ЗАҢСЫЗДЫҚТЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, М.Д. балық аулауға тыйым салынған жерден, яғни, Атырау қаласының Амангелді селосы тұсында, Жайық өзені жағалауында балық аулап тұрған кезінде ұсталған.
Сот қаулысымен ол Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 383-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Жалпы айта кету керек, Жайық өзенінде мұз қатқан соң әуесқой балықшылар мұз астынан балық аулауды бастайды. Бұл кезде де балық аулаудың заңдылықтарын сақтауды қаперге ал-ған жөн. Балық қорғау инспекциясының хабарлауынша, әуесқой балық аулау бір балықшыға әр түрлі бес бастан аспайтын қармақпен 5 келіге дейін тегін жүргізіледі. Сейсенбі мен сәрсенбі күндері балық аулауға тыйым салынған.
Сондай-ақ, Ақжар мен Теңдік ауылына қарсы бет, Водозаборная – «АтырауСуАрнасы» қалалық су тоғаны (1-учаске), судан құтқару қызметі ғимаратының тұсы, Атырау мұнай өңдеу зауытының су тоғанына қарсы жерлерден, көпірлер астында тәуліктің қараңғы кезінде балық аулауға болмайды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.