Жарнама
Қоғам

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАРА НАРЫ – ҚАБИБОЛЛА

 Ескерткіш басындағы еске алу

Қабиболла Сыдиықұлы 1934 жылы 18 наурызда Атырау облысының Жылыой ауданындағы Қарақұм мекенінде дүниеге келген.

1950 жылы Құлсарыдағы Абай орта мектебін бітіріп, 1950-1955 жылдары Жылыой ауданында халыққа білім беру саласында еңбек етеді. Бұдан кейін Атырау оқытушылар институтының, 1960 жылы Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді. 1960-1969 жылдары Атырау пединститутында ұстаздық етеді. Одан соң Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, 1982-1984 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалдық музей-кешенінің директоры, 1984 жылдан өмірінің соңына дейін   М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1966 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің арнайы ғылыми кеңесінде профессор З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ жырларындағы халықтық дәстүр хақында» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

Қ.Сыдиықұлы — «Жас дәурен» (Ұжымдық жинақ, 1962), «Теңіз лебі» (1968), «Үш қиян» (1997) сияқты поэзиялық, «Маңғыстау» (С.Шалабаев, Е.Өмірбаевпен бірге, 1979), «Дала жыршылары» (1989), «Көркемдік өрнектер» (1992), «Сарқылмас қазына» (1996), «Халықпен қайта табысқандар» (1997), «Тағылымды тұлғалар», «Каспий қайраңы — киелі өнер» (2000), «Елеулі есімдер», «Атамекен», «Біртума жыр саңлақтары» (2001) сияқты әдеби зерттеу, тарихи-публицистикалық еңбектердің авторы. Кітаптар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған 500-ден аса еңбектерінің дені ХІХ-ХХ ғғ. ақын-жыраулар мұрасын зерттеуге арналған.

Қ.Сыдиықұлы қаламынан төмендегідей зерттеулер мен мақалалар туындады: 12-томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы», «Қазақ ССР энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1976), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1983), «Қазақ фольклоры мен әдебиеті шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (1983), «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» (1988), «ХІХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1994), «Маңғыстау энциклопедиясы» (1997) ұжымдық еңбектеріне енген. Қ.Сыдиықұлының өзі көз жұмғаннан кейін де көптеген еңбектері жарыққа шықты.

Қазақстанның батыс өңірінің әдеби, мәдени, тарихи мұраларын жинап, жариялаудағы және зерттеудегі елеулі еңбегі үшін Қ.Сыдиықұлына 1991 жылы Форт-Шевченко қаласының, 1994 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Зерттеуші, ақын, қаламгердің мерейтойының әлқиссасы өзінің атакүлдігінде, Құлсары қаласындағы жылыойлық мүсінші Серік Мәтениязовтың қолымен жасалған ғалымның ескерткіші алдында басталды. Батыс өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа еңбегі сіңген ғалымның рухына тағзым етуге ауданның басшылары, ақсақалдары, қаламгерлермен бірге Алматыдан, Ақтаудан, Ақтөбеден, Атыраудан Қабиболла Сыдиықовтың шығармашылығының жанашырлары, ғалым, жазушы-журналистер, шәкірттері келді. Қабекеңнің жары, ардақты ана Гүлшат Омарқызы да балаларымен бірге осы шараға арнайы қатысты.

Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов пен әдебиетшінің жары Гүлшат Омарқызы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі М.Ізбасов жылыойлықтарға, ғалымның туыстарына арнап құттықтау сөз сөйледі.

— Бүгін — ерекше күн. Ұлтымыздың беткеұстар азаматтарының бірі, әдебиетші, жазушы Қабиболла Сыдиықовтың 80 жылдығы киелі Жылыой жерінде атап өтілуде. Қабекең Жылыойда туып, әдебиет зерттеушісі ретінде республикаға танылды. 60-жылдары қазақ әдебиетіне соны серпін әкеліп, бұрынғы еленбей жүрген, Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе аймағындағы ауыз әдебиетінің маржандарын зерттеп, қазақ әдебиетін дамытуға үлес қосты. Біз Жылыойдан шыққан ғалымымызды әруақыт мақтан тұтамыз, — деді ол.

Келесі сөз кезегін Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабаев алды.

— Қабиболла ағайымыздың Гурьев пединститутына алғаш сабақ беріп, алғаш лекция оқығанына, өзінің мөлдіреген әдемі жазуымен сынақ кітапшамызға алғашқы «5»-ті қойғанына да, міне, 52 жыл болыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт. Қабекеңдей адам өмірде өте сирек кездеседі. Ол туралы ұзақ айтуға болады, — дей келе ұстазына арнаған өлеңін оқып, осы өлең енген кітабын Қабиболла Сыдиықовтың жарына тарту етті. Ақтаудан келген қонақтардың атынан Көркембай ақсақал сөйлеп, Қабиболланың өзіне дос әрі туыс болып келетінін айтып, оның досқа, ағайынға адал көңілін аямайтын адам екенін тебірене жеткізді.

Ғалымның ағайын-тумасы атынан белгілі кәсіпкер Жақсылық Сәрсенов сөз алып, жақсы лебізін білдірді. Ғалымға жар бола білген, Қабекеңнің өзі айтқандай, сырты мен іші сай келген Гүлшат Омарқызына көп алдында ризашылығын білдіріп, зерттеушінің артындағы еңбегін ел игілігіне ұсынудағы жұмысын әлі де жалғастыра түсуге қуат бергей деген тілегін айтты.

Бұдан кейін мектеп оқушылары Қабиболла Сыдиықовтың өлеңдерін оқыды.

 

Мазмұны жоғары шара

Ғалымның 80 жылдығына арналған салтанатты кеш мәдениет үйінде жалғасты. Кешті белгілі журналист Қаржаубай Сұлтанғалиев жүргізіп отырды. Алғашқы болып аудан әкімі Мақсым Ізбасов сөз алып, Қабекеңнің жары Гүлшат апай мен балаларын сахна төріне шақырды. Гүлшат апайға құттықтау хат табыстап, камзол кигізді, балаларына естелік сыйлықтар табыс етті.

— Биылғы жыл ауданда Қабиболла Сыдиықов жылы болып аталып, біраз шаралар жүзеге асты. Болашақта ғалымның есімін жерлестерінің есінде мәңгі қалдыру мақсатында мектеп, көшенің атын беру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Ол да уақытында жүзеге асады деген сенімдемін, — деді ол.

Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ғалымның 80 жылдығына байланысты жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Маңғыстаулық қаламгер Әбілқайыр Спан Қабиболла Сыдиықов туралы сөз сөйлеп, ғалымның зерттеушілік қызметіне кеңірек тоқталды.

— Қабекең Атырау, Маңғыстау аймағы ақындары мен жырауларының шығармаларын зерттеуде апталап, айлап ешқандай көлік таңдамай жүріп жұмыстанды. Нәтижесінде 500-ге жуық еңбекті жарыққа шығарды. Ал, материалдары жинақталып, жарыққа шықпай жатқаны қаншама? Оны көздің қарашығындай сақтап, елдің игілігіне айналдырған Гүлшат жеңгемізге үлкен рахмет, — деген ол ғалымның ұлы Манастың иығына шапан жапты. Қ.Сыдиықовтың шәкірттерінің бірі Нұрдәулет Ақназаров, «Арыс» баспасының директоры, жазушы Ғарифолла Әнесовтер де естелік айтты.

Салтанатты шарада Гүлшат Омарқызы сөз алып, әдебиетке өшпес із қалдырған ғалымды ұмытпай, бүгінгідей шара ұйымдастырған баршаға рахметін айтты. Қабекеңмен қырық жыл бірге өткізген өмірінен қызықты сыр шертті.

Шара кезінде аудандық ұлт аспаптар ансамблі, «Жем аруы» халықтық би ансамблі, «Биби» би тобы, әншілер Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбек, З.Молхарова, З.Мейірманова, Д.Сарова, Ә.Есенбаева және тағы басқалары сахна шырайын келтірді. Жалпы, Жылыой жерінде өткен бұл салтанат мазмұны жоғары, маңызы үлкен шара болып, көпшілікке рухани сілкініс жасағандай болды.

 

Атырау ақиығын ұмытпайды

Әдебиеттанушы, ғалым, жазушы, ақын Қабиболла Сыдиықұлы өзінің кіндік қаны тамған Атырау өңірін талай жырға қосқан. Өлкеміздің мақтанышына айналған азаматтың туғанына 80 жыл толуы Атырауда да жалғасын тапты. Біртуар перзентінің дүние есігін ашқан бұл күнін атыраулықтар Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда атап өтті. Еске алу кешіне Қабиболла Сыдиықұлының жұбайы Гүлшат апай және ұрпағы Алматыдан арнайы келіп, қатысты.

Шараны ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев Қабиболла Сыдиықұлының қазақ ауыз әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып өтті.

— Әсіресе, жыраулық өнерді Батыс өңіріне танытуға Қабекеңнің көп еңбегі сіңді. Мәселен, Мұрын Сеңгірбекұлы, Мұрат Өскенбайұлы, Шынияз, Қашаған, Насихаттың және тағы басқа жыраулардың шығармаларын тірілтіп,ортамызға қайтып әкелген осы – Қабекең деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оған дейін жырауларды терең зерттеген адам болған жоқ, — деді Қ.Жылқышиев.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев шараның маңыздылығын айтып, келген қонақтарға «қош келдіңізін» жеткізді.

— Қабиболла Сыдиықов қазақ жырларын жинап зерттеп, еліміздегі Батыс өңіріндегі жыраулар дәстүрінің мектебін анықтап берді. Сонымен қатар, ол белгілі ақындардың өлмес туындыларын өшпес қазына етіп қалдырып, талдап таратты. Және өзі де бірнеше құнды шығармалардың авторы атанды, — деді ол.

Кеш барысында ақынның бірқатар өлеңдерінен үзінділер оқылды. Бұған қоса, жуырда тұңғыш рет өткен жыраулар байқауында жүлдегер атанған Манарбек Дәулетов пен Нұржан Сағынаевтың өнеріне жиналған көрермендер үлкен қошемет көрсетті.

— Қабекеңмен студент кезімде ойда жоқта кезігіп, таныстым. Содан бері достығымыз қалыптасып, бір-бірімізге сыйластық танытумен болдық. Ол ғылымға үлкен көңіл бөлді. Оның зерттеу еңбектері 15 томнан кем түспейді деп ойлаймын. Қабекеңнің бір ерекше қасиеті – ол достыққа берік адам болатын. Әсіресе, Меңдекешпен арасындағы достық мені таңғалдыратын. Үнемі екеуі бірге жүретін. Қайда барсақ та ортақ тақырыбымыз – әдебиет, ғылым. Кейде пікірталас ұйымдастыратын кездер де болды, — деді тарих ғылымының докторы, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Хисмет Табылдиев.

Жуырда ғалымның «Бес ғасыр сөйлейді» деген атпен кітабы жарыққа шықты. Мұнда Есмағамбет Смайылов, Мәлік Ғабдуллин, Қабижан Бекхожин және басқа ұлы тұлғалар Қабиболла Сыдиықұлы, оның еңбектері туралы өз пікірлерін білдірген екен. Соның ішінде профессор, академик Зейнолла Қабдолов: «Қабиболла Сыдиықов Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасы туралы дипломдық жұмысын әдемі ақындық шабытпен, толқыныс сезіммен, лирикалық нәзіктікпен жазған. Дипломдық жұмысының бойынан салқын, самарқау баяндау емес, жұлқынған тынымсыз ой, ыстық албырт құштарлық аңғарылады. Түйінді, деректі әрі дәлелді пікір-тұжырымдар бар. Қабиболла Сыдиықов көркем әдебиетке, әйтеуір факультет сол болғасын көлденең жабысқан кісі емес, өзінің күллі болмысымен әдебиет адамы» деп қалдырған естелігі де енген. Міне, осы сөздердің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тастайды.

Белгілі журналист Қаржаубай Сұлтанғалиев өзін Қабиболла Сыдиықовтың шәкірті санайды. Ол 1960 жылы Жылыойдан студент атану үшін үлкен үміт жетелеп Атырау қаласына келгенінде болашақ ұстазы Қабиболла Сыдиықов жылы шыраймен құшақ жая қарсы алған.

— Бұл кезде Қабекеңнің жасы небәрі 26-да еді. Содан бері Сәкендей сұлу да, сырбаз Қабиболла Сыдиықовпен өмірінің соңғы күндеріне дейін өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Ұстаз, аға ретінде сыйладық. Өйткені, оның бойында өзін сыйлата білетін, өзін құрметтеуге итермелейтін тамаша қасиеттері бар еді. Біздің әдебиетке келуімізге, бір нәрсе жазуымызға Қабекеңнің, Меңдекеш Сатыбалдиевтың, Ерлік Өтебаевтың еңбегі сіңді. Олар бізді әдебиетке баулыды. Сондай-ақ, Қабекең мықты психолог адам болатын. Бізге дұрыс пен бұрысты ажыратуға кеңестерін аямайтын. Арамыз алшақтап, сағынысқан кездерде жиі хат алмасып тұрушы едік. Әрбір детальға үлкен мән беретін жан болды. Қазір де Гүлшат жеңгемізбен жиі хабарласып, отбасымен қатынасып тұрамыз, — деп ардагер журналист біраз хаттарын оқып, еске алды.

— Қабиболланың еңбектері барда, артынан жоқтайтын елі барда оның рухы ешқашан өлмейді. Маңғыстау және Атырау өлкесі өз перзентін ұмытпай еске алып жатыр. Маңғыстау облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасына оның есімі берілгелі жатыр. Мұның бәрі – үлкен құрмет, — деді ғалымның жары Гүлшат Омарова. Ол отбасы атынан тамаша кешті ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан алғысын білдірді.

Ал, еске алу кешін ұйымдастыруға атсалысқан Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұжымы шара соңында алматылық қонақтарға сыйлықтарын тарту етіп, Гүлшат апайдың иығына камзол жапты.

 

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ,

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Нұрлан  Қабылов.

Суреттерді түсірген 

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,

Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ.

 

 

Жыр-шашу

 

. БІРЕГЕЙІ ҰЛТЫМНЫҢ

 Ғалым, ақын, ұстазым

 Қабиболла Сыдиықұлының рухына!

 

Таланттылар келе жатқан шоқтанып,

Қаби аға төңірегіне топтанып,

Жүруші еді, ал ол болса үрлейтін,

Әр жүректен жанатұғын от тауып.

 

Ғұмырында таныта алып ірілік,

Кеткен тұлға тарихқа кірігіп.

Бірге өзімен жүр ғаламда абыздар,

Ғасырлардың қойнауынан тіріліп.

 

Әдебиет әлемінің қыр-сырын,

Ескі жырдың біз білмейтін тылсымын,

Құйып миға таңдандырды, ғылымның

Шырқ иіріп жатқандай-ақ ұршығын.

 

Қабекеңдей кең аралап жұртымның,

Ашты көне шежіресі құлпын кім?!

Өзі өрген өлмес, өшпес даңқымен,

Жасай берер бірегейі ұлтымның.

 

 

2. ДАРЫН ДАРА

Халқымның жыр кенішін саралауы,

Атағын нұрлы күндей даралады.

Орнында тұр данагөй тұғыры асқақ,

Ғылымның батпан жүкті қара нары.

 

Сөйлесе сөзі ерен сары алтындай,

Қоспады үн кер ауызға қаралтымдай.

Самғады ол баппен ғана қияндарға,

Сұңқардың кеңге сермер қанатындай.

 

Бағыттан мақсат тұтқан қайтқан емес,

Таппаған болмашы бір жайттан егес.

Сырты да, іші де оның аппақ еді-ау,

Біреуге бір лағнет айтқан емес.

 

Шаң қауып, менсінбеген ұлық қалды,

Жолы да ор қазғанның тұйықталды.

Кім бөгет бола алады шын ғалымға,

Мінеки, Қаби дегдар ұлықталды.

 

Жалғанның алақанын күлбіретіп,

Желегін ақиқаттың үлбіретіп.

Тәлімін берген ондай хакім аз-ау,

Шәкіртін мәпелеген үлдір етіп.

 

Даңқын әуелеткен көкке, міне,

Ауылға, аймағына, мектебіне,

Жылыойға, жұрт риза арысының,

Мүсінін нық орнатқан бөктеріне.

 

Ұлыны ұлықтаудан жаңылмаған,

Айналдым, пейіліңнен тарылмаған,

Қазағым, мақтан, шалқы, төріңде тұр,

Сексеннің шыңына өрлеп дарын дараң.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

 шәкірті, Қазақстанның Құрметті журналисі,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button