Жарнама
Қоғам

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМГЕ ҚАДАМ

Белгілі ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов президенті болып табылатын аталмыш ұйымның мұрындық болуымен ширек ғасыр ішінде тілге тиек етерліктей көптеген шаруалар атқарылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Семей ядролық сынақ алаңы ресми түрде жабылып қана қоймай, осы аумақты мекендейтін, жалпы полигонға қандай да болса қатысы бар, жарылыстардың салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы мәселе көтеріліп, Үкіметтің алдына қойылды.

Ағымдағы жылдың тамыз айында алдымен Алматы, содан соң Семей қалаларында «Невада-Семей» халықаралық қозғалысына 25 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, басқа да тарихи-тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Осы мазмұндас іс-шаралар Халықаралық қозғалыстың Атырау облысы бойынша құрылған  филиалында да жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Бұл жайында филиал директоры, Атырау мұнай және газ институтының профессоры Тілепқазы Ерғалиев қысқаша баяндады. Бұдан кейін ол белсенді атсалысып жүрген әріптестерінің бір тобына 25 жылдыққа арнайы шығарылған мерейтойлық медальдарды тапсырды. Мұндай марапатқа ие болғандардың қатарында «Азғыр-Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мансур Қуанышалиев, экология саласының ардагері Юрий Лялин, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әлимұхамед Құттымұратұлы, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, Азғыр селолық округінің (Құрманғазы ауданы) әкімі Нұржиян Биляшева, ядролық физика институты Азғыр экспедициясының басшысы Балтабай Мұхамбетжанов, осы мекеменің коменданты Қасиет Ғұбашев, т.б. есімдері аталды. Мерейтойлық медальға ұсынылғандардың сапында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов сынды полигондар мәселесін батыл қозғап, қойған мәселелерінің оң шешімін табуы жолында аянбай тер төгіп жүрген халық қалаулысының да барын мақтанышпен атай кеткеніміз ләзім.

Жиында сонымен бірге бұрынғы «Азғыр» ядролық полигоны-сынақ алаңы және онымен шектес аумақтар мен елді мекендердің радиациялық ахуалы туралы әңгіме қозғалды. Тақырыпқа орай, ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық физика институтының өкілі Виктор Глущенконың хабарламасы тыңдалды.

Жарылыстардан бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстарының тиімділігін бағалау мақсатында 2009 жылы полигонды кешенді зерттеу шаралары жүргізілген.

Енді бағалау жұмыстарының нәтижесіне келсек, кешенді радиоэкологиялық зерттеулер аясында Құрманғазы ауданының 11 елді мекені, оған қоса «Капустин Яр» полигоны маңындағы ауылдар және Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда мен Жанқала аудандарына қарасты 30 елді мекен қамтылған. Сөзінің соңында хабарламашы бұлардың әрқайсысын жеке-жеке талдады. Түйіндей айтқанда, жүйелі жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары жылдан-жылға өзінің оң нәтижесін беріп, біртіндеп адам денсаулығы мен өміріне төнер қауіптің сейіліп келе жатқандығын меңзеді. Әйтсе де, басталған жұмыстардың алға қарай да жалғасын тауып, мемлекет деңгейінде шешілуге тиісті кейбір мәселелердің түйінін тарқатар мезгіл жеткенін де қаперледі.

Алқалы жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселенің қай уақытта да өзектілігін жоймайтындығын, сондықтан да одан баршамыздың да тысқары қалмауымыз қажеттігін алға тартты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button