ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ
Біріншіден, болашағы бір-тұтас ұлттың кілті бүкілқазақстандық мәдениет болып табылады. Әлемдегі аса серпінді дамыған ұлттардың — АҚШ-тың, Жапонияның, Еуропа елдерінің, Оңтүстік-Шығыс Азия «жолбарыстарының» тәжірибесі қазіргі дүниеде берік мәдени арқаусыз елдің экономикалық және саяси табысқа жетуі мүмкін еместігін айқын айғақтап беріп отыр. Сондықтан, әлемдегі озық отыз елдің бірі атануымыз үшін, мәдениетімізді жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр. Бұл орайда бізге халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі үлкен мүмкіндік бере алады.
Екіншіден, қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі — ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі. Халықтың көп бөлігін қазақтар құрайды. Демек, жалпықазақстандық бірлік дегеніміздің өзі – ең алдымен, қазақтың бірлігі. Елдің тағдыры мен болашағы мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында десек, халықты ұлы істерге ұйыстыруда басты жауапкершілік қазаққа жүктеледі.
Үшіншіден, қоғам алдында өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл жерде білім беру жүйесінің, тәрбиенің, мәдениеттің, бұқаралық ақпарат құралдарының, этномәдени бірлестіктердің күш-жігері ауадай қажет. Ендігі жерде театр, кино, кескіндеме өнері, өнер туындылары мен мәдениет өнімдері адамгершілікті, адалдықты, абырой мен ізгілікті көрсетуге бет бұруы тиіс. Сайып келгенде, бұл – ұлт болашағы үшін қажет қадам. Сол себепті де, Ассамблея сессиясында Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктеріне ақпарат құралдарында, интернет кеңістігінде арнайы жобалар жасап, жүзеге асыру ұсынылды.
Ассамблеяға жүктелген міндеттердің ішінде үштұғырлы тіл саясаты да бар. Шыны керек, қазіргі заманғы білім мен ғылым негізінен басқа тілдерде, әлемдік тілдерде жасалып жатыр. 2014 жылы әлемде 500 мыңнан астам жаңа кітап ағылшын тілінде жарық көрген екен. Сол жылы қазақ тіліндегі кітаптардың саны 2300-ді ғана құрапты. Айырмашылық көзге ұрып тұр. Ғылыми әдебиетте де осындай көрініс. Және бір назар аударарлығы, жыл сайынғы қайталанып тұратын көрініс осы.
Өмірдің өзі дәлелдеп отырғанындай, әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – ХХІ ғасырдың жазылмаған заңы. Яғни, төртіншіден, ғылымда, медицинада жұмыс істейтін және мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін меңгеруге асығуы тиіс. Сол себепті, Ассамблея сессиясында мектептерге Қазақстанның мәдениеті мен тарихын, тілі мен әдебиетін қазақша, жаратылыстану пәндерін ағылшынша үйретіп, орыс тілін пән ретінде оқытылу ұсынылды. Ассамблея ұйымының пікірінше, ұлттық тіл мен мәдениетті сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс. Мектептің соңғы сыныптарында және жоғары білім беру бірте-бірте ағылшын тіліне көшуі керек. «Үштұғырлы тіл» саясатының негізгі мәні де осында.
Бесіншіден, Ассамблея халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаруы тиіс. Алтыншыдан, қоғамдық институттың алдында бұрынғысынша этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу міндеті тұр. Яғни, бұл – Ассамблея қоғамның радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы тұруына ықпал етуі тиіс деген сөз. Жетіншіден, Ассамблея Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы әріптес елдермен арадағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету бойынша жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастыратын болады. Бұл қадам Қазақ елінің дипломатия саласын жаңа белестерге көтереді деп күтілуде.
Қоғамдық бірлік пен келісімді сақтаудағы Ассамблея ұйымы өз маңызын жоймақ емес. Бұл сөзімізге сессия барысында өз ойларын ортаға салған Теміртау қаласы өлкетану мұражайының директоры Наталья Скорикова, тепловоз машинасының көмек-шісі Геннадий Шиповских, «Менің Қазақстаным» пойызына қатысқан дәрігер Ажар Төлеуғалиева, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының аға оқытушысы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Тимур Жұқабаев және өзге де қатысушы делегаттардың пікірлері дәлел бола алады.
«ҚазАқпарат» бойынша дайындаған
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.