Жарнама
Қоғам

Ғылымды жаңғыртудың жарқын жобасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елім, жерім деген әрбір қазақстандықты ойлантты, тебірентті. Отанымыздың ауасын жұтып, жерін басып, суын ішіп жүрген әрбір адамды толғантты.

6ba067e1cf2a3bcb024f985f47195969_XL

Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «жаңа гуманитарлық білім қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз» деген Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, 100 жаңа оқулықты қазақшаға аудару жөніндегі бюро құрылған еді. Аталған жоба аясында «Алғашқы 18 жаңа оқулық ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып, баспадан шығып таратыла бастады» деген хабар зиялы қауым өкілін ерекше қуанышқа бөлеуде.

Біз Кеңес дәуірі кезінен бері көркем шығармалар аудармаларымен танысқанбыз. Орыс әдебиетінің классиктері А.Пушкин, Ю.Лермонов, Л.Толстой, В.Гоголь, Ф.Достоевскиймен қатар шетелдің көркем әдебиетінен орыс тілі арқылы қазақ тіліне аударылған Д.Дефо, Д.Свифт, Стивенсонның шығармаларынан бастап, Гете, Шекспир, Бальзак сынды әлем әдебиетінің  белді өкілдерінің  шығармаларын оқып өстік. Ал, шетел және орыс тіліндегі ғылыми еңбектерді аудару дегенді сиректеу еститінбіз.

Елбасының қолдауымен үздік шетел оқулықтарын ағылшын, француз тілінен тікелей қазақ тіліне аудару ХХІ ғасырдың таңғаларлық жаңалығы десек болады.

Аталған және болашақта қазақшаға аударылуға белгіленіп, таңдалып отырған оқулықтар еліміздің оқу орындарында бұрын қолданылып жүрген бір қалыптан айнымайтын оқулықтардың мазмұнындағы тереңдігі жетіспей жатқан ғылыми тұжырымдарды жетілдіріп, толықтырып, тіпті түбегейлі жаңартып, жаңа мазмұнмен молайтатыны сөзсіз. Жаңа, таңдалған, бұрын ғалымдарымыз бен студенттеріміздің ұғымында жоқ ғылыми жаңалықтармен серпілтіп тастаулары мүмкін. Соның нәтижесінде жаңалықтармен жетілдірілмеген, толықтырылмаған, әлемдік ғылыми үдерістерден алыс жатқан  барлық гуманитарлық ғылымдардың бұрынғы оқу бағдарламаларына түгелдей жаңартулар жасалатыны сөзсіз.

Бұл кітаптар әлемнің 42 еліне таралып, 34 тілде басылып шыққан екен. Ал, осынау кітаптардың таралым саны 50 миллион данаға жуық. Оқулықтардың ғылымилығы мен мәнінің тереңдігіне байланысты қанша таралыммен таралып жатса да, Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығының құны өте жоғары көрінеді. Америка студенттері бұл оқулықтың әр данасын 280 доллардан сатып алады екен. Оқулықтарды аударуға алдыңғы қатарлы елдердегі аудармашылық тәжірибелерінің жетістіктерімен қаруланған екі мыңдай білімді тәржімашы  тартылуда.

«Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлының айтуына қарағанда, ілгері аударма технологиясының бірі, дүние жүзінің 180 мыңнан аса аудармашы маманы қолданатын арнайы электронды платформаға қосылған. Олар үшін аударма ережелері мен қағидалары дайындалған.

Аудармашылардың тілдерінің жатықтығы қарастырылуда. Жаңа терминдерге баламалар табылуда. Ғылыми жаңа терминдердің түпнұсқасын сақтаудың нәтижесінде тілімізге жаңа сөздер енгізілуде. Олар қазақ тіліндегі ғылыми лексиканы байытатыны сөзсіз. Қазақ тіліне аударылған үздік жаңа оқулықтар қазір жоғары оқу орындарында «Елбасы оқулықтары» деген атқа ие болуда. Шетел, ағылшын тіліндегі оқулықтардың қазақ тіліне төте аударылуы тілді байытады, ұлт терминологиясының дамуына жол ашады. Қазақ тілі грамматикасының мүмкіндігін кеңейтеді, тәжірибені шыңдап, қазіргі заманауи аударма мектебін қалыптастырады.

Шетел тілдерінен аударылған оқулықтар мен ғылыми еңбектердің, алдымен, таңдаулы жүзге жуығы қазақ тіліне аударылып, бастапқыда бүкіл жоғары мектептердің кітапханаларына жіберілсе, гуманитарлық ғылымдар саласындағы студенттерге дәріс оқып жүрген ұстаздар бірден ғылымдарға ден қояды. Себебі, бұрынғы оқулықтардағы қасаң әдіс-тәсілдер мен ой-пікірлерге бұрын белгісіз болып келген жаңа да тың ойлар мен тұжырымдар ғалымдарды жаңаша ойлауға шақырады.

Ұлы бабамыз Әбу-Насыр Әл-Фараби: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген. Қазақ ғылымындағы жетілдірулер Елбасының жаңа оқулықтарды ғылымға енгізуінің нәтижесінде болып отыр. Оларды рухани жаңғыруға байланысты ұсыныс етуі тамаша құбылыс деп білеміз.

Қазақ ғылымына ой жіберіп қарасақ, жаһандану өте ертеден бері үздіксіз жүріп келе жатқанын байқаймыз. Уақыт өткен сайын жаһанданудың қарқыны үдей түседі. Мысалы, ХІХ ғасырға дейін қазақ еліндегі ғылым атаулы жаңалықсыз тұралап қалса, орыс тілін терең білген ұлы даналарымыз Шоқан, Ыбырай, Абай арқылы үлкен серпіліске түсіп, оянуды басынан өткізді. Ұлылар ғылымға ден қойды. Орыстың гуманитарлық ғылымының алуан салаларын алып келді. Қазақ әлемі осылайша жаңарды. Абай орыс, шығыс әдебиетін оқу арқылы; орыс тілінің көмегімен философиясына ден қойғанын білеміз. Қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы жыраулық дәстүрден ауытқымай келе жатқанын зерттеп білген Абай басқа халықтардың поэзиялық шығармаларымен танысу арқылы әдебиетімізге төңкеріс жасап, философиялық терендік, формалық түр жағынан жетілдірді. Сондықтан да өз өлеңінде былай деген еді:

Бұрынғы ақындарды тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

немесе:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Бірінің сөзі жамау, бір құрау,

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Әр жерде кемшілігі көрініп тұр-ау, —  деп, өз ойларын қазақ әдебиетінің бір қалыппен тұралап қалғандығын, әдебиетіміздің жаңалықты талап етіп тұрғанын білді, Өзінше жетілдірулер енгізіп, қазақ поэзиясын шырқау биікке көтерді. Сол арқылы өзінің поэзиясы да классикалық дәрежеге жетті. Абайдың поэзиядағы төңкерісі, сөз жоқ, шетел, орыс, шығыс поэзиясынан үлгі алуының нәтижесі еді.

Әдебиеттегі, поэзиядағы мұндай жаңалық пікірлер мен ойларды білдіруге кемеңгер ақын дүние жүзі әдебиеттерін оқу арқылы жеткенін айтқанымыз жөн. Дәл осылайша, жаңа оқулықтардағы ғылыми жаңалықтармен таныс болғаннан кейін біздің ғалымдарымыз бұрынғы бағыттарына жаңаша қарап, жаңғыртады. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары оқу бағдарламаларын жаңаша құрастырып, белгілі бір ғылым бағытындағы жаңа ұғымдарға өздері әбден қанығып, содан кейін студенттеріне ұғындырады. Сөйтіп, әлемнің таңдаулы оқу орындарының қатарына осылай ілеседі.

Мәселен, біз, тілші-ғалымдар, әдебиеттанушылар, филология саласындағы жаңалықтарды әбден ұғынып, өз ғылымымызға жан бітіре түскендей боламыз. Тілшілер фонетика, морфология, синтаксис, лексика салаларына шетел ғалымдарының жаңалықтарын енгізе қарастырады. Ал, әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясы, тарихы және әдебиет сынына да жаңа оқулықтар арқылы жаңаша көзқарастар қалыптастырылады. Осы үш ғылым тарауында ескерілмей жүрген мәселелер таңдаулы оқулықтардың ішінде болуы әбден мүмкін. Сондықтан, әдебиетшілер әдебиеттің теориясын, тарихын, сынын жетілдіре түсудің жолын көздейді.

Ұлттық аударма бюросы басшысының мәлімдеуінше, қазақстандық ғалымдар болашақта 800-дей оқулықты аударуды ұсыныс еткен. Бұл – ұшан-теңіз байлық. Қазақ ғалымдары осындай байлықты игеруі керек. Егер осы істер жүзеге асса, онда қазақ ғылымының әр саласында да жаңалықтар мол болары даусыз. Әлемдік ғылыммен қаруланған болашақ жастардың жаһанға есіктерін айқара ашатынына сеніміміз мол.

Қадыр  ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button