Жарнама
Қоғам

Ұрпақтары ұмытпайды

Майдан үшін маңдай терін төккен, отты  жылдарда  ер мен әйел, кәрі мен жас деп бөлінбей, тыл даласында  қара жұмыс жасаған ардагерлердің еңбегі  ерен. Жасыратыны жоқ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген жандарды Жеңіс күні қарсаңында ғана еске алып, құрмет көрсетіп жатамыз. Күннен-күнге қатары сиреп бара жатқан оларға мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де мейлінше көңіл бөліп,  мереке алдында ғана емес, жиі іздеп барса, жадау көңілдері жадырап қалары сөзсіз. 

Ал, еріктілер атаулы күнді күтпей-ақ тыл арагерлерінің көңілін сұрап, көмек қолдарын созып тұрады.  «Жаныңдамын!» волонтерлік ұйымының мүшесі Әділхан Сарсеновтың айтуынша, 2022 жылдың шілдесінен 2023 жылдың маусымына дейін Қазақстанның 35 қаласында «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігі «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көмегімен «Жеңіс» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Жобаның нысаналы тобы — Ұлы Отан соғысының ардагерлері және өмірлік қиын жағдайлардағы әлеуметтік осал санаттағы тыл еңбеккерлері. Жоба аясында еріктілер рейдтері, ардагерлермен бейресми кездесулер өткізіледі екен.

— Еріктілер тыл ардагерлеріне мерекелік құттықтау акцияларын ұйымдастырады, көмекке мұқтаж қарттар болса үй-жайын жинап, аулаларын тазалап беруге көмектеседі. Тізімді ұлттық волонтерлік желі мен облыстық жұмыспен қамту басқармасынан, әлеуметтік желілерге хабарландыру беру арқылы аламыз. Қазір біздің қолымызда 50 тыл ардагерінің тізімі бар, тобымыздағы 15 ерікті оларға үнемі баруға тырысамыз, — дейді ол.   

Әлеуметтік желілерден де байқағанымыз, аталған ұйымдағы жастардың белсенділігі ерекше. Әділхан Тілекқабылұлының өзі де әр акция кезінде қатарға қосылған жаңа волонтерлерге көмекке мұқтаж жандарды тауып, сауапты істе ешкімнен ешқандай ризашылық пен сыйақы күтпей-ақ оларға қамқорлық жасауды үйрететіндіктерін атап өтті. 

Бүгін де олар Атырау қаласы бойынша елу тыл ардагеріне көктемгі мерекелер — Алғыс айту, аналар мейрамы, көрісу күндеріне орай мерекелік сыйлықтарын табыстауға асығып бара жатты. 

  Еріктілер еселі еңбекпен есейген жандарға жыл он екі ай қамқорлық көрсетуге әзір. Өйткені қариялардың еңбегі — елге үлгі, ұрпаққа өнеге.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button