Түркістан – екі дүние есігі ғой…

T rkistan eki d nie esigi oy.. Қоғам

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Тарихи Түркістан» жылжымалы көрмесі өтіп жатыр.

Түркістан – екі дүние есігі ғой..

Шара шымылдығы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Сейілхан Аманқұлұлының сөзімен ашылды.  «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкері, жылжымалы көрме-керуенді бастап келген Берік Байболов рухани сапардың мәні мен мағынасына тоқталды.

Көрменің бірінші бөлімінде Шауғар-Шайтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған тас дәуір, қола дәуір ескерткіштері, орта ғасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Түркістанда соғылған тиындар, ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тән күміспен күптелген әшекей бұйымдар, этнографиялық мәліметтер қамтылған.

Көрменің екінші бөлімі әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Яссауи мұрасын таныстыруды көздейді. Данышпан бабамыздың артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырда жазылған «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандар, тайқазан, лауһа, қақпа есігі, ХІХ ғасырда Түркістанда болған орыс саяхатшысы А.Кунның альбомынан алынған фотосуреттер экспозициядан орын тепкен.

Көрменің үшінші бөлімі – Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар туралы. Киелі шаһарда қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей сынды хандары билік құрған. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына өздерін Түркістанға апарып жерлеуді аманат еткен. Содан бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталған бөлімде Түркістанда жерленген хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыс мақсатында жазған хаттары, қазақ-жоңғар соғысында көзсіз ерлік үлгісін көрсеткен ер Қабанбайдың түпнұсқа қанжары, Хан ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері көрініс тапқан.

Гүлзада

НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз