ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ КИЕСІ
«Бүгінде әйел адамдардың құқығы қорғалып, нәтижесінде олардың қоғамдағы рөлі көтеріліп келеді. Дегенмен, жұмыссыздықтың да бет пердесі әйелдер болып табылады» деп атап өтті облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева. Айтуынша, облыс бойынша тіркелген 13 мың 594 жұмыссыздың 7149-ы, яғни 52%-ы әйелдер болып отыр. Оның 4059-ын ауыл әйелдері құрайды екен. «Әйел адамдар көбіне үй шаруашылығынан ұзап кете алмайтын болғандықтан, біз-сіз болып оларды осы ауылдың ішінен жұмыс орындарына орналастыруға тиіспіз. Мысалы, шаштараз, наубайханасы бар, басқа да кәсіпкерлігі бар азаматтар өз істерін ұлғайтып, несие алып, қыз-келіншектер үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға жұмыстанса, ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылу мәселесі белгілі бір деңгейде оң шешімін табар еді» дейді ол.
Ауыл әйелдерін саяси ілгерілету мәселелері жөнінде Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Тамара Амантурлина өзіндік ұстанымдарын ортаға салды.
Өз кезегінде аудандық «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық көмекші мектеп-интернатының директоры Гүлнар Аманғалиева, Бейбарыс селолық округінің әкімі Салтанат Сатымқызы, аудандық мәслихаттың депутаты, Есбол орта мектебінің директоры Мақаш Бисенова ауыл әйелдерін жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару керектігін айтты.
Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев қорытындылап, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ белсенді әйелге Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мен «Шаңырақ-2008» үкіметтік емес ұйымының атынан ұйымдастырылған Алғыс хатпен қатар бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Баян СҮЙЕУОВА,
Махамбет ауданы.