
Ұрпақ жадындағы зұлмат жылдар
Қазақ халқының жүрегіне өшпестей із қалдырған ең бір зұлматты жылдардың салқыны бүгінге дейін ұрпақ жадында жаңғырып келеді. Әсіресе, 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін мен жалған айыптаулар қаншама отбасының тағдырын тәлкекке салды. Бұл – ел тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі. Жазықсыз жапа шеккен боздақтардың есімін ұмытпай, рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парызы.
Жасыта алмаған жала
Сол бір жылдары тағдыр тауқыметін тартқан жандардың қатарында Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, статистика саласының ардагері Айман Қазалықызының ата-бабасы да бар. Оның атасы – Тасжан ақсақал 1870 жылы сол кездегі Есбол ауданына қарасты Бөдене ауылында дүниеге келген. Жастайынан араб елінде білім алып, туған ауылына оралған соң ел жастарын діни сауаттылыққа тәрбиелеуді мұрат тұтып, өз қаржысына мешіт тұрғызған. Бұл мешіт сол заманда ауылдағы жалғыз діни орталық болып, мұнда шәкірттер араб тілін меңгеріп, дін негіздерін оқумен қатар, шығыс поэзиясының классиктері Әбілқасым Фирдоуси, Низами, Омар Һайям сынды ғұламалардың шығармаларынан сусындаған.
– Атам Тасжан қажы Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп келгенін үлкендерден жиі естуші едік. Сол кісі 1938 жылы «мешіт салды, дінді уағыздайды, кеңес өкіметіне қарсы әрекет етеді» деген жалған айыппен ұсталып, сол жылдың 28 қазанында ату жазасына кесілген. Бұл үкім орындалған. Атам туралы естеліктерді кезінде Қаракөл мектебінде ұстаздық еткен Шәріп Мұхадиев пен Рашид Нұрғалиев ағаларымыздан естідік. Осы деректер аудандық «Қызылқоға» газетінде 1997 жылы жарияланды, — дейді Айман апай.
Атасының артында қалған кенже ұлы – Айман апайдың әкесі Қазалы Тасжанұлы да сол жылдары жазықсыз сотталғандардың бірі. 1938 жылдың күзінде «елдің бірлігіне қарсы үгіт жүргізді» деген айыппен РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабымен тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, Қарағандының әйгілі КарЛАГ-ына жіберіледі. Түрме өмірі оған оңай тимей, қиындық пен азапқа толы лагерь ерік-жігері берік жанның шынайы болмысын айқындай түседі. Бостандыққа шыққан соң Қазалы отағасы өзін қаралап, өтірік куәлік берген адамдарды тауып, ақталуға күш салады. Бұл мақсатына да жетіп, 1946 жылы туған еліне оралады.
Алайда қуғын-сүргіннің салдары бұл әулет үшін мұнымен аяқталған жоқ. Қазалы түрмеде жүргенде артында қалған анасы Алтыншаш, алғашқы зайыбы Зила және кішкентай екі ұлы өмірден озады. Ересек перзенттері Жәміш пен Қапашты атасының бауырлары Қанапия мен Мүбәрак асырап, қамқор болған.
Бостандыққа шыққан Қазалы 1946 жылы Динаш Кенжалықызына үйленіп, екінші мәрте отбасын құрады. Бірақ екі жылдан кейін Динаш анаға «жоспардағы 120 еңбеккүнді орындамадың» деген желеумен «арамтамақ» айыбы тағылып, Сібірге жер аударылады. Қазалы да екі баласын ертіп, Кемерово облысының Белово қаласына жақын Черта ауылындағы №2,3 шекара бөлімінде жазасын өтеп жатқан зайыбы Динашпен бірге тұрады.
– Ол жақтағы өмір де оңай болмаған. Бірақ ата-анам қиындыққа мойымады. Сібір топырағында Мұрат, мен, кейін сіңлім Айтқаным дүниеге келдік. 1954 жылы қаңтарда анамызды уақытынан бұрын босатып, сол жылы біржола елге оралдық. Осылайша біздің отбасының қуғын-сүргін жолындағы азапты тағдыры 17 жылға созылды, — деді толқи еске алған Айман апай.
Бүгінде Тасжан атаның мешіті тұрған жерге ескерткіш-белгі орнатылған. Оның ұрпақтары жазықсыз жала құрбаны болған аталарының еңбегін ел есінде сақтау мақсатында ауылдағы көшелердің біріне Тасжан атаның есімін беру туралы ұсыныстарын айтып, бұл бастаманың қолдау табуына үміт артады.
Айман Қазалықызы – бүгінде ел алғысына бөленген зейнеткер. Ғұмырын мемлекет пен қоғам игілігіне арнаған ол «Статистика саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Атасының еңбегі мен әкесінің тағдырлы жолын ұмытпай, ұрпаққа өнеге етіп айтып жүрген жан.
Әке есімі ақталған күн
Ел ішіндегі елеулі тұлғаларды айтпағанда, қарапайым еңбек адамдары да жалған айыппен түрмеге тоғытылып, талайының өмірі қыршынынан қиылды. Уақыт өте келе сол боздақтардың есімдері ақталып, тарихи әділет орнай бастады.

Мемлекеттік қызметтің ардагері Қатимолла Ризуанов – ата-баба алдындағы адал парыздың үдесінен шығуа тырысқан ұрпақтың бірі. 1988 жылы Мәскеудің арнайы қаулысымен 30-50-жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының істерін қайта қарау жұмыстары басталғанда Қатимолла Ризуанұлы облыстық партиялық комиссияның төрағасы екен. Қуғындалғандардың кейбірі осы комиссия арқылы ақталғандығын да айта кеткен жөн. Қайта қаралған істердің нәтижесі бойынша ақталғандардың тізімі облыстық басылымдар арқылы жарияланып отырды. Сол тізімнен әкесі Ризуанның ағасы Мұхит Біләловтың да есімі табылыпты. Кейін белгілі болғандай, Мұхиттың жеке ісінде оның отбасы мүшелері жайлы мәліметтер арасында Қатимолланың да есімі бар екен.
Осылайша, Қатимолла Ризуанов алғаш рет Мұхиттың өзінің туған әкесі екенін біледі. Қарияның айтуынша, бірер жыл бұрын көкесінің рухына құран бағыштап, туғанына 130 жыл толуына орай еске алу рәсімін де өткізіпті.
– Мұхит көкеміз сөзі салмақты, ақындығы бар, ел ішінде қадірлі кісі болған. Сонысымен де, бәлкім, билікке ұнамай, «құпия тасымалдаушы» деген желеумен 1940 жылы айдалып кетіпті. Ақиқатында, Нарынның құмында жүрген адам қандай мемлекеттік құпияны біледі дейсіз?! Амал нешік, тағдыры солай болды. Оның сүйегі қайда қалғаны да белгісіз. Елге жазған кейбір хаттары өлеңмен өрілген еді, солардың бірі – «Зынданда жазылған ән» деген жырын үлкен ұлы Қафизоллаға арнаған, — деді Қатимолла қария.
Көкесін алып кеткен ауыр күннің көрінісі ағасы Қафизолланың есінде мәңгі сақталыпты. Мұхит Керторы деген атына мініп, Қарақұлақ деген итімен аңға шығып жүріпті. Бір кеште ауылға екі жендет келіп, үйін тінтіп, көкесін алып кеткен. Қарақұлақ иті артынан еріп кеткен. Ертеңіне үйге жалғыз өзі қайтып келгенде, барлығы оны құшақтап алып, «көкем қайда?» деп аңырап қалыпты.
– Биыл көктемде жолы түсіп, Астанаға барған атыраулық қаламгер Назарбек Қосшиев қала іргесіндегі Ақмол ауылына, «АЛЖИР» мемориалды музей-кешеніне барады. Музей стендіне ілінген таныс суретті байқап қалып, маған қоңырау шалды. Ізінше әлгі суретті де жіберді. Қарасам, шынында да, Мұхиттың суреті!.. Алайда көкеміздің «АЛЖИР» лагерінде болған-болмағаны бізге беймәлім еді. Бұл мәселені нақтылау мақсатында біз мемориалды кешеннің экспозициялық зерттеу бөлімінің қызметкері Бекжамал Жалғасоваға хабарластық. Ол кісі бірден іске кірісіп, аз уақыттың ішінде көкеміздің аталмыш лагерьде болмағанын дәлелдеп берді. Сөйтсек, музейге қойылған суретті 2016 жылы Мұхит көкеміздің ұлы Қабиболла ағам көзінің тірісінде жіберген екен. Біздің көкейімізде күмән болғаны рас еді, өйткені көкеміздің нақты қайда жерленгені осы күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Сол сапардағы Назарбек інімнің байқампаздығы мен музей қызметкері Бекжамал Шәрібекқызының елгезектігі және шынайы жанашырлықпен жедел көмек көрсеткеніне шын жүректен ризашылығымды білдіремін, — деді Қатимолла аға.
Бүгінде Қафизолла ағасының жеке мұрағатында Мұхит Біләлұлының түрмеден жазған хаттары, жалғыз фотосуреті мен қысқаша өмірбаяны ғана сақталған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – жай ғана рәсім емес, бұл – тарихтың шындығын көрсету. Жазықсыз жапа шеккен боздақтардың есімі ел жадында жаңғыра бермек. Өйткені олардың жанқиярлық ерлігі, қайыспас қайраты мен әділет жолындағы күресі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа аманат.
Алмас ҚАБДОЛ