ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРДЫ
Шымкентте Наурыз мерекесін тойлау онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» аталып өтті. Қала тұрғындары «Наурыз» алаңында салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды дәріптеді. «Шуақ шашқан әз-Наурыз» іс-шарасында дәстүр жаңғырып, Ұлыстың ұлы күні тойланды.
Мереке әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлерінің тілеу көже дайындау рәсімімен басталды. Одан әрі қарай Ж.Шанин атындағы академиялық казақ драма театрының өнерпаздары дәстүріміздің озық үлгілері — сүйіншілеу, сәбиге ат қою, бесікке салу дәстүрлерін көрсетті. Әзіл-сықақ және сатира театрының қызметкерлері жақсының орнына аунату жоралғысын жасады.
Бұл күні құлақ тесу, бұрымын өру, қызды оң босағаға шығару рәсімдері, опера және балет театрының қыз ұзату, беташар рәсімдері де көпшілікке ұсынылды. Ал жергілікті өнерпаздар Тәттімбет Керей, Асыл Жандәулетов әннен шашу шашып, мерекенің әрін кіргізді.
Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жалпы халықтың бойына сіңіру, ұлт құндылығын насихаттау мақсатында тағылымды іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар насихатталып көрсетілген музыкалық-театрландырылған қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.