
Ұлттық рухтың ошағы
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы еліміздегі аграрлық саланың шынайы жанашырына айналып, Парламент мінберінен ауыл мүддесін қорғап келеді. Жуырда біз партияның Атырау облыстық филиалының бұрынғы төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының тәжірибелі маманы Қадыржан Арыстанмен осы саяси құрылымның қызметіне, қоғамдағы орнына байланысты сұхбаттасқан едік.

– Қадыржан мырза, «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған конференцияға қатысып келдіңіз. Ең алдымен, осы конференцияның ауқымы мен рухын қалай сипаттар едіңіз?
– Бұл конференцияны жай ғана мерейтойлық жиын деу аздық етеді. Бұл – тұтас бір қоғамдық қозғалыстың, партиялық күрестің, елдік мұрат жолындағы істердің есебі, алға қойған биік мақсаттарға серт беруі болды. Конференцияға еліміздің барлық өңірінен делегаттар келіп, саяси тұлғалар мен партия ардагерлері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері бас қосты.
Партия төрағасы Серік Егізбаевтың баяндамасы, тәжірибелі қайраткерлер – Әли Бектаев, Ғани Қасымов, академик Оразалы Сәбденнің ортаға салған естеліктері мен пікірлері терең ойға толы болды. Сондай-ақ партияның жастары да сөз алып, елдің ертеңі үшін қандай жұмыстар атқарып жатқандарын көрсетті. Мұндай жалғастық – кез-келген саяси ұйым үшін ең басты көрсеткіш.
– Сіз партияның алғашқы кезеңдерінен бері жанынан табылып келесіз. Ширек ғасыр ішіндегі ең маңызды тарихи кезеңдерді атап өтсеңіз.
– Әрине. Бірінші кезең – 2000 жылы партияның құрылуы. Сол кезде саяси күштің іргесін қалап, «Ауыл» атауымен шығып, таза халықтық, ұлттық сипатта болатынын жариялаған Ғани Қалиевтің тарихи рөлін айрықша атап айту керек. Бұл – халықтың шынайы сенімінен туған қозғалыс болды.
Екінші кезең – 2003-2005 жылдары «Ауыл жылдары» деп жариялануына тікелей ықпал етуі. Бұл – ауыл мәселесін ұлттық деңгейге шығару еді.
Үшінші кезең – 2015 жылғы Патриоттар партиясымен қосылуы. Бұл – жаңа күш, жаңа ресурстар мен жаңа идеологиялық кеңістік әкелді. Ғани Қасымовтың келуімен партияның патриоттық рухы күшейді.
Төртінші, ең серпінді кезең – 2023 жылғы Парламент сайлауында 10,9% дауыс алып, Мәжіліске 8 депутат өткізу. Бұл – «Ауыл» партиясының шынайы саяси күшке айналғанын көрсетті.
– 25 жыл ішінде партия нақты қандай істер атқарды? Жай ғана сөз жүзінде емес, нақты нәтижелер бар ма?
– Иә, партиямыз нақты іске ден қойды. Мысалы, 2003–2005 жылдарды «Ауыл жылдары» деп жариялау бастамасын біз көтердік. Ауыл шаруашылығына пайызсыз несие беру, «Астық туралы», «Асылтұқымды мал шаруашылығы», «Су пайдалану» заңдарының қабылдануына ықпал еттік.
2015 жылы Патриоттар партиясымен бірігудің нәтижесінде халықтық-патриоттық бағыт күшейді. Жаңа серпін алып, 2023 жылы Парламент Мәжілісі сайлауында 10,9% дауыс жинап, парламенттік партияға айналдық. Бұл – ел сенімінің көрсеткіші.
– Ал қазіргі таңда партия немен айналысуда? Мәжілісте қандай істермен көзге түсіп отыр?
– «Ауыл» партиясының Мәжілістегі фракциясы өте белсенді жұмыс істеуде. Біз сайлауалды бағдарламамызда уәде берген «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» екі үлкен заң жобасын көтердік.
Агробанк туралы заң жобасы әлі қабылданбаса да, біз ұсынған принциптер іс жүзінде іске аса бастады: банктер 5% несиемен ауыл шаруашылығына қаржы беріп жатыр. Бұрынғыдай 22–23% өсіммен несие алу азайды.
Кепілдік мәселесінде де үлкен өзгеріс болды: енді көктемгі егіс жұмыстары кезінде Үкімет шаруалардың кепілінің 85%-ын өз мойнына алады.
Салыстырып айтайын, 2021 жылы көктемгі егіске 140 млрд. теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 700 млрд. теңгеге жетті. Бұл – Парламенттегі біздің депутаттардың ерен еңбегінің нәтижесі.
– Бүгінгі конференцияда партияның жаңа бағдарламасы қабылданды. «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз» бағдарламасы нені көздейді?
– Әрине, бұл жай ғана атаулы бағдарлама емес. Бұл – бүкіл елдік идеология. Ауыл –мәдениетіміздің, тіліміздің, дәстүріміздің алтын бесігі.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды мемлекеттің даму өзегіне айналдыру. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту, инфрақұрылымды дамыту, агросекторда инновацияны енгізу, ауыл жастарын қолдау, білім, денсаулық және мәдениет салаларын көтеру сияқты нақты бағыттар қамтылған.
Саяси стратегиямыздың «Экономикалық негізінде» – аграрлық банк құру, азық-түлік қауіпсіздігін заңнамалық деңгейде бекіту, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бар. Бұл құжаттың философиясы – ауылды көтермей, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді деген түсінікке негізделген.
– Аграрлық банк және азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобалары қазір қоғамда жиі айтылып жүр. Бұл бастамалар қалай пісіп-жетілді?
– Бұл бастамалар бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – жылдар бойғы тәжірибе мен сараптаманың, жер-жерден келген ауыл азаматтарының жанайқайының жиынтық нәтижесі. Аграрлық банк дегеніміз – ауыл шаруашылығының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін, арнайы құрал.
Бүгінде екінші деңгейлі банктердің ауылға қатынасы әлсіз. Бірақ «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясы бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіп жатыр. «Агробанк» концепциясы қабылданбаған күннің өзінде, қаржы институттары 5% жеңілдетілген несие бере бастады. Бұл – тікелей нәтиже. Бұрын шаруалар 22-23% өсіммен қарыз алса, қазір жағдай басқаша.
Кепілге қатысты да үлкен өзгерістер болды. Үкімет 85% кепілдік беруге дайын екенін айтты. Бұл – ауылдағы шағын шаруа қожалықтарына үлкен жеңілдік.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі ауыл жастары саясатқа қаншалықты араласып жатыр? Бұл конференцияда жастардың белсенділігін байқадыңыз ба?
– Иә, ауыл жастарының белсенділігі жоғарылап келеді. АҚШ-та ветеринария бойынша білім алып келген Данияр Әбитаев секілді жастар ауылда үлкен шаруашылық басқарып жүр. Олар – шетелдің білімін, тәжірибесін елге алып келіп жатыр. Жастар әлеуметтік желіде ғана белсенді емес, нақты қоғамдық-саяси процестерге араласып жатыр.
Конференция барысында жаңа мүшелерге партбилеттер табысталды. Бұл да – партияның жаңаруының символы.
– «Ауыл» партиясының негізгі ерекшелігі неде деп есептейсіз? Басқа партиялардан қандай айырмашылығы бар?
– Біздің партия – идеологиясы нақты, ұстанымы тұрақты, бағытынан ешқашан айнымаған ұйым. Біз ешқашан ауылды ұмытпадық. Қиын кезеңдерде де партияның құрылымдары жұмысын тоқтатпады.
Партия тек сайлау кезінде емес, үнемі аймақтарда, халықтың арасында, күнделікті тіршілік пен проблема ортасында жүр. Мақсатымыз – аграрлық державаны құру. Бұл жай ұран емес – нақты жоспарланған, заң жобаларына сүйенген, стратегиялық бағыт.
– Атырау өңіріндегі партия жұмысы туралы айтып берсеңіз. Өзіңіз осы филиалды екі кезеңде басқарған екенсіз.
– Иә, «Ауыл» партиясының облыстық филиалы 2002 жылдың сәуір айында ашылып, тіркеуден өтті. Ол уақытта мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып жүрген едім. Сол кезеңде қалаға партияның негізін қалаушы, академик Ғани Қалиев келді. Ол маған өңірдегі партия филиалын басқаруды ұсынды. Ол кезде саяси күштің басты мақсаты – агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін шешу еді. Қай бағытта даму керек, қандай жеңілдіктер қажет, қандай салаларды қолдау керек – осы мәселелер күн тәртібінде тұрды. 2003–2005 жылдары елімізде «Ауыл жылы» деп жарияланған уақытпен тұспа-тұс келіп, шаруалар тарапынан үлкен қолдау таптық.
Өзіңіз айтқандай, 2001–2007 жылдары төраға болдым. Кейін Астанаға жұмысқа кеттім. 2016 жылы қайта оралып, партия жұмысын қолға алдым. 2024 жылдың соңына дейін филиалды басқардым.
Біздің жұмысымыз тек саясат емес, нақты шаруашылық мәселелерді шешуге арналды. Ол уақытта ауыл шаруашылығы басқармасында менімен бірге жұмыс істеген – Сырым Рысқалиев, Өркен Қапанов, Жанаділ Мұратуллин, Жәнібек Аралбаев және Гүлмира Мұратова – партияның белсенді мүшелері болды. Мен облыстық филиалды 2007 жылдың қаңтарына дейін басқардым. Осы уақыт аралығында партия жұмысына сала ардагерлері мен өз ісінің кәсіби мамандары белсенді араласты. Олардың қатарында марқұмдар Мұсабай Сағынбаев, Тәрен Біләлов, Есенгелді Нұршаев, Қайролла Бөлекбаев пен Төлеген Жасимов, қазіргі таңда арамызда жүрген ардагерлер Зұлпұхар Сүйнешов, Нәсіпқали Қонас, Ахат Тәлтенов, Нұртас Мұқтаров, Әділ-Тұрақбай Құмар бар. Олар өз салаларын жетік меңгеріп, партиялық жұмыста көп көмек көрсетті.
2007–2016 жылдар аралығында Астанада тұрып, партияның орталық құрылымдарында да еңбек еттім. Ал 2016 жылы Атырауға қайта оралып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Сол жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев партия филиалын қайта басқаруды ұсынды. Бұл ұсынысты қабыл алып, 2024 жылдың соңына дейін филиал төрағасы қызметін атқардым.
– Осы жылдар ішінде партияның қандай жетістіктеріне куә болдыңыз?
– Алдымен, партия 2016 жылдан бастап айтарлықтай серпін алды. «Патриоттар партиясымен» бірігуі, жаңа басшылықтың келуі жаңа тынысын ашты. Ауылдағы әлеуметтік мәселелерге, ауыл интеллигенциясы мен жастарын, мәдениетті, өнерді қолдауға бет бұрды. Яғни, жұмыс бағыты өзгеріп, кеңейе түсті. Соның нәтижесінде 2021 жылғы мәслихат сайлауында Атырау филиалы облыстық мәслихаттан 2 орын, аудандық мәслихаттардан 7 орын алды. 6 ауданда 7 депутатымыз болды.
– Мәжіліске өту – әр партия үшін үлкен жетістік. Сіздер үшін бұл қалай жүзеге асты?
– Иә, кез-келген партияның арманы – өз үнін Парламенттен естірту. 2023 жылғы сайлауда біз 10,9 пайыз дауыс жинап, Парламентке өттік. Атыраудан да облыстық мәслихатта 2, қалалықта 3, аудандарда 7 мандат алдық. Қазір облыс бойынша 12 депутатымыз бар. Бұл – үлкен жетістік.
– Партия ел ішіндегі нақты әлеуметтік мәселелерге араласып жүр ме?
– Әрине. Жалпы, партия үлкен жетістіктерге жетіп, парламенттік деңгейге көтерілді. Бұл «Ауылдың» ел мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өміріне ықпал ету мүмкіндігін арттырды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, асылтұқымды мал шаруашылығын қаржыландыру, агроколледждерді материалдық-техникалық жағынан жабдықтау сияқты маңызды мәселелер сәтті шешілді. Былтыр партия мүшелері өңірде су тасқынына қарсы шараларға да белсенді қатысып, белсенділік танытты. Аудандық депутаттарымыз күні-түні көмек жұмыстарында болды. Бұл – жай ғана қолпаш сөз емес, нақты іс.
Қазір мен облыстық филиалдың төрағасы емеспін. Алайда партия қатарында қалдым, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде жұмысымды жалғастырып келемін. Бүгінде партияны жаңа адамдар басқарып, жаңа мүшелер келіп жатыр. Бұл – дұрыс. Жаңаша көзқарас, жаңа тәсілдер мен идеялар керек,
– Соңғы сұрақ, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Партия қандай бағытта дамиды?
– Алдағы онжылдық – «Ауыл» партиясы үшін үлкен мүмкіндіктер кезеңі. Президент тың реформалары еліміздегі саяси алаңды баршаға ашық етті. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылды мемлекеттің басты назарында ұстауға ұмтыламыз.
Мақсатымыз – ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық, экономикалық теңсіздікті жою. Әр азамат, қай жерде тұрса да, тең құқыққа ие болуы керек. Сонымен қатар, біз ауыл мектептері, ауыл медицинасы, ауыл мәдениеті мәселелерін де басты назарда ұстаймыз. Ұлттық рухтың ошағы – ауыл. Оны дамыту – ұлттың тамырын тереңдету.
– Әңгімеңізге рақмет! «Ауыл» партиясының еліне, жеріне деген шынайы қызметі жалғаса берсін!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ