындығы 4 000 шақырымнан асатын жолды күрделі жөндеуден өткізуді тапсырды. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы бұдан басқа  «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жүзеге асырылуы көзделген іс-шаралардың да Жолдау жолдарымен үндесетінін, сонымен бірге әлеуметтің әлеуетін көтеруге септесетін тараулардың да осы құжатта көрініс тапқанын жеткізді. «Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақыт елімізде сан-салалы реформалар мен бағдарламаларды байыпты түрде жүзеге асыратын түбегейлі өзгерістер кезеңіне айналуы тиіс» деп түйіндеді ойын ол.

Күн тәртібіне қатысты жарыссөзге облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Надежда Тулина, Атырау қалалық мәслихатының депутаттары – №7 қалалық емхананың директоры Гүлнафис Таңбаева мен «KazGroupPartners» ЖШС-нің директоры Рафик Сәрсенов қатысты. Олар Жолдауда айрықша мән берілген білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кадрларды тұрақтандыру, жеңіл өнеркәсіпті өркендету, ерекше балалармен жұмысты жетілдіру, өзге де әлеуметтік салаларда белгіленген міндеттердің тиянақты орындалысын қамтамасыз ету үшін не істеу керек, қандай қадамдарға бару қажеттігі туралы ойларымен ортақтасып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

8 млн. гектар жер мемлекетке қайтарылды

Келесі кезекте қоғам белсенділері республикалық «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында бас қосты. Онда да мемлекет басшысының Жолдауы негізгі әңгіменің өзегіне айналды. Атқарылған жұмыстарға оң баға беріліп, алда тұрған міндеттер сараланды. Мәселен, азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Өткен жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемі  104 триллион теңгені құрады. Республикамызға 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Жолдау жүктеген міндеттер барлық саланы қамтуымен, жүзеге асырылу мерзімінің нақтылығымен ерекшеленетінін атап айтқанымыз орынды. Дәлірек айтқанда,   бұл  міндеттердің барлығы алдағы үш жылдың ішінде орындалуы тиіс.

Қоғамдық диалог алаңында

Қоғамдық диалог алаңына келген спикерлер осылардың әрқайсысын тарқатып, мазмұн-мақсатына, құндылығына тоқталды. Ал, аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Мысалы, алғашқы болып алаңға шыққан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, сарапшы Сайфолла Сапанов әңгімесін экономикалық қауіпсіздік мәселесінен бастады.

– Мұның мәнісі – елімізде экономиканың барлық саласын тең дамыта отырып, бірінші кезекте өнеркәсіп өнімінің, соның ішінде отандық өнімнің көлемін көбейтіп, «қазақстандық мазмұнның» үлес салмағын арттыруға, импортты азайтып, экспортты молайтуға күш салуымыз керектігін меңзеді. Бұған жету үшін жоғарыға қарап қол қусырып отырмай, бүкіл қоғам болып, ел болып атсалысып, үлесімізді қосуымыз қажет, – деп сабақтады сөзін Сайфолла Жұмабайұлы.

Бұдан кейін мінберге көтерілген облыстық мәслихаттың  депутаты Айбар Ерекешев басты назарды аграрлық салаға аударды. Агроөнеркәсіп кешенін өркендету, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын  барынша дамытып, алдағы үш жыл ішінде саладағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу қажеттігін айтты. Ол үшін  ауылда өндірілетін өнімдерді сапалы түрде тереңдете өңдеу,  өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар ашу қажеттігі айтылды. Бұл мақсатқа жету үшін ең бірінші керегі – ауылдағы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау, кедергілерді азайту, шикізатты жергілікті жерде өңдеп, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге кепілдік беретін тетіктерді іске қосу. Сосын шаруашылық құрылымдарының санын көбейткеннен гөрі, сапаға көңіл бөліп, қолында техникасы, қаражаты мен күш-мүмкіндігі бар кооперативтерге біріктіру де күн тәртібінде тұрған мәселе. Халық қалаулысы көтерген мәселенің түйіні осыған тірелді.

Әріптесінің бұл ойын  «Ұлы дала» ауылдың бизнесін дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық бірлестігінің қаржылық сарапшысы Ақан Қайырғалиев та құптады. Сонымен қатар ол Жолдаудағы әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған басымдықтарды да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, келер жылдан бастап, еліміз бойынша ең төменгі еңбекақы көлемін 85 мың теңгеге көтеру, түрлі санаттағы адамдарға берілетін атаулы және әлеуметтік жәрдемақылардың сомасын өсіру, республикамызда «Қарызсыз қоғам» жобасын енгізіп, несие саясатын қайта қарастырып, адамдарға мейлінше жеңіл болатындай жақтарын ойластыру, т.б. тұстарды соның айқын мысалы ретінде келтірді.   Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Ахметова мен Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Есниязованың айтқандары да негізінен алғанда осымен үндесті. Сонымен бірге олардың әңгімесіне болашақта мамандарды қажеттілігіне қарай даярлау керектігін, грант бөлу мен игеру, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу  мәселесінде әлі де болса тиянақтай түсетін, кеңесіп шешетін тұстардың  бар екенін алға тартты. 

«TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында өткен басқосудың соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз