Ырғағынан жаңылған сала бүгінде қалпына түсіп келеді
«…ҚАЗІР ТАБЫСЫМ ЕСЕЛЕНІП КЕЛЕДІ. БҰЛ САЛАҒА КЕЛУІМ ӨЗІМДІ СЫНАУМЕН ҚАТАР, МҮМКІНДІКТЕРІМДІ АШУҒА ДА СЕРПІН БЕРДІ. АЛҒАШҚЫДА АЯДАЙ ҒАНА ШАҒЫН ЦЕХТЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, ҚАЗІР 10-НАН АСТАМ АДАМДЫ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫРМЫЗ. АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ТАҒЫ ДА КЕҢЕЮ ЖОСПАРЫМЫЗДА» ДЕЙДІ БІЗ ӘҢГІМЕЛЕСКЕН КӘСІПКЕР ЕРБОЛ САҚЫПҰЛЫ.
Бірер жыл бұрын тəуекелге бел буып, тың салаға аяқ басқан жас кəсіпкер қазір ағаш, пластиктен өнімдер шығарып, нəсібін көріп отыр. Бұл мысал – аталған саланы дамытуға мемлекеттік деңгейде мəн берілуінің айқын көрінісі. Өйткені, Ербол – сол игі бастамалардың жемісін көрген көп кəсіпкердің бірі.
Кəсіпкерлік саласын дамыту – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейінгі Жолдауларында айқындалған басым бағыттың бірі. Бұл мақсатта түрлі тетіктер қарастырылып, жеңілдетілген несие, субсидия беру де ұсынылған.
Əрине, бұл салаға соңғы жылдары қарқынды бетбұрыс байқалады. Алайда, осыдан екі жыл бұрын дүние жүзін құрсауына алған коронавирус пандемиясы бизнес иелеріне үлкен соққы болғаны шын. Облыстық кəсіпкерлік жəне туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков келтірген мəліметтер де осыны айғақтайды.
– Ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, 2020 жылы көптеген бизнес субъектілерінің қызметі уақытша тоқтатылды. Сол кезде облыс əкімдігі өңірлік кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, пандемияның таралуынан экономиканың аса зардап шеккен салаларында, əсіресе кəсіпкерлердің жай-күйі бойынша тұрақты мониторинг жүргізді. Нəтижесінде, 35 мыңға жуық шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерінің қызметтері уақытша шектелгені анықталды, — дейді басқарма басшысы.
Қай сала да пандемиядан кейін бұрынғы қалыпты жұмыс ырғағынан жаңылып қалды. Соның ішінде кəсіпкерлік саласының жағдайы ауырлады. Мəселен, 2019 жылы облыстағы 58 мыңнан астам шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектісінде тəп-тəуір өсім болса, пандемия кезінде жұмыспен қамтылғандар саны 90 пайызға, өнім шығарылымы 63 пайызға дейін азайған. Қысылтаяң шақта өңірдегі іскерлік ахуалды жақсарту жəне кəсіпкерлікті дамыту мақсатында əкімдік тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Экономиканы тұрақтандыру жəне бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру мақсатында облыста жекелеген санаттар бойынша 22 мың кəсіпкерлік субъектісіне 16 миллиард теңге шамасында салықтық жеңілдік қарастырылған.
Бұған қоса, коммуналдық меншікті жалға алған 200-ге жуық шағын жəне орта кəсіпкерлерлік субъектісі 28 миллион теңге жалға беру ақысынан босатылып, бірқатарының коммуналдық төлемдері, несиелері кейінге шегерілді. Ал, 2021 жылы кəсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша бөлінген 6,1 миллиард теңге 1621 жобаны қаржыландырып, жаңадан 1998 жұмыс орнын ашуға жəне 15 мыңнан астам жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік берді. Қолдау тапқандардың көбі – өңдеу өнеркəсібі.
Шағын жəне микробизнесті несиелеу бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы да оң нəтижеге қол жетті. Қабылданған бірқатар шаралар мен жұмыстардың нəтижесінде шағын жəне орта кəсіпкерліктің маңызды көрсеткіштерінде өсім динамикасы байқалып, 102,4 пайызға жеткен.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір кəсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде биыл бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінген. Ал, несие сомасы 30,5 миллиард теңге болған 1249 кəсіпкердің жобасы қолдау тауып, 975 жұмыс орны ашылмақ. Қазір пандемия ауыздықталған соң шағын жəн орта бизнес субъектілерінің саны 65 мыңнан асты. Оның 89 пайыздан астамының жұмыс қарқыны жоғары. Жұмыспен қамтылғандар саны 106% болып, өндірілген өнімнің көлемі 156%-ды құрады. Бұл да мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің көрінісі.
Гүлжан ƏМІРОВА