ЕЛБАСЫ CАЛҒАН ЖАҢАРУ ЖОЛЫ

бізді биік белестерге жұмылдыруда

Қарап отырсақ, жиырма төрт жыл қас қағым сәт, десек те талай биікті бағындырып, ылғи өрлеу, өсу үстінде болыппыз. Аз уақыт ішінде елде қарқынды  инновациялық жобаларды енгізіп, қуатты зауыттарды іске қосу, халықтың әл-ауқатын көтеру арқылы ел экономикасын түзеуі – дамыған  мемлекеттерде  де тым сирек кездесетін тәжірибе. Әлемдік масштабтағы шараларға төрағалық еттік, бұл Қазақстан секілді өзге  жас мемлекетте  болған жоқ.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ұстанымы бүгінде біздің жолбасшымызға айналып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдардағы күйреп қалған шаруашылықтар, босап қалған дүкен сөрелері, елді жайлаған жоқшылық пен қымбатшылық аз уақытта еңсеріліп, халықтың тұрмысы оңалды, экономикадағы өрлеу елдің әл-ауқатын арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік меншікте, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік шаруашылықтарда ғана жұмыс істеп үйренген халық еңбекке жаңа көзқарастағы жұмысқа баулынды, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалды, «жекеменшік» деген ұғым қалыптастырылды, адамдардың жаңадан өмір сүруіне қолдау көрсетілді. Сол жылдардағы ел басына түскен қиындықтарды, кедергілерді, тапшылықтарды санап тауыса алмайсыз. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «рубль аймағындағы» елдердің қиын құрсауда қалған тұсында, инфляцияның күн санап шарықтап өсуі кезінде Қазақстан көрегендікпен жол тапты. Сол тұста Ресей Қазақстан өз ақшасын шығара қояды деп әсте күтпеген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1993 жылдың 12 қарашасында төл теңгеміздің дүниеге келуінің өзі бізді болашаққа бастайтын батыл қадам еді. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілуі, шекарамыздың айқындалуы – осының бәрі тәуелсіз мемлекет үшін аса қажет құндылықтар болатын. Міне, осындай кезеңде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс шешім қабылдап, халқын ерте білді. 

Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. ТМД шеңберінде,тіпті, әлемде десе де болады жаңа астанасы, жаңа елордасын салған тұңғыш мемлекет болдық. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің абыройы асқақтай түсті. Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.

Еліміз жастардың білім алуына да аса үлкен көңіл бөліп келеді. 1993 жылдан бері «Болашақ» халықаралық стипендиясы беріле бастады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз өзінің болашақ мамандарын даярлауда осындай белестерді бағындыра алды. Қазақ мектептерінің саны көбеюде. Мемлекеттік грант есебінен жылына бірнеше мыңнан аса жас білім алуда. Ал, «Назарбаев университетінің» есігін айқара ашуы – еліміздегі жастардың әлемдік деңгейге сай білім алуына жасалған мемлекеттік қамқорлық.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан қазақстандықтар Мемлекет басшысының көреген әрі сарабдал саясатының арқасында заман сынақтарынан тосылмай, қысқа мерзім ішінде талай тарихи оқиғаларға толы қиын-қыстау кезеңдерден өтті. Кең ауқымды, түбегейлі саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып, еліміздің іргесі бекіді, егемендігі нығайды. Парламент мемлекетімізге аса қажетті заңдар қабылдап, еліміздің ауқымды құқықтық базасы жасалды. Конституциядан бастау алған заңдардан еліміздің біртұтас заңнамалық іргетасы қалыптасты.

Қазақстан бүгінде ішкі жетістіктеріміздің, ұдайы бейбітшілікті жақтаған дәйекті саясатымыздың арқасында халықаралық жоғары беделге ие болып отыр. Ядролық қарудан бас тарту, Азиядағы өзара ынтымақтастық  және сенім шаралары жөніндегі  Кеңесті шақыру, Әлемдік діндер лидерлерінің съездерін өткізу, Тәжікстандағы, Ауғанстандағы, Ирактағы антитеррорлық күреске және бітімгершілік миссияларына қатысуы және Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының  Саммитін лайықты өткізу маңызды бастамаларымыздың, Қазақстанның тәуелсіздігінің тікелей нәтижесі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен, тәуелсіз мемлекет ретінде дамып келе жатқан еліміз осындай толайым табыстарға қол жеткізе алды.  Қазақстан тәуелсіздігінің сындарлы саясаты дүрдараздық пен қайшылығы мол әлемде ел мен елді бітістіруге, келісімге шақыруға, халықтарды жақындастыруға бағытталып отыр. Тіпті, жақында ғана таныстырылған бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бағдарламада да көптеген мәселелер көтерілгені белгілі.  Бұл – мемлекетіміздің  өркениет көшіне ілесіп, дамуын одан әрі жалғай түсетін баянды жоспар, жаңаруға бастаған жаңа қадам. Дәл қазіргі кездегі аса өзекті болып тұрған салалық бағыттар мен өзекті де, өткір тұстарды түгел қамтыған бағдарламалық құжаттарды іс жүзіне асыру  қазақстандық мемлекеттілікті нығайта түсуге жағдай туғызып қана қоймай, біздің елдің әлемдегі ең дамыған мемлекеттермен қатар тұруына мүмкіндік жасайды. Қазақстанды осы заманғы экономикалық, заманауи мемлекетке айналдырары анық.

 

Бақытгүл ХАМЕНОВА,

Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз