ҒЫЛЫМДАҒЫ ЗЕРДЕЛІ ІЗ
Мұхит Жұмашұлы 1929 жылдың 9 қаңтарында қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген. Кеңес тарихында 9-шы қаңтар «Қанды жексенбі» деп аталатындықтан, қалжыңға жетік құрдастары Мұқаңның туған күнінде «сен қан шығарып, мал союың қажет» деп әдейі шығындататын. Орда өңірінің қазақ халқының тарихындағы орны ерекше екендігін барлығымыз да жақсы білеміз. Өткенімізді мойындамай, өзеуреп жүретін кеңестік солақай саясат дәуірлеп тұрған шақ қой. Бірде «осы сіздер Жәңгірдің заманында аса білімді, елге жаны ашыған жан болғанын білесіңдер ме? Ол Ордада алғашқы мектеп салды, балалардың Ресейде білім алуына мүмкіндік жасады. Жалпы, Исатай-Махамбет көтерілісі жайындағы шындық әлі талай ашылады» деді. Онысы бүгінде көрегендікпен айтылған сөзге айналды ғой.
Мұхит Жұмашұлы мектеп бітіргеннен кейін өткен ғасырдың 50-ші жылдары ауылдан шыққан қазақ жастарының армандайтын оқу орны – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының физика мамандығын таңдаған еді. Институт түлектерінің дені ауыл мектептеріне бөлінсе, өте жақсы оқыған Мұхит ағаға жолдама сол кезде жаңадан ашылған Гурьев педагогикалық институтына берілді. Пединститут – облыстағы бірден-бір жоғары оқу орны. Оқу кешені бірнеше аласа-аласа барақтарда орналасқан. Соғыстан кейін ел еңсесін енді көтеріп келе жатқан заман ғой. Жастарда білімге құштарлық өте зор. Мектепте мұғалім болып жұмыс жасағанмен, дипломдары жоқ адам қаншама?! Барлығы осы оқу орнын жағалайды. Осы жолдары жоғары оқу орындарында қазіргідей қаптаған ғылым кандидаттары жоқ. Кафедрада ғылыми атағы бар жалғыз маман – Хакім Ахметжанов. Ол атмосфералық құбылыстарды зерттеумен шұғылданатын. Ахметжановтың жетекшілігімен, ішінде Мұхит Жұмашұлы да бар, бірнеше адам ғылыми тәжірибелер жүргізген еді.
Институтта Мұхит Жұмашұлы негізінен жалпы физика курсының «Электр және магнетизм», «Оптика және атомдық физика» тарауларынан дәріс оқитын. Болашақ физика мұғалімінің мамандық деңгейін қалыптастыруда бұл курстардың маңызы өте жоғары. Мұқаң дәрістерді өте беріле, құлшына оқитын. Сабақ біткенде біз оның дәрістен шыққанын бірден байқайтынбыз. Қолы бор-бор, киіміне түгел жұққан, әбден шаршап шығатын. Мұқаң, әсіресе, өзге әріптестері сирек қолданатын демонстрациялық тәжірибелерді студенттердің алдында өз қолымен жасап көрсетуді ұнататын. 90-шы жылдары Атырау педагогикалық институтын бітірген ғылым кандидаты Әсет Түркіменбаев Мұқаңның сол кездегі дәрістері жайында сүйсіне айтады. «Сырт көзге қарапайым, жуас адам болып көрінетін Мұхит аға лекция мезгілінде күрт өзгеретін еді. Дауысы ашық, әрбір құбылысты саусақпен түсінетіндей қылып студентке жеткізуге тырысады. Дәріс мезгілінде басқа әңгіме, шаруада ойы жоқ. Тек оқу материалы. Тоқсан минут уақыттың қалай өткенін білмей қаламыз. Физикалық күрделі есептерді студенттерге шығартуға үйрету — Мұқаңның өте жақсы көретін кәсібі. Егер студент есепті әдемі, өзі тапқан жолмен шығарса ағай өзі бастап, аудитория қостап, қол соғатынбыз. Менің физик болып қалыптасуымда Мұхит ағаның орны бөлек», — дейді ұстазын сыйлай білетін Әсет Бекболатұлы.
Мұқаңның жолдасы Уәсила апаның қолынан талай дәм татып едік. Ақжарқын, мінезі ашық, жомарт адам еді. Мұхит ағамызды өте сыйлайтын. Қалай танысып, отбасы құрғандарын әзіл сөзбен әңгімелеуші еді. Уәсила апа да педагогикалық институт бітіріп, мектепке жұмысқа келгенде Атыраудағы ағайындарының үйіне орналасады. Мұқаңмен танысады. Жас жігіт қой, ағамыз апайды жиі үйіне дейін шығарып салатынын жататын үйіндегі жеңешесі байқап қалса керек. Сіңлісін әңгімеге шақырып, «осы сені күнде бір кавказдық жігіт үйге әкеліп салады. Болашақ жар таңдау өз шаруаң ғой, бірақ ұлты қазақ, елдің жігіті табылмады ма?» десе керек. «Апа, ол – таза қазақ» деп шырылдайтынмын», — деп күлетін апай.
Хакім Ахметжанов қызмет бабымен Алматыға ауысқаннан кейін Мұхит Жұмашұлы біраз уақыт Гурьев педагогика институтының физика кафедрасына жетекшілік етті. Сол жылдары ұжымның ғылыми дәреже көрсеткіштерін, білім беру сапасын көтеру мақсатында Қазақ педагогика институтын жақсы бітіріп, жолдамамен жұмысқа орналасқан Асау Жалғасов, Бекаман Сүлейменов сынды дарынды жастар Қазақтың Киров атындағы мемлекеттік университетіне аспирантураға жіберілді.
Мұқаң өмірінің соңғы жылдарына дейін ғылыми-әдістемелік жұмыстармен шұғылданудан танған жоқ. Әуелі жалпы физика курсының әртүрлі тарауларын оқыту әдістемесімен айналысып жүрді. Ол жылдары кафедра мен факультеттердің ашық жиналыстарын Теңіз, Индер, Қызылқоға сияқты алыс аудандарда өткізу дәстүрге ене бастаған кез. Бірнеше ғалым ауыл мектептеріне барып, дәріс оқиды. Физика ғылымы мен оны оқыту әдістемелерінде болып жатқан жаңалықтарды айтады. Мұхит Жұмашұлы өз баяндамаларында зертханалық жұмыстарды қою, демонстрациялық тәжірибелерді өткізу, оқу материалдарын модульдеп оқыту сияқты ауыл мұғаліміне өте қажет мәселелерді көтеретін.
Мұхит Жұмашұлының ғалым ретінде жете шұғылданып, өмірінің біраз жылдарын арнаған, бірнеше ғылыми мақалалар мен әдістемелік нұсқаулар жазған модульдік оқыту технологиясына арнайы тоқтала кетуді жөн көрдім. Бұл технология оқу әрекетінің бір түрінен (теориялық білім беру) екінші түріне (кәсіби біліктілік пен дағдылардың қалыптасуы) ретті, жүйелі өтуін қамтамасыз етеді. Модуль оқу пәнінің жеке тақырыптарымен сәйкес келеді. Бірақ, тақырыптан өзгешелігі сол, мұнда барлығы өлшенеді, барлығы бағаланады: тапсырма, өзіндік жұмыс, сабаққа қатысу, оқушылардың алғашқы, аралық, соңғы деңгейлері. Модульдік оқытуда блоктың мақсаты, оның міндеттері мен деңгейлері нақты беріледі, шәкірттердің біліктіліктері мен дағдылары анықталған болады. Модульдік технологияда оқу үрдісінің барлық түрі алдын-ала бағдарланады: оқу материалдарының логикалық жалғастылығы ғана емес, оның игерулі деңгейі, меңгеру сапасының бағалануы ескеріледі.
Мұхит Жұмашұлы – модульдік оқытуды жалпы физика курсына енгізуді республикада алғаш бастаған ғалымдардың бірі. Ғалымның идеясы бойынша модульдеп оқытуда дәрістік материалдардан гөрі, есеп шығару, зертханалық жұмыстарды орындау, мектептермен, өндіріс кәсіпорындарымен байланысты нығайту сияқты оқыту әрекеттеріне басым көңіл аудару қажет. Бұл – уақыттың алдын алған ұсыныс. Кейін 2007-2009 жылдары республикада несиелік оқыту технологиясы дами бастағанда, студенттерге дәрістік материалдардың дені өздігінен игеруге беріліп, оқытудың негізгі күші есептер шығару мен зертханалық әрекеттерге бағытталуы негізгі фундамент болып қабылданды. Ал, Мұқаң болса, бұл әдісті сонау 1980 жылдары ұсынған болатын.
Түйіндеп айтқанда, Гурьев педагогикалық институтында, кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 40 жылдан астам еңбек еткен белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Мұхит Жұмашұлының өмірі – кейінгі буын үшін әркез ғибратты өнеге.
Ақылбек АХМЕТОВ,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор.